Іс-шараға аудан әкімі Х.Жамалов қатысып, жылыойлықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
«Құрметті аудан тұрғындары! Қадірлі жерлестер! "Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз қашан да дана халқымыз үшін еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмеген бірліктің, ынтымағы ажырамаған ырыстың символы ретінде танылып келген. Табиғат түлеп, жаңарған сәтте есіктен енетін ақ пейіл мен мол татулықтың мерекесі ретінде қазақпен біте қайнасып келе жатыр. Ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңейетін кезеңі - наурыз мейрамы құтты болсын! - деді.
Мерекеге орай, "Кең Жылыой" мәдениет үйінің өнерпаздары тұрғындарға арнап театрландырылған қойылым ұсынды. Алаңға киіз үй тігіліп, қолөнер шеберлерінің және ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, ұлттық ойындардан сайыстар өтті.
Айта кетейік, Жылыой ауданы аумағында Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесін тойлау 18 наурыздан бастау алып, 20-ға жуық ұлттық нақыштағы үйлер тігіліп, қала, кент және ауылдық округтерде тұрғындарға салтанатты шаралар өткізілді.