Жылыойға сүт фермасын салу керек

Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов бекітілген кестеге сәйкес тұрғындармен кездесуін жалғастыруда. Бұл жолы ол Жаңа Қаратон тұрғындарымен жүздесіп, кент ішінде атқарылған және алдағы уақытта жүзеге асатын жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ аудан басшысы кездесуге қатысушылардың көкейінде жүрген сан түрлі сауалдарды тыңдап, қойған сұрақтарына жауап берді.

Кенттегі №23 жалпы орта білім беретін мектеп ғимаратында өткен кездесуге дербес бөлімдер басшылары және мекемелер директорлары мен жауапты өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Кездесуді аудандық мәслихат хатшысы Сайлаубай Таласов ашып жүргізіп отырды.

Жаңа Қаратон кентіндегі өзекті мәселелермен біз таныспыз. Сол түйткілдерді шешу үшін біз кент әкімінің ұсынысына сай жоспар жасақтаған болатынбыз. Кентте 7/2 шақырым көше жарықтарын жүргізу жұмыстары басталды. Жобаның құны – 216 млн теңгені құрайды. Бұл жұмыстар қараша айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Алайда, нақты мәресіне жетер уақытын сіздерге тағы да айтатын боламын. Сондай-ақ кентте қазіргі таңда 33/4 шақырым автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жүріп жатыр. Аталған жұмыстардың бәрі де өздеріңіздің көз алдарыңызда жүзеге асуда. Жол салуды жергілікті «Казкомсервис» ЖШС іске асыруда. Құны – 3 млрд теңгеден астам. Қазіргі таңда 2 млрд-қа жуық қаражат игерілді. Жалпы, жұмыстың 90 пайызға жуығы аяқталды. Жол құрылысын жүзеге асырушы мекеме өз жұмыстарын уақытында аяқтағысы келгенімен, тек біздің ауданымызда емес, Қазақстан бойынша битумның жетіспеушілігі қолбайлау болып тұр. Көп уақыттан бері халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселенің бірі – кәріз су айдау стансасының құрылысы.  Бүгінгі таңда аталған жұмыстың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын тұр. Енді, кәріз су айдау стансасының құрылысын қаражат болған жағдайда 2023 жылы қолға алғалы отырмыз. Ескі Қаратон жақ бетіндегі кәріз суы тұрбалары ауыстырылатын болады. Болашаққа жоспарлаған жұмыстарымыз бен іс-шараларымыз мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Ендігі жоспар «Қорқыт ата» көшесіне футбол алаңы мен балалар ойын алаңын салу. Жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Одан бөлек, 20 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу да жоспарда бар. Сонымен қатар, кенттегі барлық тұрғындардың игілігі үшін орталық саябақ салуды көздеп отырмыз. Жиын басында айтқанымдай қазіргі таңда Жылыой ауданының 5 жылдық даму жоспары жасақталу үстінде. Дәл осы жоспарда біздің ауданымызға ең керекті деген нәрселердің бәрі де қамтылуда. Бұған дейінгі кент және ауылдық округ әкімдерінің тұрғындарымен өткен кездесуінде халық тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріліп, ауданның 5 жылдық даму жоспары соның аясында жасақталып жатқанын айтып өткім келеді. Аталған жоспар облыс әкіміне қарасты басқармалар басшыларының алдынан өтіп, екі басқарманың келісімін алу қалды. Тиісті жұмыстар аяқталған соң аудан әкімімен жоба бекітілетін болады,- деп өзінің баяндамасын аяқтаған аудан басшысы сөз кезегін өздерінің ой-пікірлерін ортаға салу үшін жиынға қатысушыларға берді.

Аудан әкіміне алғаш болып сұрақ қойған кент тұрғындарының бірі Жаңа Қаратонда 100-ге жуық жүк көліктері барын айтады. Жасаған жолды бүлдіріп, артынан шаңы мен түтіні будақтап ауаны ластайтын жүк көліктерін кент ішіне кіргізбей, шеткері жерден лайықты бір орын беруді сұрайды. Оның айтуынша, ол бұл мәселені тек осы жолы ғана емес, бірнеше жыл бойы қозғап келеді екен. Тиісті орган қызметкерлеріне де, бұған дейінгі әкімдерге де барып айтқан. Алайда еш нәтиже шықпаған. Ақсақалдың екінші тілегі- жаз мезгілі басталса халықтың сергіп, демалып, суға түсетін орны Қамыскөл көлінің жан-жағын қоршап, абаттандыру, жасыл-желек отырғызу болды. Табиғат жанашыры ретінде осы істі дереу қолға алса дейді. Жыл өткен сайын табиғи және адами факторлардың әсерінен айдыны құрғап, құрып кетуге айналған көлге жағдай жасасақ, аялап ұстасақ деген ұсынысын да жеткізді. «Мені толғандыратын тағы бір мәселе – аудандағы ауыл шаруашылығының жайы. Біздің ауданға сүт фермасын салу керек. Қазір халық көршілес аудандар мен облыстардан келетін қаймақ пен айранды, Башқұрт елінен келетін қымызды ішіп, тұтынып отыр. Жылыойда не көп, төрт түлік көп. Мыңдаған ірі қара бар. Түйенің, сиырдың, жылқының сүті денсаулыққа аса пайдалы. Өзіміздің аудан шекарасындағы шаруалардың мыңғырған ірі қараларының сүтімен барша Жылыой халқын асырауға болады. Таза, пайдалы өнімге халықтың қолы жетпей отыр. Қашанғы өзгеге алақан жайып отырамыз? Халық Үкіметке қарап ауыздарын ашып отыра бермей, ата кәсіпті жандандырып, өз күндерін көру керек»,- деп пікір білдірді ол.

