Жүрек жылуы

Біреуге қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болу шарт емес. Ең бастысы, мейірімділік пен таза ниетің, яғни жүрек жылуы болса жетіп жатыр. Кез келген қиындықта қайырымды жандар мұқтаж адамға қол ұшын бере алады.

Бүгінде көптеген қайырымдылық акциялары мен жобалары іске асуда. Ауданымызда да жаны жайсаң, жүрегі жомарт азаматтар аз емес. Көптің алғысына бөленген «Жүрек жылуы» қайырымдылық қорының белсенді ерікті жастары- сондай жандардың қатарынан. Қайырымдылық қорының басшысы Азамат Сатыбалдиев бастаған қор еріктілері ауданымызда көптеген игі істермен айналысып келеді. Қордың мақсаты - аты айтып тұрғандай өзгелерге жүрек жылуын сыйлау. Олар әр жұма сайын кемінде 5 отбасыға азық-түлік таратады. Аталған қайырымдылық қоры 2019 жылдың наурыз айынан бері әр түрлі отбасыларға қайырымдылық жасап, үлкендердің ақ батасын алуда.

Сонымен қатар, республикалық «Асар-уме» қайырымдылық қоры соңғы 3-4 айда 4 отбасына үй сыйлады. Қаламыздағы өкілі Амандық Сабазов және Сейсенбек Шнашев, Анар Ықласова бастаған еріктілер тобы үйі жоқ отбасын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қаржы жинауға қор ашқан болатын. Қаржы жиналып, отбасыға жақын арада пәтер ресми түрде табысталмақ.

Ауданымызда басқа да сауапты іс жасап, халықтың алғысын арқалап жүрген жастар мен ерікті топтарға 1 наурыз - Алғыс айту күніне орай алғысымызды білдіреміз. Олар қоғамдық қорлар құрылғалы қаншама мұқтаж, жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға көмек қолын созып келе жатыр. Ерікті жастар осы күнге дейін көптеген жандарға қуаныш сыйлады. Олардың шын жүректен алғыстарын жаудырып, толқығаннан көздеріне жас алуы - шын ризашылықтың белгісі. Қоғамдағы өзгелер де осы ерікті жастар секілді жақсылық жасаудан жарысып, азаматтық танытуға асықса ізгі амалдары жауапсыз қалмас. «Жүрек жылуы» қоғамдық қорының қайырымдылық жұмыстарына береке тілей отырып, сауапты іс жасауда қажыр-қайраты мұқалмасын дейміз.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT