Туған жерін түлетіп, ірі қайырымдылық шараларын жүзеге асырып, өскен өлкесін дамытуға үлкен үлес қосқан жылыойлық кең пейіл түлғалар мен ұйымдар, мекемелер «Жомарт жүрек» байқауының иегерлері атанды. Таяуда «Жылдың үздік ұйымы», «Жылдың үздік қамқоршысы», «Туған өлке» және «Жыл адамы» атты 4 номинация бойынша жеңімпаз деп танылған байқау лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова жүрегі ізгілік пен қамқорлыққа толы жеңімпаздарға барша аудан халқының атынан алғыс білдіріп, марапаттарды өз иелеріне табыстады.
Атап айтсақ, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясына ие болған «Зейін-Атырау» қоғамдық қоры 2020 жылы «Зейін» балаларды оқыту жобасын жүзеге асырған. Жоба аясында осал топқа жататын жанұяда тәрбиеленіп жатқан бастауыш сынып оқушыларын пандемия кезінде қосымша білімдерін жетілдірген. Ал 2023 жылы «Qadam» жобасын жүзеге асырған. Жоба аясында көпбалалы, жалғызбасты және ерекше бала тәрбиелеп үйде отырған аналарды әртүрлі мамандықтарға оқытып, кәсіп бастауға көмектескен.
Ал «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясын иеленген «Kent» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудандағы спорт алаңдарының бірін салуға қаржылай қолдау білдірген және «Мектепке жол» бағдарламасы аясында әлеуметтік жағдайы төмен 30 отбасының балаларына мектепке қажетті киімдер және құрал-саймандарын алып берген. Одан бөлек пандемия кезінде аудандық аурухананы ӨЖЖ аппаратымен қамтамасыз етіп, жергілікті ұйымдарға медициналық көмек көрсетті.
Бақытжан Әбдісалықов «Туған өлке» номинациясын иеленді. Ол 2019 жылы өз ауылына салынған балаларға арналған ойын алаңының айналасын қоршауды ұйымдастырып, өз қаражатымен дәнекерлеу жұмыстарын жасап, содан бері ойын құрылғыларын күтіп ұстауды өз мойнына алды. Сондай-ақ, 2022 жылы 10 түп тал еккен және өз үйінен су құбырын тартып оларды суарып отыр. Одан бөлек үйінен электр жарығын тартып ойын алаңын жарықтандырған. Олардың ай сайынғы шығынын өз қаражатынан төлейді. 1 маусым - Балаларды қорғау күнінен бастап, әр ай сайын екі рет балаларға балмұздақ таратуды әдетке айналдырған.
2023 жылдың 4 маусымында Жем өзеніне батып бара жатқан 6 жеткіншектің өмірін құтқарған Манарбек Қартбаев «Жыл тұлғасы» номинациясынның иегері атанды. Сонымен қатар, ауданда қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, «Кәусар» және «Асар уме» республикалық қайырымдылық қорлары арқылы ауданның әлеуметтік осал отбасыларына баспана алып беруге атсалысып жүрген Анар Ықыласоваға Алғыс хат табысталды.
Ш.Хамитова