Жол сапасы алаңдатады

Қосшағыл ауылдық округінде өткен аудан әкімімен кездесуде жол мәселесі және ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты көптеген мәселелер сөз болды. Жиынға ауыл ақсақалдары, мұғалімдер, қоғамдық кеңес мүшелері мен белсенді тұрғындар қатысып, өздерінің көкейіндегі сұрақтары мен ұсыныстарын ашық жеткізді. Кездесу онлайн форматта да көрсетіліп, желі арқылы жолданған сауалдар назардан тыс қалмады. 

Тұрғындар мектеп пен амбулаторияның қазіргі жағдайы, Қосшағыл-Құлсары тас жолына жол белгілерін орнату, судың тарифтік өсімі секілді өзекті мәселелерді көтеріп, бұл бағыттарда жұмысты күшейту қажеттігін айтты. Ауылдың орталық асфальт жолының сапасы - негізгі талқыланған тақырыптардың бірі болды. Бұрыннан жалғасып келе жатқан жол сапасына қатысты алаңдаушылық қайта көтеріліп, Қосшағыл-Құлсары жолына жарық шамдарын орнату ұсынылды. Жол салуға бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы мен мердігерлердің жауапкершілігін күшейту қажеттігі баса айтылды. Ауыл тұрғындары жол сапасының балалардың қауіпсіздігіне, жедел жәрдемнің уақытылы жетуіне, жалпы ауыл өмірінің дамуына тікелей әсер ететінін нақты мысалдармен жеткізді. Биыл округке бөлінген 5 млрд теңгенің әр тиыны мақсатты жұмсалып, құрылыс жұмыстарының қатты бақылауда болуы керектігі ортақ пікір ретінде айтылды.  Тұрғындар қоғамдық бақылау жүргізуге дайын екенін білдірді.

Тазалық мәселесі де назардан тыс қалмады. Қоқыс тастау мәдениеті, қоғамдық қызметкерлердің еңбегі, ауыл ішіндегі бейберекет қалдықтарға қатысты мәселелер талқыланды. “Тазалық бәрімізге ортақ” деген ой айтылды.

Мектеп жағдайы да үлкен пікірталас туғызды. №2 мектептің мұғалімі ғимараттың ескіргенін, спорт залдың мүлде жабдықталмағанын, мұғалімдер жалақысының уақытылы төленбеуін көтерді. Әкімге мектеп жағдайын өз көзімен көруге ұсыныс жасалды. Су мәселесі де ортақ талқыға салынды - техникалық судың тапшылығы мен магистральды жүйенің тозуы сөз болды. Сонымен қатар қоғамдық кеңестің жұмысы, жаңа саябақ құрылысы және оның сапасы, Қосшағылдың 100 жылдығын жоғары деңгейде атап өту мәселелері талқыланды.

Ал Жаңа Қаратон кенті халқы жол, жарық қауіпсіздік мәселесіне алаңдаушылықтарын жеткізді.Тұрғындар әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға қатысты ой-пікірлерін талқыға салып, бірнеше мәселелер бойынша нақты талаптар мен ұсыныстарын жеткізді.

Кенттің біраз көшелерінде жарықтандыру толық қамтылмағаны – халықтың негізгі жанайқайларының бірі. Тіпті ауылдың шет аймақтарында мүлде жарық жоқ, кейбір көшелер кешкісін қараңғылыққа тұнып, тұрғындарды алаңдататын деңгейге жеткені айтылды.

Білім беру саласындағы сұрақтар да назардан тыс қалмады. Мектеп ғимаратының қашан салына бастайтыны көпшілікті толғандырса, берілген жауап бойынша сараптамалық құжаттары әзірленуде, ал нақты құрылыс келесі жылдың мамыр айында басталуы мүмкін екені айтылды.

Тұрғындар тұрмыс жағдайын шайқалтып отырған мәселелердің бірі – тұрмыстық қалдықтардың уақытында әкетілмеуі. «Жылыой Тазалық» қоқысты екі аптада бір жинайды, осы уақыт аралығында иістен әбден мезі боламыз, ақысын уақытында төлейміз, болмаса ақшамызды қайтарсын” деген наразылықтар көтерілді. Аудан әкімі алдағы уақытта тұрмыстық қалдықтарды төгетін арнайы орын белгілейтінін мәлімдеп, бұл бағытта реттеу жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Қоғамдық көлікке қатысты да бірқатар сұрақтар қойылды. Автобустың екі сағат сайын жүруі тұрғындарға қолайсыздық туғызуда. Оған қоса аялдамалар жанындағы жолдар қазылып, қайта қалпына келтірілмегендіктен, үйдің іргесіндегі жолдың тозығы жеткені айқын көрінеді. Тұрғындар автобустың кемі бір сағат сайын қатынасын реттеуді сұрады, себебі такси қызметінің бағасы айтарлықтай қымбат.

Кентте бұралқы иттердің көбеюі ерекше уайым туғызатыны белгілі болды. Балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отырған оқиғалар жиілеп, тұрғындар арнайы видеолар арқылы жағдайдың шынайы ауырлығын көрсетті. Жақында ғана мердігермен келісім жасалғаны белгілі болғанымен, тұрғындар бұл жұмыстың қарқын алу қажеттігін айтты. Иттердің кастрациясы, аулау жұмыстары заңға сай әрі жүйелі жүргізілу керектігі көтерілді. Ащы ақиқат ретінде кейбір иттердің өз иелері тарапынан қараусыз жіберілетіні де айтылып, бұл мәселеге де жауапкершілікпен қарау талап етілді. Малға шауып, тұрғындарға қауіп төндірген жағдайлар болғаны да атап өтілді. Көпшіліктің ортақ пікірі - қауіп туғызған иттерді жою қажет.

Инфрақұрылым тақырыбы да талқылаудың ортасында болды. Кенттегі кей көшелерде әлі күнге дейін канализация жоқ. Жібек жолы көшесіндегі 30 үйге арналған тұрғын үйлерге канализация жүйесін тарту мүмкін болмай тұрғанын айтып, алаңдаушылық білдірді.

Келесі мәселелердің бірі Ақжайық көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының жоқтығы балалар үшін үлкен қауіп төндіріп отыр. Машиналар қатты жылдамдықпен өтетін болғандықтан, ата-аналар балаларын жолдан өткізуге қорқатынын мәлімдеді.

Тұрғындардың ұсыныстарын тыңдаған әкім мәселенің барлығы кезең-кезеңімен шешімін табатынын мәлімдеді. Қоғамдық жұмыстар мен инфрақұрылымды жөндеу бір күндік шаруа емес екені түсіндіріліп, әр істің кейінгі күтімі тұрғындармен бірге атқарылатын ортақ жауапкершілік екені айтылды. Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарды елді мекенді көгалдандыру мақсатында “Тал егу” акциясына атсалысуға шақыруды сұрады. “Жол да, жарық та, тротуар да реттеледі. Су, газ, ток – басты қажеттіліктеріміздің барлығы бар, шүкіршілігімізді де ұмытпайық. Бейбіт өмір сүріп, елдің еңсесін тіктеу – бәріміздің ортақ міндетіміз”,-деген ой түйінделді.

А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT