Жолда абай бол, жасөспірім!

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында комиссия отырысы өтті.

Мұнда балалардың жол-көлік жарақатының профилактикасы бойынша атқарылған жұмыстар туралы, үйден тәрбиеленетін мүгедек балалармен жұмыс және оңалту жұмыстары туралы мәселелер қаралды. Алғашқы баяндаманы жасаған білім бөлімінің басшысы Ж.Қазиева баяндамасында жол-көлік жарақатының алдын алу, көшелер мен жолдарда қауіпсіздікке байланысты дағдыны бекіту үшін мектептерде сынып сағаттары, көрме, суреттер конкурсы, кездесулер, тренингтер, лекция оқулары ұйымдастырылғанын айтты. Сондай-ақ мектеп оқушылары жол жүру ережесіне байланысты мектепішілік, аудандық сайыстарға белсенділікпен қатысып жүр екен. Ал ювеналды полиция тобының аға инспекторы Е.Бекмұрзаев: «Ағымдағы жылдың 7 айында кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен 8 жол-көлік оқиғасы болған. 2-еуі қаза тапқан. 6-уы дене жарақатын алған. Яғни былтырғымен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы көрсеткіші өскені байқалады. Қазіргі уақытта жыл басынан бері жол-көлік оқиғалары санын төмендету мақсатында «Автобус», «Мас жүргізуші – қылмыскер» және «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шаралары жүргізіліп, 400-ден аса әкімшілік құқық бұзушылық анықталыпты. 1-10 қыркүйек аралығында «Абайлаңыз – балалар!» іс-шара барысын өткізу жоспарланып, жол жүру қағидаларын зерделеу бойынша сабақтар өткізілмекші.

Келесі мәселе бойынша сөйлеген жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы С.Қамидолла мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде 56 бала есепте тұрғанын айтты. Оның айтуынша, педагог-психологтар аталған санаттағы адамдарға өмір сүру сапасын жақсарту, олардың әлеуетін ашу, қоғамдық өмірге қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды ұйымдастырып келеді. Әр тәрбиеші 10 балаға қызмет етеді.

«Бала - үйдің байлығы» атты мерекелік шарада «Ынтымақ», «Жүрек жылуы» қоғамдық бірлестіктерінің демеушілігімен 140 мүмкіндігі шектеулі балаға сыйлықтар беріліп, 10 балаға ұялы телефон табысталғанын, мүгедектерге жаңа ғимарат салу жоспарда екенін де айтты. Комиссия отырысында мүмкіндігі шектеулі балаларды шеттетпей, мүмкіндігінше мектепке тартылса деген ұсыныс айтылды. Сондай-ақ мектептерде психолог мамандар жетіспейтіні, жасөспірімдер арасында суицид көбейіп отырғаны ортаға салынды.

Ж.Шаңқанова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT