Жәрмеңкеден не пайда?

Аудандық мәслихаттың бюджет, қаржы, экономика және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтіп, онда депутаттар сенбі сайын ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысты мәселені көтерді.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев 2022-2023 жылдар аралығындағы жасалған жұмыстар туралы баяндағаннан кейін комиссия мүшелері жәрмеңкенің жайын талқылады. Жәрмеңкені ұйымдастырып отырған Құлсары қаласы әкімі аппараты болса, ал жәрмеңкенің жұмысын қадағалап, бағасын реттейтін Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі екені белгілі. Жалпы жәрмеңкенің тұтынушыға бағасы жағынан тиімсіздігін айтпағанда, ұйымдастырылуы, санитарлық жағдайы депутаттардың көңілінен шықпай отыр. Бұған дейін де жәрмеңкеге бақылау жұмысын жүргізген депутат Ерлан Нұрлановтың сөзінше, әр жерде шашылған балықтар мен оның қалдықтары тауар сапасының төмендігін көрсетіп отыр. Ал оған жауапты мамандар жауапкершілік танытпайтын секілді: - Онымен санасып жатқан жауапты мамандарды байқамадым. Онда келген тұрғындардың біреуі бағаға наразылық білдірсе, енді бірі тауар сапасына реніштерін жеткізуде. Ал санитарлық ахуал өршіп тұр, баға тұрақты емес. Байқағаным, атқарушы орган өкілдері бағаның тұрақтылығын басты назарда ұстаудың орнына, «талоның жоқ» деп, келген кәсіпкерлермен айқайласып әлек. Бұл жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне үлкен сын,-деді.

Мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев жәрмеңкенің тәртібі бойынша негізі тауар бағасы базар нарқынан төмен болуы керек екенін айтады: - Сауда-саттық ұйымдастырылатын орынның санитарлық тазалығы, сатушының медициналық тексеруден өткен санитарлық құжаты жіті тексеріліп отыруы тиіс. Жалпы жәрмеңкені ұйымдастырудағы мақсат азық-түлік өнімдеріне тұрғындардың қолжетімділігін арттыру ғой. Ал нарық бағасынан еш айырмашылығы жоқ жәрмеңкенің халыққа қандай пайдасы болады?- деді.

Депутаттар жауапты атқарушы орган өкілдері ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жұмыстарымен шұғыл түрде айналысу керек екенін, оған жұмыстанбаса, бағасы жағынан да, сапасы жағынан да сын көтермейтін жәрмеңкені ұйымдастырудың қажеті жоқтығын алға тартты.

Расында, нарық бағасынан арзан тауар сатылуы керек, онда өз тауарын делдалсыз сататын кәсіпкерлер болуы керек, бәрінен бұрын отандық өнімді қолдау негізгі мақсаты болып саналатын жәрмеңке тек алыпсатарлардың орнына айналып кеткен жоқ па?

Перизат ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT