«Жылыой аруы – 2018»

Ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына орай өткен аптада «Жылыой аруы – 2018» сұлулық байқауы ұйымдастырылды.

Көрермендерді әсемдіктің әлеміне енгізген байқау жоғары деңгейде өтті. Зал халыққа лық толы. Көрермендер сұлу қыздарды көруге асықса, әділқазы мүшелері жеңімпаздарды анықтауға сақадай сай дайын отыр.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрбай Сүйембаев бастаған қазылар алқасында биші-хореограф Мағрипа Шегенбаева, Шәймерден Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейінің маманы, режиссер Кәмшат Тоғаева, әнші Ерғанат Жұмағалиев, Жылыой халық театрының жетекшісі Назгүл Жиенбаевалар болды. Сахна шымылдығын әнші Асқар Қоңыров ашып, қыздарға арналған ән шырқады. Осы кезде он үміткер ару да әсемдікті, нәзіктікті бейнелейтін композициялық қойылымды көрсетті. Іле шала конкурстың тізгінін ұстаған жүргізуші жігіттер шығып, қатысушыларды әнмен таныстырып шықты. Байқаудың екінші кезеңі бойынша аруларға салт-дәстүріміз, ауданның тарихы мен осы жерден шыққан танымал тұлғалар жөнінде сұрақтар қойылды. Бұл кезең қыздардың сұлулығымен қатар білімін тексеруге мүмкіндік берді.

Екінші кезең бойынша арулар өз өнерлерін көрсетуі тиіс. Байқаудың қызған тұсы да осы кез болатын. Бірінші үміткер Әлия Нұрова жауынгер қыздың образына еніп, «Мәншүктің монологын» оқыды. Ал киіктің лағындай сүйкімді қыз Динара Бекболатқызы көпшілікке ой салар «Уақыт» деген өлең оқып берді. Қолына үкілі қара домбырасын ұстап шыққан Динара Есенова «Әлқиссаны» төгілтіп, көпшіліктің делебесін қоздырды. Он саусағынан өнер тамған келесі ару Наргиза Бақтиярова сол бойда бисер мен моншақтардан тәж тігіп, өзінің қолөнер шебері екенін дәлелдеді. Бір қызығы, Наргиза бұл өнер түрімен айналысып отырып, өлеңді де оқыған болатын. Келесі ару Гүлсезім Бурабекова поэзиясүйер қауымның жүрегін дір еткізгендей болды. Ол ақын Т.Молдағалиевтің «Өмір кейде» өлеңін аса шеберлікпен оқып, жоғары деңгейден көрінді. Қараторының әдемісі Ақтолқын Русланова есімді үміткер өзгелерден оқ бойы озық шығып, бірден қос өнерді көрсетіп шықты. Қазақтың халық әні «Әдемі қызды» орындап тұрып, қазақ қызының суретін салды. Барлығына ерекше әсер сыйлаған Ақтолқынға барлығы «Жарайсың» деп жатты. Ал Айнұр Тасымова «Сәби бақыты» әнін шырқағанда, көпшілік көзіне жас алды. Тастанды жетім балалар жайындағы бұл әнді ол керемет орындап, көмейіне бұлбұл ұялаған талантты қыз екенін көрсетті. Келесі болып өнер көрсеткен сұлулар Данагүл Қыдырбаева «Айт енді», Айнагүл Қожабаева «Жүрекке жылу» әндерін заманауи түрде орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл күні би өнері де байқаудан тыс қалмады. Шара Жиенқұлова, Гүлжан Талпақова сынды майталмандардың ізінен еріп келе жатқан Диляра Мұхамбетова «Қыз ару» биін мың бұрала биледі. «Биде тiл жоқ, онда тек әдемi қимыл ғана бар» демекші, ойды тілмен емес, қимылмен жеткізген Диляра байқауда сөзсіз дараланды.

Төртінші кезеңде сән шеруі болды. Барлық қатысушылар оралдық «Мәрия ханым» сән үйінің дизайнерлік киімдерін киіп шықты. Бірінен соң бірі дефилені жүріп өткен үміткерлерге тамсанбаған жан болмаған шығар, сірә! Бұл арулардың сымбатын паш еткен, олардың жүріс-тұрысын, мәдениетін айқындаған шешуші кезең болатын. Сөйтіп байқау қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды. Бас жүлдені жеңіп алған Диляра Мұхамбетова «Жылыой аруы – 2018» атанды. Жүлделі 1-орынды Гүлсезім Бурабекова, 2-орынды Динара Есенова, 3-орынды Айнұр Тасымовалар иеленді. Барлық қатысушылар алғысхаттармен, сыйлықтармен марапатталды.

П.ҚИЗАТОВА, арнаулы тілшіміз.

Суреттер: Ә.ДӘРМЕНОВАНІКІ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521