Тұрғындар көтерген келесі мәселе – Құлсары мен Жаңа Қаратон кенті арасына қатынайтын қоғамдық көліктердің жүріс-тұрысы. Бүгінде кенттегі тұрғындардың басым бөлігі аудан орталығында бес күндік қызметте жұмыс істейді. Таң елең-алаңмен жұмысқа асығатын олар қоғамдық көліктің ең алғашқы рейсіне үлгеріп, жұмыстарына кешікпей жетеді. Ал үйлеріне қайтар уақытта соңғы рейске үлгермей қалып жатады екен. Сондықтан жергілікті халық өкілдері қаладан кент бағытына қатынайтын соңғы рейстің уақытын кешкі сағат 19.00-ге дейін ұзартса дейді. Қоғамдық көліктер тасымалы қызметін атқаратын «Батыстехинвест» мекемесінің өкілі болса халықтың сұранысы бойынша автобустардың бағыты мен уақытын өзгертуге мүмкіндік барын айтады.

Шамқұлов Бағытжан есімді тұрғынды аудандағы ауыл шаруашылығы саласының өзегі – Жем өзенінің жайы алаңдатып отыр. «Бірнеше жылдан бері арнасы құрғап, аңқасы кеуіп тұрған табиғи байлығымыз, ата кәсібіміздің тірегі – Жемнің арнасы тасып, биыл су молынан келді. Ал келер жылы судың келу мөлшері қалай болады? Мал жайылатын шабындықтардың жағдайы қалай болмақ? Бұл мәселеге бас қатырып жатқан жауапты адамдар бар ма?» - деді ол өз сөзінде. Тұрғынның сұрағына аудан басшысы Жұмабек Қаражанов: «Өзіңіз айтып отырғандай, биыл аудандағы су айдындарына су мол келді. Судың жеткілікті келуі жергілікті шаруаларға, мал мен егінге қолайлы болғанымен, біз мәселенің екінші жағын да ойлауымыз керек. Бәріңіз білесіздер, биыл көктемде судың көп келуі салдарынан Құлсарыдағы тұрғын үйлерге үлкен қатер төнді. Қаланы су басу қаупі орын алды. Ендігі, кезекте біз халыққа қауіп төнбейтіндей жағын да қарастыруымыз қажет»,- деп жауап берді.

Жылыойлықтардың мұңына айналған өзекті мәселенің бірі – жұмыссыздық. «Теңізшевройлдай» алпауыт компанияның қақ іргесінде отырып, балаларымыз, ауданның жергілікті азаматтары тұрақты жұмысқа кіре алмайды. Ең бірінші кезекте жұмыстан қысқарып жатқан да өзге өңірдің емес, осы ауданның азаматтары. Осы мәселеге орай, кент тұрғыны «Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында баламның жұмыссыз азамат есебінде тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Орталыққа барсақ 6 ай, әрі кетсе 1 жыл жасайтын маусымдық жұмыстарға жолдама береді де, Теңіз кенішінен тұрақты жұмысқа орналаса алмай жүр. Қазір азық-түлік, киім-кешектен бастап халық тұтынатын өнімдердің бәрі қымбат. Арзан ештеңе жоқ. Күнін әрең көріп отырған отбасылар бар. Жаппай  халықты жұмыспен қамты демеймін, ең болмаса бір үйден бір адамды табысы жақсы жерге орналастыруға жұмыстануға болады ғой»,- деді тағы бір кент тұрғыны. Бұл сауалға аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Сандуғаш Құрманғалиева жауап берді.

Жылыой халқының бәрін Теңіз кенішіне жұмысқа орналастыру мүмкін емес.  Алайда біз жұмыс сұрап келген азаматтарға өз нұсқамызды айтып, Құлсары қаласының ішіндегі мекемелерге кіруді ұсынамыз. Ал көпшілігі бұл ұсынысымыздан бас тартады. Тепсе темір үзетін азаматтар жұмыс талғайды, - деді ол.

Жылыой әкімінің халықпен кездесуінде жоғарыда атап  өткен мәселелерден бөлек, экология, жарықтандыру, жол салу, балалар ойын алаңына жарық шамдар орнату жайлы өзекті мәселелер де қозғалды. Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов  жақында Жылыойға облыстық экология департаментінің басшысы келгенін айтып өтті. Нәтижесінде, тек Жылыой ауданының өзіне жауапты бір өкіл облыстан тағайындалған көрінеді. Одан бөлек, табиғатты қорғап, аудан аумағын  таза ұстау үшін үйден шыққан құрылыс қалдықтарын, бекітілген орындағы қоқыс полигонына тегін апарып төгуге халыққа жағдай жасалған.Соған қарамастан тұрғындар қоқысты кез -келген жерге төгеді. Өйткені жоғарыдан түсірілген аэротүсірілім арқылы заңсыз төгілген құрылыс қалдықтары көптеп анықталған.

Кездесу аяқталған соң аудан әкімі кент тұрғындарына арнап жеке қабылдау өткізді.

 

 

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521