Жыл соңында жетістікке жеткендер мадақталып, еселі еңбек еткендер еленіп, әр ұйымда қорытынды жасалатыны бек мәлім. Бұл істі Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Атырау облыстық филиалы алғашқылардың бірі болып бастады. Соның нәтижесінде Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің бас имамы Жасұлан Қағазғалиев «Жылдың үздік имамы» деп танылып, есімі ұлығыланды.
Атырау қаласында өткен жиынға барлық аудан өкілдері белсене қатысты. Оның ішінде жылыойлықтар да жетерлік. Сүбелі сөз бен ұлағатты уағыздан басталған кездесу марапатқа ұласты. Жыл бойы жасалған жұмыстардың нәтижесінде Жасұлан Қуанышұлы үздік атанды. Марапаттау кезінде ҚМДБ-ның Атырау облысындағы өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы:
-Жылыой ауданында биыл орасан жұмыстар атқарылды. Соның ішінде, тасқын кезінде елді біріктіру, қиналғандарға қамқор болуда Жылыой мешіті үлкен шаруа тындырды. Үлкен сынақ жамағатты ғана емес, барлық құлсарылықтарды біріктірді. Одан бөлек, ҚМДБ бекіткен негізгі жұмыс бағыттары бойынша да Жылыойдағы жұмыстардың нәтижесі жоғары,-деді өз сөзінде.
Газет жанашырының бірі - Жасұлан Қуанышұлын біз де жеңісті жетістігімен құттықтап, алдағы уақытта да аудан тұрғындарын бірлік пен берекеге ұйыстыра берер деген сенімдеміз.
Е.АХМЕТКӘРІМОВ