Жылыойлық кәсіпкерлер тегін маска тігуді қолға алды

Қазір тігін машиналары барлар ерікті түрде жұмыс жасауда.

Ауданның кәсіпкер қыз-келіншектері маска тігіп, тегін таратуды жоспарлап жатқанын естіп, осы игі істі қолға алған бастамашылардың бірі бизнес-тренер Алтынгүл Атабаеваға қоңырау шалған едік. Ол еріктілердің жұмысына кәсіпкерлердің ортақ чатына жазған әлдебір қыздың үндеуі түрткі болғанын айтты.

Бұдан соң «Атамекен» Ұлттық кәсіпкер палатасы директоры Ерболат Төлендиев кәсіпкерлерге осы идеяны жүзеге асыруға ұсыныс жасайды. Әп дегеннен құп алған пысық қыз-келіншектер дереу 20-30 мыңнан қаржы жинап, енді біреулері базардан материалын алып, ғимарат тауып, ерікті тігіншілердің басын қосып, мынандай төтенше жағдайда қат нәрсе – маска тігудің қосынын ұйымдастыра қойды.

-«Солнышко» дүкенінің иесі Жанна апай өзінің бос тұрған екі бөлмелі нысанын еріктілерге маска тігуге ұсынды. Дәл осындай уақытша тігін орны орталықтағы «АКА принт» ғимаратында бар. Қазір тігін машиналары барлар ерікті түрде жұмыс жасауда. Кәсіпкерлерден бөлек қолдау көрсеткендердің қатарында «Дарын» лицейінің 8 «а» сынып оқушылары ата-аналары бар әрі олар еріктілер де. Бұдан басқа «Жас ұрпақ құрылыс ЛТД» мекемесі ғимаратында өз қызметкерлерімен бірге кәсіпкер Ақмарал Халелова, мұғалім Жанаргүл Шарғабаева өз үйінен маскалар тігіп, зәру заттың орнын толтыруға, сол арқылы тұрғындардың індеттен қорғануына қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей көмектесуде, - дейді Алтынгүл Атабаева.

Сонымен қатар, аудандық әкімшілік үстелдермен, №9 мектеп те үстел-орындықтармен әкеліп беріп, еріктілер жұмысына жәрдемдескен. Ал еріктілер дайын болған маскаларды алдымен төтенше жағдайда жұмыс орындарында қызметін жалғастыратын балабақша тәрбиешілеріне, мемлекеттік қызметкерлерге және әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға және мүгедектерге таратуды ұйғарып отыр.

С.МҰРАТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT