Жүрегі бір халықпыз

Алғыс айту күні – ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болды. Бұл қазақ тарихының сындарлы шақтарымен тығыз байланысты. Мереке - қазақ халқының дархандығы мен даналығын көрсететін айтулы күн. Біздің халық елімізге келген әрбір ұлт өкілдерін Хәкім Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» дегендей, бөліп-жармай қолындағы барымен бөлісті. Діні бөлек қаншама ұлттарға пана бола білді. Бүгінгі таңда қазақ жеріне қоныс тепкен өзге ұлттар қазақ халқына шексіз алғысын білдіреді. Өйткені, олар дархан даламыздан жылу тапты. Бүгінде олардың ұрпақтары Қазақстанды өз Отаны деп біледі.

Осындай кең-байтақ қазақ жерінде тілі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен жүрегі бір көптеген халықтардың өкілдерімен бірге егемен еліміздің іргесін бекітіп, керегесін кеңейтіп келе жатқан халықтардың қатарында корей ұлты да бар. Соның бірі – мына менмін.

Мен 1981 жылы Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылында өмірге келдім. Кішкентайымнан қазақ халқының ұлттық дәстүрін, әдет-ғұрпы мен тілін сақтап өстім. Сол ауылда алғаш әліппе танып, кейін Атырау мұнай-газ университетінде жоғары білім алып шықтым. Осы уақытқа дейін жауапкершілігіме алған әр қызметімді абыроймен атқарып келемін. Қазақтың ибалы да инабатты аруымен отбасын құрып, екі баланың ата-анасы атандық. Балаларыма өткен тарихты, қазақ халқының бізге жасаған қамқорлығын үнемі айтып отырамын.

Расында қазақ халқының мейірімділігінің арқасында бүгінде Қазақстанда қаншама ұлт тату-тәтті өмір сүруде. Бұл еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Осы ретте ішкі тұрақтылық пен татулықты сақтауда әрбір қазақстандыққа артылар жауапкершілік орасан. Бүгінгі бейбітшілік заманда өз халқымыздың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін ұмытпау, мемлекеттік тілді білу өте маңызды. Алайда ең басты байлық — еліміздегі ұлттар арасындағы достық пен ынтымақ. Сондықтан мен елімізде ешқандай алауыздық болмай, барлық халық тату-тәтті, береке мен бірлікте өмір сүрсе деп тілеймін.

Бүтін нанын бөліп беріп, өз үйінің төрін ұсынған Қазақстанға, біз, өзге ұлт өкілдері алғысымызды айтқанбыз да, айта береміз де. Тек бүгін ғана емес, әрқашан бір-бірімізге алғыс айтып, өзіміз де алғысқа бөленіп жүре берейік. Алғыс айту күні - еліміздің азаматтары қазақ халқына алғыс айтумен қатар, баршамыздың өз ата-анамызға, бауырларымызға да, қала берді барша отандастарымызға алғыс білдіретін күн екенін ұмытпайық!

1 наурыз мерекесі – достық пен бірлігіміздің, мәдени сан алуандығымыздың жарқын дәлелі. Баршамызға ортақ ел мен жерді сүйіп, құрметтеуге серпін бермек. Олай болса, көктемнің алғашқы күнімен қатар келген мерейлі мереке құтты болсын!

Игорь Лян,

Құлсары қаласы әкімінің орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT