Жылыой ауданында жаңа әкім тағайындалды

Осы аптада ауданымызға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев іссапармен келді. Ол аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен жиналыс өткізді.

Облыс әкімі аудандық мәслихат депутаттарына басқа жұмысқа ауысуына байланысты лауазымын босатқан Алимұхаммед Құттұмұрат-ұлының орнына жаңа аудан әкімінің кандидатурасын ұсынды. Аймақ басшысы А.Құттұмұрат-ұлына атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, жаңа қызметінде табыс тіледі. Сондай-ақ, депутаттарға ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген жаңа аудан әкімі Азамат Бекеттің кандидатурасын таныстырды. Аймақ басшысы Азамат Бауыржанұлының мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылғы еңбек өтілі бар екенін атап өтті. Осыған дейін Азамат Бекеттің өмірде, қызметте жинаған тәжірибесі оған жүктелген міндеттерді лайықты атқаруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Мәслихат депутаттары кандидатураны бірауыздан қолдады. Ауданымыздағы қоғамдық ұйым өкілдері Асылбек Шыңғысов, Жарылғасын Байжановтар Алимұхаммед Құттұмұрат-ұлының атқарған жұмысына ризашылығын білдіріп, жаңадан тағайындалған аудан әкіміне сәттілік тіледі. Аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов Алимұхаммед Құттұмұрат-ұлына аудан халқының атынан ризашылығын білдіріп, алғысхат табыс етті.

Жаңадан тағайындалған аудан әкімі Азамат Бекет – жоғары білімді, Қазақ мемлекеттік-құқықтық университетін (құқықтану), Экономика және құқық академиясын (қаржы) бітірген. Құқық қорғау саласы мен жергілікті атқарушы органдарында еңбек еткен. 2004-2013 ж.ж. ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде қаржы полициясы болып қызмет атқарған. Астана, Алматы қалаларында, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменттерінде еңбек етті. 2013-2016 жылдары Батыс Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы болды. 2016 жылдың 11 мамырынан осы уақытқа дейін Атырау облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымын атқарды.

Қ.ДҮЙСЕНБЕТОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521