Қан майданда қаһармандық танытып, зұлым жауды жер жастандырған жауынгерлер қатарында қазақ халқының ұл-қыздары да болғаны мәлім. Олар батыр бабаларының жауынгерлік рухына сай батыл, теңдесі жоқ ерлік істерімен дүние жүзін таң қалдырды. Соғыс жылдары «Правда» газетінде жазушы Илья Уренбург «Қазақтар» атты мақаласында: «Бір фриц маған: „Бізге қарсы қайсар солдаттар соғысты — оларды ешқандай оқ тоқтата алмады, олар тура бізге қарай жүгірді. Кейіннен маған бұлардың қазақтар екенін айтты. Мен бұрын мұндай халықтың барын білмеуші едім“ — деді».
Иә, жауын жеңіп, туған халқының абыройын асырып, даңқ қосқандар қатарында мұнайлы өлке Жылыойдың ер жүрек ұландары да аз болған жоқ. Соның бірі — І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», «Гвардия» ордендерінің иегері Шынықұл Иманбаев.
Шынықұл Иманбаев – 1920 жылдың қаңтар айында сол кездегі Жылой ауданы, Ақкиізтоғай ауылында дүниеге келген. Өзінің туған ауылында жеті кластық білім алып, еңбекке ерте араласады. «Ворошилов», «Молотов», «Амангелді» колхоздарында есепші болып жұмыс істеді. Ұлы Отан соғысы басталғанда ол қанды көйлек жолдастарымен бірге фашист басқыншыларына қарсы шайқасты. 1942 жылдан басталған жауынгерлік жорығы І Украин майданының 58-атқыштар дивизиясының 170-атқыштар полкінің құрамында басталып, шайқастарда шыңдалды. Жараланса да жасымай сарбаздар сапына қайта қосылды. Жылыойлық мықты сарбазға әскери қолбасшылық бөлімше командирлігін сеніп тапсырды. Әсіресе, жауды еліміз шекарасынан әрі қуып тастаған сәт жас жауынгердің бойына ерекше рух берді. Сөйтіп Шығыс Европа қалалары - Прага мен Варшаваны азат ету жолында ерекше көзге түсті. Ол өзі басқарған бөлімшені әрдайым жеңіс жолына бастап отырды. Сөйтіп Европа елдерін азат ету жолында Шынықұл жанқиярлық ерліктер жасады. Оның ерлігі сол кездегі майдан газеттерінде жарыса жазылды.
Айталық 1945 жылдың 12 қаңтарында Польшаның Ракув елді мекені маңында өзіне бекітілген жаудың мықтап бекінген қамалына тайсалмай қарсы тұрып, сарбаздарды миналанған алаңнан алып шықты. Сөйтіп қол бастаған жылыойлық жаужүрек жауынгер жау ұясына тұтқиылдан тап беріп, жекпе-жек ұрыста талай фрицті жер жастандырды. Сол ұрыста немістің жиырма жаяу әскерін тұтқындап, төрт пулеметті қолға түсірді. Осылайша Шынықұл Иманбаев бастаған бөлімше ерен ерлігімен есте қалды. Ол осы жанқиярлық ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Ұлы Отан» соғысы орденімен наградталды. Дәл осы батырлығы күні бүгін Ресей Федерациясының «Подвиг народа» сайтында сақтаулы. Басқа да ерлігі аз емес. Сол үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Гвардия», «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 ж.ж. ҰОС Германияны жеңгені үшін» медальдарын иеленді.
«Қырық жыл қырғында ажалды өледі» дегендей, Жылыойдан шыққан батыр соғыстан аман-есен елге оралды. Туған жері Ақкиізтоғай ауылындағы шаруашылықта есепшіліктен бастап, бригадир, ферма меңгерушісі, совхоз директорының орынбасары, директор ретінде еңбек етті. Құлсарыда 1960-1961 жылдары аудандық аутком қызметін атқарды. 1963 жылы облыстық партия комитеті Маңғыстаудың жеке облыс болып ашылуына байланысты Шынықұл Иманбаевты Бейнеу поселкесінің кеңес төрағасы етіп тағайындады. Мұнда ол ұйымдастыру қабілетімен көрініп, Бейнеу шағын разъезін үлкен поселкеге айналдырды. Тұрғын үйлер, мектеп, балабақша, өзге де әлеуметтік нысандардың ашылуына себепші болды. Зейнетке шыққан соң да қызметтен қол үзбеген Ш.Иманбаев Боранқұлда парторг, ардагерлер кеңесінің төрағасы болды.
Иә, майдангердің өмірі мен еңбек жолы жас ұрпаққа мәңгілік үлгіөнеге. Өткен жылдар, өтер тіпті ғасырлар, Келер ұрпақ ерлік даңққа бас ұрар. Естен кетпес Жеңіс күні және де, Отан үшін жанын қиған асылдар!
Лұқпан СИСЕКЕНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі