Қазақта «Жол азабын жүрген білер» деген сөз бар. Расында да күз бен көктемнің жауын-шашынды, жаздың аптап ыстығы мен қыстың қарлы боранындағы тайғақта асфальттың бетіндегі үстіңгі қабаты сыпырылып, ойдым-ойдым болған тас жолмен көлік жүргізгеннің қандай қиын екенін Доссор мен Құлсары аралығымен қатынаған жүргізушілер жақсы біледі. Иә, жол жабындысын жаңарту жұмыстары былтыр күз түсе басталып, беті қырылып, тіпті, ескерту де орнатылмаған трасса бойында талай көлік иесі шортандай шоршығаны белгілі. Енді көктем шыға көлік нөпірімен қабаттасып жол құрылысы қайтадан қызу басталып кетті.
Осыдан 20 жыл бұрын осы Атырау – Ақтау республикалық тас жолын түрік компаниясы күрделі жөндеуден өткізгені есімізде. Сонда трассаның жиегіне қосымша көліктер айналып өтетін «объездной» қара жол төсеп, жүргізушілерге жағдай жасағаны бар. Бұл бір жағы қауіпсіздік үшін, бір жағы өркениеттің белгісіндей көрініп еді. Ал қазіргі тас жолды жаңартып жатқан қазақстандық «Бірлік Жол Строй» ЖШС-нен ондай тәртіпті көре алмайсың. Күзде бар асфальтты қырып тастап, онысын аяқтамай, ол аздай, жол кептелісін қолдан тудырып, көліктермен жағаласып жол төсеп жатыр? Бұл қаншалықты заңдылық талаптарына сай деген сауалдар туындайды. Міне, осының барлығы халықтың арыз-шағымын туғызды.
Осыған байланысты биылғы ақпанда «Amanat» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңес отырысы өткен еді. Онда Атырау облысындағы Доссор-Құлсары трассасындағы жол мәселесіне орай ҚР Көлік министрлігіне және «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-на тапсырма беріліп, наурыз айында асфальт төсеу жұмыстары қайта басталған-ды.
Бұл мәселеге партия басшылығы жақында қайта оралды. Осыған орай Атырау облысына «Amanat» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров арнайы келіп, кеңестің аймақтағы көшпелі отырысын өткізді. Оған қатысушылар кеңсенің жайлы бөлмесінде емес, керісінше, республикалық маңызы бар Атырау-Ақтау трассасының осы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Доссор-Құлсары аралығындағы тас жолы тұсында бас қосты. Жасалып жатқан жұмыстарды көзбен көріп, мәселенің мән-жайын сол жерде қызу талқылады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ төрағасының орынбасары Дархан Сақанов, өңірлік «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалының директоры Серік Керімқұлов және облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев аймақтағы республикалық маңыздағы күре жолдардың жөндеу жұмыстарымен таныстырды. Ол ел көлемінде маңызды мәселе ретінде талқыланып жатқан Доссор-Құлсары тас жолының қырылып, ашық қалған 8,5 шақырымын биыл маусымның 1-іне дейін аяқтауға уәде берді. Жалпы, осы бөліктегі тас жол жабындысын жаңарту жұмыстары тамыз айына дейін аяқталатындығын жеткізді, деп хабарлаған еді «Amanat» партиясы.
«Amanat» партиясының аудандық филиалының басшылығы мен осы партия фракциясының депутаттары да араласып, мәселенің мән-жайын анықтауға көшті. Жақында аудандық партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, нақтырақ айтқанда, партия филиалының төрағасы Сайлаубай Таласов, аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев, мәслихат депутаты Бекет Құлбаевтар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Ерлан Саировтың төрағалығымен өткен көшпелі отырыстың хаттамасы негізінде жол жөндеу жұмыстарына арнайы зерделеу жүргізді. Өйткені «Құлсары-Доссор» тас жолы көп уақыттан бері автокөлік жүргізушілерін әуре-сарсаңға салып келе жатыр. Жол мәселесі – тек көлік құралдарына ғана емес, жолаушылардың қауіпсіздігіне де тікелей әсер етуде. Дөңгелектің жарылуы, аспа жүйесінің бұзылуы секілді трасса бойында пайда болатын техникалық ақаулар – тек материалдық шығын ғана емес, адам өміріне де қауіп төндіретіні рас.
Жоғарыда «Доссор-Құлсары» тас жолын жаңарту жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айына дейін аяқталатынын айтты. Расында да солай ма? Бұл бағыттағы жөндеу жұмыстарын «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның тапсырысымен «Бірлік Жол Строй» ЖШС мердігер мекеме ретінде жүргізуде. «Бірлік Жол Строй» ЖШС басшысының орынбасары Асембек Ақниязов:
-Жылыой ауданы бойынша «Құлсары-Доссор» тас жолының 62 шақырымы тұсынан бастап 69 шақырымына дейін 7 шақырымдық жол жөндеу жұмыстары күтіп тұр. Оны мамыр айының 20-сында бастаймыз. Жөндеу жұмыстары кезінде ауа райының қолайсыздығы - нөсер-жауын да кедергісін келтірмей қоймайды. Жалпы тамыз айына дейін аяқтау жоспарда тұр. Бұған дейін былтыр шұрық-тесік жерлерін жамаған болатынбыз,- дейді ол.
Республикалық трасса бойындағы жолды жаңарту жұмыстары кезінде қауіпсіздік шараларының сақталмауы да тұрғындардың орынды алаңдаушылығын туғызып отыр. Белгі берушінің (сигнальщик), қасына қозғалысты реттейтін уақытша бағдаршам болса деген ұсыныстар айтылды.
Бұдан былай жол құрылысы жұмыстары «Amanat» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық комиссиясының қадағалауында болады.
Е.ҚОШАҚАНОВ,
А.МОЛДАШЕВ