Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы жүзеге асып келеді. Негізгі мақсаты - халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту, соның ішінде: атмосфералық ауа сапасын арттыру, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен тиімді жұмыс істеу, суды тиімді және ұқыпты пайда- лану, Балқаш көлі мен Солтүстік Арал теңізінің экожүйелерін сақтау, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлері мен ихтиофаунаның санын ұлғайту, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру, жасыл екпе- лер алаңын ұлғайту, табиғат пен жа- нуарлар дүниесіне ұқыпты қарауға дағдыландыру арқылы биологиялық әртүрлілікті сақтау, сондай-ақ халықтың экологиялық санасын жаңғырту.
ЖОБАЛАР ІСКЕ АСЫП ЖАТЫР. БІРАҚ...
Бұл бағытта ауданда да біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Айталық, аудандық Жастар ресурстық орталығының «Таза табиғат» жобасы бойынша ұйымдастырылған шаралары жетерлік. Жергілікті жастарға өңіріміздің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуды үйретуді мақсат тұтқан орталық өткен жылдың наурыз айында сенбілік өткізді. Ауданымызды қоқыстан тазартып, көрікті жерге айналдыру мақсатында сенбілікке мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын қызметкерлері және аудан жастары атсалысты. «Эко акция» жобасы бойынша 15 сәуір күні ерікті жастармен ЭкоАкция өткізілді. Яғни қаламыздағы “Бабаларға тағзым” алаңы маңындағы жағалауға 100 түп тал отырғызу жұмыстары жасалды. Мұндай шара күзде де жалғасып, 13 қараша күні Жастар ресурстық орталығы мен жас еріктілер бірлесіп, аудандық «Тал егу» акциясын ұйымдастырды.
«Таза жағалау» жобасы бойынша өзен жағалауының экологиялық ахуалын жақсарту, жас ұрпақты туған өлкенің табиғатына сүйіспеншілікпен әрі ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеу мақсатында Қамыскөл жағалауын тұрмыстық лас қалдықтардан тазалау жұмыстары жүргізілді. 30 маусымда аудандық Жастар ресурстық орталығының қолға алуымен "TRASHTAGATYRAU" акциясы өткізілді. Ұйымдастырылған акцияға белсенді жастар, еріктілер және «Жасыл ел» сарбаздары қатысты. Акция барысында қаламыздағы жағалаулар қоқыстан тазартылды.
Мұндай игі бастама биыл да жалғасын тапты. Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында аудан аумағында жаппай сенбілік ұйымдастырылып, бұл ерікті іс-шара Наурыз мерекесінен кейін де жалғасын тапты. «Таза табиғат» экологиялық акциясы аясында жалпы аудандық сенбілік ұйымдастырылды. Өткен жылдары ТШО демеушілігімен Қамыскөл көлінің арғы бетіндегі алқапқа тал отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл биыл да өз жалғасын табары анық. Бірақ, қоршаған ортаны қорғау мәселесі сенбілік өткізіп, көшеттер отырғызумен шешілмейтіні анық.
Одан да бөлек аудан көлемінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Көріп отырғанымыздай, жалпы халық, соның ішінде, жастар туған жерінің табиғатына жаны ашиды. Сол үшін де қолынан келген шараларды ұйымдастырып, түрлі жұмыс атқарып жатыр. Бірақ, өндірісі өркендеген өңірдің өзекті мәселесіне айналған экологиялық ахуал мұнымен сауығып кетпейтіні белгілі. Өйткені, ауданның ахуалы мәз емес. Теңіз кенішінен ауаға таралып жатқан улы газдар мен «выбростың» өзі өлкенің экологиялық жағдайын соңғы жылдары нашарлатып жібергені жасырын емес. Сол себепті де өңірде қоршаған ортаны қорғау халықтың басты бас ауруына айналды.
Әрине, жақсы өмір сүру үшін адамға, ең алдымен, денсаулық керек. Бірақ, бізде қан қысымының көтерілуі, инсульт, инфаркт, тыныс алу жолдары аурулары, онкологиялық асқынулар көбейіп кетті. Мұның барлығын қарапайым халық тікелей экологиялық ахуалдың нашарлығынан деп түсінеді. Өйткені, еліміздің көптеген аумағына қарағанда Атырау қаласы мен Жылыой өңірінің табиғатында, атмосфералық ауасында өзгерістер баршылық. Осы мәселені жете түсінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлетіп, тиісті тапсырма беріп, заңнамаға енгізді. Жоба жақсылап жүзеге асса, еліміздің экологиялық ахуалы реттеледі деп күтілуде. Демек, бұл – біздің өңір үшін аса қажетті құжат.
