Жұрты бауырмал, жері киелі

Мен – Навбахор Сейтимбитова жасым 35-те. Ұлтым – өзбек. Негізінен, ата-енем, жолдасым төртеуміз Қарақалпақстандағы Хожейлі қаласы, Пристин поселкесінің тумасы боламыз. Басында болашақ жарыммен көрші тұрдық. Солай іргедегі, көршілес үйдің өзімнен 10 жас үлкен жігітіне тұрмысқа шықтым. Қазақ отбасына келін болып түскен уақытта менің жасым бар-жоғы 18-де болатын. Он жылдан кейін, 28 жасымда 7 баланың анасы атандым.

Жолдасыма тұрмысқа шыққаннан кейін үйдің үлкендері Қазақстанға көшеміз деп шешті. Сөйтіп, 2006 жылы ақпан айында қазақ жеріне қоныс аудардық. Біз көшіп келген жылдың шілде айында тұңғыш ұлымыз дүниеге келді. Өзім Қазақстан Республикасы азаматтығын 2012 жылы алдым.

Бүгінде өзімді өте бақыттымын деп есептеймін. Өйткені, қазақ жігітімен шаңырақ көтеріп, қазақ халқының ұрпағын өрбітіп, көбейтіп отырған батыр анамын. 2017 жылы аудан әкімінің қолынан «Алтын алқа» медалін алдым. Жылыой өзі аядай ғана аудан болғанымен, халқы бауырмал, жері киелі, сан түрлі ұлттың тағдыры тоғысқан құтты мекен. Өзім секілді ұзақ жылдардан бері тұрып келе жатқан бірнеше этнос өкілдерін білемін. Бүгінге дейін ең болмаса біреуінен «ұлтың басқа деп, мені қазақтар шеттетті» деген алауыздық әңгіме естіген емеспін. Ата-енем де түсінігі мол, мейірімді жандар. Үлкен балам қазақтың дәстүріне сай ата-әжесінің баласы болып өсті. Әжесінің қамқоршысы. Қазірдің өзінде әжесімен бірге тұрады. Өкінішке орай, атам өмірден өтіп кетті.

Мен қазіргі уақытта Құлсарыдағы №16 Д.Жазықбаев атындағы орта мектепте жұмыс істеймін. Ұжымдастарым да өте жақсы адамдар. Қазақтың дархан көңілділігінде енді шек жоқ қой! Осылай ұлтқа бөлінбей, бір Отанда, бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кеше берейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Жылда салтанатты түрде тойланатын ынтымақ пен бірлік, достық күні мерекесі құтты болсын!

Навбахор СЕЙТИМБИТОВА,
«Алтын алқа» иегері,
Құлсары қаласының тұрғыны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT