Тәуелсіздік күні қарсаңында Құлсары қаласындағы «Кең Жылыой» мәдениет үйінде «Еңбек жұлдыздары – 2024» атты сала үздіктерін марапаттау кеші өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Аязберікқызы қатысып, 11 номинация бойынша өз саласында адал еңбек етіп жүрген бір топ азаматты арнайы марапаттады. Ең алдымен, атакәсіпті жанына серік еткен шаруагердің есімі аталды. Ауыл шаруашылығының дамуы үшін тер төккен «Нұрхат» шаруа қожалығы жетекшісі әрі шопаны Уәли Нұрахановқа алғашқы номинация «Жылдың үздік шаруагері» атағы берілді. Ол бастапқыда «Жаңа таң» шаруашылығында еңбек етіп, кейін өз алдына қожалық ашып, шаруасын дөңгелентіп жүр. Төрт түлігі сай қожалық иесі бүгінде халық үшін ұйымдастырылатын жәрмеңкелерде өзінің таза ауылшаруашылық өнімдерін ұсынып келеді.
Бұдан кейінгі кезекте адам жаны үшін арашашы болып жүрген ақ халатты абзал жанның есімі ерекше аталды. «Жылдың үздік жедел жәрдем қызметкері» номинациясымен аудандық орталық аурухананың «Жедел жәрдем» бөлімшесінің фельдшері Ақмарал Көбесова мен Нұролла Жаңабай марапатталды.
Біздің амандығымызды ойлап, қалаған жерімізге жетуіміз үшін болатжолдың бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген үлкен бір қол еңбегін қажет ететін кәсіп иесі бар. Ол ауыр жұмысты атқаратын маман, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ «Атырау магистральдық желі бөлімшесі» филиалы Құлсары жол дистанциясының жол бапкері - Мақсот Әбиев. Ол - «Жылдың үздік темір жол қызметкері» атағымен ұлығыланды.
Ал жерлестерін күні-түні жарықпен қамтамасыз етіп, сол жолда өз өмірін қатерге тігетін тағы да бір мамандық иесі, учаскелік электр жүйесі қызметінің электромонтері Қайрат Қуатбаев та «Жылдың үздік энергетигі» номинациясын иеленді. Үздіктер кешінде үстіне қызыл кеудешесін киіп, құрал-саймандарын ала таңнан сайлап, көшелер бойында тынымсыз тер төгіп, күнделікті қызу тірлікте жүретін тазалықшылардың еңбегі ерекше еленді.
«Көше нұры» номинациясымен – «Жылыой тазалық» ЖШС жұмысшылары Марина Кишова мен Мейрамбек Дінғали марапатталды. Расында да бұл азаматтардың еңбегі ұшан-теңіз. Күн сайын ықшамаудандардың тазалығын сақтау жолында бірнеше ондаған шақырымды артқа тастап, бар күш-жігерін жұмсайтын нағыз еңбектің адамдары.
Кеште қоғамдық көлік иелері де елеусіз қалған жоқ. Таңғы сағат 5-те өз қызметін бастайтын үздік қоғамдық көлік жүргізушілерінің есімдері аталды. «БатысТехИнвест» ЖШС-нің автокөлік жүргізушісі Мұрат Ағысов пен Марат Сүйеуов «Күнделікті ерлік» номинациясына ие болды. Сондай-ақ қоғамдық көлік жүргізушілерімен бірге өз жұмысын таң атпай бастайтын үздік кондукторлар да назардын тыс қалған жоқ. «Жылдың үздік жолсерігі» номинациясымен Бибігүл Шомбалова, Майра Махамбетовалар марапатталды.
Алыс-жақын, шетелден келетін кез келген сәлемдемені иесіне табыстайтын пошта қызметкері, «Қазпошта» АҚ сұрыптаушысы Жаңыл Ақтілеуова «Аманат арқалаған қызметкер» номинациясымен, ал жас шәкірттерді ғылымның қыр-сырына баулып жүрген ұстаз Қуаныш Шалабаев «Шыңдалған шебер» номинациясымен марапатталды.
Келесі номинация да көрермендерді бейжай қалдыра алмады. Қаламыздағы жайлы, ыңғайлы әрі заманауи «Мереке» аялдамасының авторы және «Red Star» кофе желісінің құрылтайшысы Бекет Құлбаев «Жыл жаңалығы – 2024» номинациясымен марапатталды.
Бұл күні бойындағы бар күш-жігерін халық үшін жұмыс жасауға сарп еткен еріктілер де сахна төріне көтерілді. «Жылдың үздік еріктілер қозғалысы» номинациясымен «Теңіз жүрегі» еріктілер жобасының координаторы Гаухар Сембіқызы, Саламат Сембіұлы ұлығыланды. «Теңіз жүрегі» еріктілер қозғалысы ауданымыздағы сенбіліктер мен көшеге тал отырғызу акцияларына дербес қосылып жүрген азаматтар тобынан құралған. Бұл азаматтар, сонымен қатар, жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі балалармен және жасөспірімдерге ағылшын тілінде сөйлеу клубын және арт терапия жұмыстарын ұйымдастырып келеді.
Марапаттау рәсімінен соң елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті талантты өнер иелері жиналған көпшілікке әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл сыйлады.
П.ҚИЗАТОВА