ҰЛТТЫҚ ЖОБАНЫҢ ҰТЫМДЫ ЖАҚТАРЫ
Иә, Атырау мен Алтайдың, Арқа мен Алатаудың арасындағы ұланғайыр жеріміз өзге елдер ал - дында мақтаныш болғанымен, ішінде түтінге, улы газға тұншыққан даламыздың жағдайын несіне жасырайық. Арал теңізі жойылып бара жатса, Жайықтың жағдайы оңалмай тұр. Ба - тысым мұнай мен газдан бөлінген қалдыққа тұншықса, Семейдегі полигонның зардабы әлі күнге дейін зиянын тигізуде. Алматының төбесін торлаған түтін де дабыл қағатын мәселе. Айта берсек, тағы көп. Осының бәрінің алдын алу – тек биліктің емес, баршамыздың міндетіміз. Енді 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын осы «Жасыл Қазақстан» жобасының негізгі 4 бағытына тоқталайық. Бұл туралы сол кездегі экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев былай деген еді:
-Бірінші бағыт – «Таза Қазақстан» атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздегі су нысандарының экожүйелерін сақтау сынды негізгі экологиялық проблемаларды шешуге ықпал етеді. «Үнемді Қазақстан» бағытында табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануға ден қойылады. Бірінші кезекте, бұл су ресурстарына және экономиканың энергия сиымдылығын төмендетуге қатысты. «Табиғат» бағытының мақсаты – биоалуандықты сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту. Төртінші бағыт – «Эколо - гия болашағы» халықтың экологиялық білімі мен мәдениетінің деңгейін арттыруға арналған.
Әр бағыт бойынша мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші деңгейдегі құжаттарымен, сондай-ақ, БҰҰ Орнықты даму мақсаттарымен өзара байланыстылығы айқындалған. Мәселен, тұрақты дамудың 17 мақсатының ішінде бұл жоба жеті мақсатты іске асыруды көздейді. 11 тапсырмадан тұратын 19 көрсеткіш және 48 іс- шара белгіленген. Жобаны іске асыру халықтың нақты табысын арттыруға, жалпы ішкі өнімді 231 млрд теңгеге ұлғайтуға ықпал ететін болады. Ұлттық жобаны іске асыру есебінен 60 мыңға жуық жұмыс орны құрылады.
Ластанудың жоғары деңгейі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметімен және электр станцияларында көмірді жағумен байланысты екені жасырын емес. Осы проблеманы шешу үшін ауаның жоғары ластануы бар 10 қалада 5 жыл ішінде 16 ірі өнеркәсіп кәсіпорнындағы шығарындыларды 20%-ға қысқарту болжанып отыр, -деді бұрынғы министр.
Иә, экологиялық ахуалдың адам денсаулығына әсері өте көп. Мысалға, атмосфераның ластануынан ауданымызда жыл сайын сал ауруымен туатын балалар саны көбейіп келеді. Статистикаға қарасаң, жағаңды ұстайсың. Бұрын ілуде бір кездесетін дерт неге қазаққа үйір болып алды. Сондықтан, онсыз да улы шикізатпен ластанып жатқан қоршаған ортаны қорғау мәселесін жоғарыдан бұйрық күтпей, халық болып ойласатын кез келді. Ол үшін әр тұрғын табиғатты аялап, қоқысты көшеге тастамай, айналасын таза ұстаса және барынша пластикалық бүйымдардан бас тартса, құба құп. Өйткені, тұрғындар арасында табиғат аясында демалысқа шыққаннан кейін қоқыс қалдықтарын далаға тастап кете беретіндер әлі де азаймай тұр. Соның ішінде пластикалық қоқыстар да жетерлік. Қайта өңделмеген пластикалық қалдықтың табиғатқа зияны орасан зор.
Ерназ АЛТАЙҰЛЫ