Жұмыссыздық – өзекті мәселе

ЖАҢА ҚАРАТОН КЕНТІНДЕГІ ЕСЕП БЕРУ ЖИЫНЫНА АУДАН ӘКІМІ ХАЛЕЛ ЖАМАЛОВ, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ САЙЛАУБАЙ ТАЛАСОВ, МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ, БӨЛІМ ЖӘНЕ МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫ, ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМНЫҢ ТӨРАҒАЛАРЫ, ЗАҢДЫ ӨКІЛДЕР МЕН ТҰРҒЫНДАР ҚАТЫСТЫ.

№23 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ АКТ ЗАЛЫНДА ӨТКЕН ЖИНАЛЫСТА КЕНТ ӘКІМІ САНСЫЗБАЙ БАЙМҰРАТОВ ХАЛЫҚҚА ЕСЕП БЕРДІ.

Биылғы өткен санақ қорытындысы бойынша, Жаңа Қаратон кентіндегі халық саны –7012 адам. Оның ішінде еңбекке қабілетті – 3877, зейнеткерлер – 510, 18 жасқа дейінгі бала саны - 2625. Бүгінде кентте 176 мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген, оның ішінде I топтағылары -15, II топтағы 70 адам, III топтағы 62 адам болса, бала жасынан мүмкіндігі шектеулі жан 29 адамды құрайды.

Кент әкімінің айтуынша, «Казкомсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мұнда жол құрылысы жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда 19 шақырым жол құрылысы аяқталып, қалған жұмыстарды осы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ кент тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатқан мәселелерінің бірі - электр қуатының аздығы. Аталған мәселені шешу мақсатында Балбырауын, Болашақ, Майтөбе көшелеріне 3 дана 630-дық КТПН орнатылса, Б.Рзиев көшесіне 1 дана 1000-дық КТПН және Аруана көшесіне 1 дана трансформатор орнатылған.

Әкімнің есеп беру жиналысына келген тұрғындардың саны аз болмады. Жаңа Қаратон кентінің ардагерлер кеңесі төрағасы Оразғали Молдашев жалғыз кент ғана емес, аудан бойынша көптен белең алған күрделі мәселелердің бірі -жұмыссыздық мәселесін көтерді. Бұл мәселе бойынша аудан әкімі Х.Жамалов аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Н.Сауытов т.б басшылармен бірге Теңіз кен орнына арнайы барған еді.

«Теңізшевройл» ЖШС-нің мердігер және қосалқы мердігер мекемелер басшыларымен кездесіп, аталған мәселе бойынша аудан халқын жұмыстан қысқартпау туралы айтылған болатын.

Жұмыссыздық мәселесімен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетімдерге көмек көрсету басты назарда екенін жеткізді әкім. Осы секілді жұмыссыздық мәселесін қозғаған Жаңа Қаратон кентінің тағы бір тұрғыны «Жылыоймұнайгаз» мекемесінде оператор болып қызмет етеді екен. Оның айтуынша, мекемедегі жұмысшылардың дені - орта жастан асқан немесе егде жастағы адамдар. «Жастардың осы секілді мекемелерге кіруі қиын, арнайы емтиханнан құлатады да талабын басып тастайды. Жөндеуші қызметіне бұндай емтихан не үшін керек? Мұнайдың үстінде отырсақ та жұмыссыздық мәселесі белең алып тұр»,- деді ол.

zhmyssyzdy-2

Иә, шынында да жалғыз Теңіз кен орнына емес, неге жастардың өзіміздің ауданымыздағы мекемелерге кіруіне жағдай жасалмасқа? Осы секілді сауалмен «Кентек» мекемесінде механик болып қызмет атқаратын тұрғын ұсынысын ортаға салды. «Ауданымызда «электрик, кип» сынды мамандықпен жұмыс жасап жүрген бірде-бір жас жоқ. Осы мамандықтарды оқып жүрген немесе оқыған азаматтарды жұмысқа орналастырсақ деген ұсынысым бар. Керісінше өзге қалалардан ағылып келіп, өз ауданымыздың жастары шет қалып жатады. Жастар ауылда бос жүргенше, оларды оқытып жұмысқа орналастырсақ жақсы болар еді»,- деді жұмысшы.

Сондай-ақ, есеп беру кезінде көшелерде жарықтың жоқтығы және істен шығуы, канализация мәселелері де қозғалды. Бұл сауалдарға кент әкімі С.Баймұратов жауап берді. Оның баяндамасында айтып өткендей, алдағы жоспарланған жұмыстарға сай 7150 метр көше жарығының құрылысын жүргізу жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталды. Оң қорытындысы шыққаннан кейін аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімімен бюджеттен қаражат бөліну жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бюджеттен қаражат бөлінгеннен кейін құрылыс жұмыстары басталмақ. Ал істен шыққан жарық шамдар кезең-кезеңімен ауыстырылып жатқандығын, канализация мәселесі бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, оң қорытындысы шыққанын жеткізді.«Ескірген кәріз жүйелерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуіне бюджеттен қаражат қаралуда»,-деді С.Баймұратов.
Есеп беру кезінде кент және ауылдық округтерде де бұралқы иттердің шектен тыс көбейгені айтылды. Бұл балаларға қауіпті болуда. Жаңа Қаратон кентінің әкімі аптасына 2 рет ит ату жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтты. Тұрғындардың арасында иттерін бос жіберіп қою фактілері де тіркеліп жатады. Әкімнің сөзінше, ит ату жұмыстары әрі қарай да жүргізілмек. Сондай-ақ көшедегі тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін бейнекамералар қондырылмақ.
Қаратон тұрғындары су тарифінің қымбаттағанына алаңдаулы. Аталған мәселе бойынша «Жылыойсу» мекемесі директорының орынбасары Шаттық Исмұхашев жауап берді.

«Өткен жылдың қазан айының 1-нен субсидия мерзімі аяқталуына байланысты тоқтатылды. Биылдан бастап қайта субсидия алуға құжаттарды тапсырып қойдық. Осы айдың соңына дейін шешімін күтудеміз»,- деді ол.

Мал шаруашылығы мен жер телімдері жөнінде де халық тарапынан біраз ұсыныстар айтылды.

Жиын соңында сөз алған аудан әкімі Х.Жамалов орынбасарларымен бірге ауыл тұрғындарымен жиі кездесіп тұратынын жеткізді. Алдағы кездесулерде тұрғындарға Жаңа Қаратон кентінің әрі қарай дамуына үлестерін қосу мақсатында, ойда жүрген маңызды ұсыныстарын алдағы кезде де ортаға салуларына болатынын айтты. «Жаңа Қаратон кентінің 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2022 жылға қойған міндеттері туралы» есебінде айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша іс-шара жоспарлары жасақталып, аудан әкімі аппаратына тапсырылсын» деген қаулы қабылданды.

А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT