Майкөмген ауылының тұрғыны Фатима Кенжеғариева ұмыт қалған ұлттық тағам – жылманы қазір табыс көзіне айналдырған. Жылма - түйенің жаңа сауылған сүтіне зәмзәбіл, қара бұрыш, даршын, мүшкат, қалампыр, иір секілді дәрілік шөп және қолдың сары майы қосылып жасалатын өнім. Баяу отта 3 сағат қайнатып дайындалады. Фатиманың сөзіне қарағанда, жылма әсіресе тәж тажалы күш алған пандемияның уақытында қатты сұранысқа ие болыпты.
- Өйткені ковидпен ауырған адамдарда дем жетпей, өкпе қысылады. Сол кезде өкпеге су жиналу дегеннің бәріне ем болды. Халқыма пайдам тисін деген мақсатпен мен жылманы көптеп дайындап, тараттым. Маған дейін енем ағайындарға, тумаластарға пісіріп беретін болды. Ал мен келін болып түскеннен кейін табыс көзіне айналдырып, енемнен үйреніп, өзім әзірлеп жасай бердім. Енесінің жолын қуған Фатима Кенжеғариева 2 литр түйе сүтінен 0,5 литр жылма дайындап шығарады екен. Қазір бұл тағамды туберкулезге шалдыққан науқастар іздеп көп келетін көрінеді. «Арасында жылма ішіп, өлім аузынан қалғаны да бар», - дейді келіншек.
Біз де дертіне шипа тапқан жандарға хабарласқанбыз. Көпшілігі жылманың көп көмегі болғанын айтқанымен, атын атап, түсін түстеуден бас тартты. Ұлттық тағам жөнінде Фатиманың енесі Аққағаз Сәдуова былай дейді:
- Жылма жөтелге, өкпе ауруға, сосын қолқаның бітуіне ем. Өткен пандемия тұсында 2 адам келіп алғысын айтып кетті. Оның бірі – сонау Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласының тұрғыны. «Өкпемді қысқан уақытта жылма ашып жіберді» деді риза болып. Ал біреуі Бейнеуден келді. Осы екі адам жазылдық деп алғысын жаудырып кетті. Сондықтан да болар, соңғы кездері жылмаға сұраныс одан бетер артып келеді.
Фатиманың айтуынша, Маңғыстауды айтпағанда, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай, тіпті Ресей жағына да жеткізіп беріпті.
Д.ІЗБАСАРОВА