Жолаушы көп, автобус аз

Автобус

Ауданда жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктердің жүрісі сиреп кеткендей. Әсіресе қазіргі карантин шектеулері жеңілдетіліп, жұрт бұрынғыдай жұмыс орнына қайта орала бастаған уақытында теміржол вокзалы мен «Аэропорт» ықшамауданы аралығына қатынайтын №1 маршруттағы автобустардың қатынасы қиындық туғызып жүр. «Теміржолшылар» қалашығы мен оның маңындағы СМП-615 секілді ауылдарда қосқабатты және жекеменшік үйлер көптеп орналасқан, халық көп. Онда тұратын тұрғындар үшін жолаушы тасымалы мәселесі көп жылдан бері шешілмей келе жатқан негізгі мәселенің бірі еді. Қалаға жаңа автобустар келгелі мұндағы ағайындар қатты қуанып қалған-ды. Бірақ оның да проблемасы аз болмай шықты. Себебі «Теміржолшылар» ықшамауданына іші тар «Газель» автобустары бөлініп, оған жолаушылар сыймайтындықтан көпшілігі қалаға таксимен қатынауға мәжбүр болуда. Өйткені келесі автобусты тұрғындар сарғая ұзақ күтуіне тура келеді. Амалсыздан жеңіл көлік иелерінің көмегіне жүгінеді. Ал такси бағасы мұндайда ұшынып кетеді.

-Қоғамдық көлік «Теміржолшылар» ықшамауданына тым сирек қатынайды. Келгеннің өзінде іші тар, аялдамада сағаттап сарғайып тұрған жолаушылардың бәрі бірдей сыймай қалады. Жұмысқа амалсыздан таксимен барамыз. Тапқан азғантай табысымыз күн сайын таксиге кетеді. Құдайдың құтты күні оған міне беру көптеген жолаушылардың қалтасына ауыр салмақ салып тұр. Әсіресе қазіргідей карантинге байланысты жұрт жұмыссыз үйде отырған кезде «жығылған үстіне жұдырық» болды. Сол себепті жергілікті әкімдік ықпал етіп, №8, №2 маршруттар секілді 44 адамдық үлкен автобустарды неге жүргізбейді? Болмаса «Газель» автобустардың санын көбейтсін, - дейді күнде қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын тұрғын

Әрине, тұрғындар айтқандай, әкімдік қадағалап қоғамдық көліктердің кестеге сай уақытылы әрі көбірек жүруін талап етсе, мұндағы халықтың жағдайы да жақсарар еді. Расында да №8, №2 маршруттағы қоғамдық көліктердің іші кең, әрі мол қатынайды. Сол себепті тұрғындардың көпшілігі «Теміржолшылар» қалашығының шетіндегі «Айдын» дүкенінің алдына дейін келетін №8 автобусқа қарай ағылады. Бірақ ол жаққа жету үшін вокзалдың өзге бір шетінде тұратын «СМП-615» ауылының халқына бірнеше шақырымды жүріп өтуге тура келеді. Амалсыздан үлкендер жағы сарылып №1-ді күтеді.

Сондықтан тұрғындардың талап-тілегін ескеріп, қоғамдық көлікті нағыз керек ететін «Теміржолшылар» ықшамауданына қатынайтын №1 маршрутқа жолаушылар еркін сыйып мінетін үлкен автобустарды жіберу керек. Әрі олардың санын арттырса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл мұндағы қарапайым халықтың жанайқайы.

Айдана Жұмабергенқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521