Жылыой ауданында 38,9 тонна мал азығы дайындалды

Қазақта «Қыс шанаңды жаз сайла» деген мәтел бар. Бұл алдағы аязы ақырған, бораны ызғыған суық айларға дайындықты ерте бастан қолға алып қамсыз қалмаңыздар деген мағынада.

Сондай-ақ, халқымызда «Қылышын сүйретіп қыс келеді» деген де сөз бар. Қысқа дайындалмаған, қыстаққа түсетін малына жылы қора, мая-мая шөп, қап-қап жем әзірлемеген шаруаны қыс айы да аяп қалмасы анық. Сондықтан қысқы мал азығын дайындау- маңызды науқан боп саналады. Ауданымызда ауыл шаруашылығы саласы мамандары мен жекелеген шаруа қожалықтары бүгінде қауырт жұмыс үстінде. Бұл науқан қалай өтуде? Біздің тілшіміз аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне осы сауал төңірегінде хабарласқан болатын. Бұған бөлімнің бас маманы Анаргүл Жанаева жауап берді.

Бас маманның айтуынша, биылғы 2022 және алдағы 2023 жылдардың қыстағына ауданымыздағы шаруашылықтардағы барлығы 21767 бас мүйізді ірі қара,  76124 бас қой-ешкі, 10322 бас жылқы, 9194 бас түйе малы  түседі деп жоспарлануда. Аудан бойынша  төрт түлік малға 57 900 тонна қысқы мал азығы қажет. Өткен жылдан қалған қалдық шөп те бар екен. Оның көлемі - 2860 тн.

Биылғы жылы 55 040 тн ірі сабақты мал азығын  дайындау жоспарланған еді.

Көктемде ауданымыздың аумағына  Жем өзені суының мөлшері жылдағыдан көп келді. Жер суға кенеліп, шөп те бітік шықты. Жаз айында  жер бедері жасыл кілемдей жайқалып жатты. Табиғаттың берекесін аямай төккендігін шаруалар да тиімді пайдалануда. Осыған байланысты  аудан көлемінде мал азығы дайындау науқаны  қауырт жүруде.

Күні бүгін қысқа қажетті мал азығының 38,9 мың тоннасы, яғни 70 пайызы дайындалды. Өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда бұл 99,3 пайызды құрайды.

Сонымен қатар шөп тасымалдап, сатумен айналысатын жеке кәсіпкерлер ауданымызбен көршілес Қызылқоға, Байғанин, Ойыл, Темір аудандарынан және Батыс Қазақстан облысынан текше шөп пен орама шөп тасымалдануда.

Осындай қызу дайындық жұмыстарына қарап, жылыойлық шаруалар қыстан қысылмай шығады деген болжам бар.

 

 

Ш.МҰХТАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521