Оқиға өткен қараша айының қара суық күнінде кешкі қараңғылықта орын алған еді.
Құлсары мен Сарықамыс аралығындағы тасжолдың үстімен жүйткіп келе жатқан «Тойота Хайлюкс» жеңіл автокөлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, «Газ-33021» көлігіне соқтығысты. Соның кесірінен соңғы темір тұлпардың ішінде отырған бір азамат мерт болып, екі жолаушы дене жарақатын алды.
Қайғылы жағдайға себепкер болған шетелдік көлік жүргізушісі болса қолымен жасағанды мойнымен көтеруден қорықты. Сөйтіп зардап шегушілерді көре тұра жол-көлік оқиғасы орын алған жерден қашып кетті.
«Жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысының 10.1-тармақтарында көзделген ережелерді және Қазақстан Республикасының жол қозғалыс Ережесінің 10.1., 9.1 және 2.1.8-тармақтарында көрсетілген талаптарды өрескел түрде бұзып, жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізушінің үстінен қылмыстық іс көтерілді. Көп ұзамай ол құрықталып, Қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-бөлігі мен 347-баппен айыпталды. Яғни, заң тілімен айтқанда «көлік құралын басқарып, абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекетті жасап, жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалып, қылмыстық құқық бұзушылыққа» жол берді. Алдын ала тергеу амалдары арқылы жеңіл көлік жүргізушісінің айыбы толықтай дәлелденіп, қылмыстық іс сотқа жолданды. Жол ережесін сақтамаудың салдары бір отбасына орны толмас қайғыға душар еткізді. Азаматынан айрылып жары, кәмелетке толмаған бала-шағасы қалды. Сондықтан ол сотта айыпкерден моральдық залал талап етті.
Сот «Тойота Хайлюкстің» жүргізушісін кінәлі деп таныды. Оған екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, осыншама уақытқа көлік құралын басқару құқығынан айырды. Бірақ Қылмыстық кодекстің 63-бабының негізінде жазаны шартты деп есептеді. Ал азаматтық талап қою арызы ішінара қанағаттандырылып, моральдық зиян ретінде 1 млн. 800 мың теңге өндіру міндеттелді.
Әрине, қомақты қаржы арыстай азаматтың орнын толтырмасы анық. Өйткені өзі жұмыссыз жартылай жетім балалармен қалған нәзік жанның ұл-қызына ешкім туған әкесіндей мейірім төге алмайды. Көлік нөпірінің көптігі, тасжолдардағы жол ережесін естен шығару бейбіт күнде көптеген отбасын осындай қайғы-қасіретке душар етуде. Сондықтан әрбір темір тұлпарды тақымына қысқан ер-азамат бұл оқиғадан ащы сабақ алғаны абзал.
Ш.ИСМАҒАМБЕТОВА,
аудандық соттың судьясы,
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ,
өз тілшіміз.