Жылыой ауданында алғаш рет «Оi alany» конференциясы өтті

Жақында «Жылыой кәсіпкерлері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ауданымызда алғаш рет «Оi alany» конференциясы өтті.

«Нұрасыл» мейрамханасында өткен конференцияның ашылуында жобаға қолдау көрсетуші «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сайлаубай Таласов жаңа бастаманы ұйымдастырушыларға сәттілік тіледі. «Жылыой кәсіпкерлері» қоғамдық бірлестігінің директоры Қуаныш Аязбаев конференцияның мақсатымен таныстырды. Конференцияны «Оi alany» жобасының авторы Алтынгүл Атабаева жүргізіп, «Комфорт аймағы тек ми ішінде» тақырыбында өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті.

«Бір шектеу келесі бір мүмкіндікке жол ашты» тақырыбында сөйлеген Берекет Ақжігітов мүгедектіктің адамның жетістікке жетуіне кедергі келтіре алмайтынын жеткізді. «Мұнайға тәуелсіз болу» тақырыбында кәсіпкер Нұржамал Қаламғалиева өз ойын айтты. Ол өз сөзінде елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамыту, экономикалық тұрақтылықты қалыптастыратын атап өтті.

Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Серік Қамидолла «Ажырасу – қоғам дерті» тақырыбында жастардың арасындағы ажырасу мәселесіне орай мысалдар келтірді. «Кредитсіз мақсатқа жетуге болады» тақырыбында сөйлеген асаба Нұрлыбек Оңғарбаев қазіргі кезде қолыңнан келетін істі кәсіп етіп, несиесіз де баспана салып, көлік алуға болатынын айтты. Конференцияға қатысушылар спикерлерге сұрақтар қойып, жауап берілді. Соңында спикерлерге ұялы телефон арқылы дауыс берілді. Нәтижесінде Нұрлыбек Оңғарбаевтың ойы көпшіліктің қолдауына ие болып «Үздік спикер» номинациясын жеңіп алды. Конференцияны қорытындылаған Қуаныш Аязбаев осы жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «AKA Group» жарнама агенттігі, «Розы Кульсары» компаниясы және «Нұрасыл» мейрамханасының иесіне ризашылығын білдірді. Конференцияға қатысқан барлық спикерлерге ұйымдастырушылар атынан алғысхаттар табыс етілді.

Қ.Дүйсенбетов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521