Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты кезекті Жолдауында еліміздің автокөлік жолдарының құрылысына да ерекше мән берді. Онда: «Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет» - деді.
Бұл мәселе Атырау аумағында, соның ішінде Жылыой өңірінде де жоқ емес. Айталық мен осыған дейін Құлсары мен Мұқыр аралығындағы тасжолды қалпына келтіру мәселесін көтеріп, тиісті орган басшыларына депутаттық сауал жолдағанмын. Өйткені бұл трасса күрделі жөнделеді деген уәде орындалмай келеді. Ал бұл аралық, негізінен, өндірісі өркендеген мұнайлы өңір үшін стратегиялық маңызы зор жол. Егер Құлсары-Мұқыр тасжолы күрделі жөнделсе, онда жүргізушілер Атырау-Ақтөбе республикалық трассасына тіке шығуға мүмкіндік алады. Яғни, Маңғыстау облысы мен Жылыой ауданынан шыққан автокөліктер Мақат ауданының Доссор кенті арқылы айналып жүрмей, 150 шақырым жол мен уақытын үнемдеп, Ақтөбе қаласына 3 сағатта жетіп барады. Оның үстіне, экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген үлкен аудан Қызылқоғамен жылыойлық шаруалардың арасында қарым-қатынас жолға қойылады.
Сондықтан Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан туындаған тапсырманы орындаймыз десек, онда Құлсары мен Мұқыр аралығындағы тасжолды тезірек қалпына келтіру керек. Оның үстіне, Доссор мен Құлсары аралығындағы республикалық трасса да тозып барады. Мне, осы аралықты да Президент тапсырған күрделі жөнделуге тиісті 4 мың шақырымдық жолдың ішіне кіргізіп, Атырау мен Құлсары аралығындағы республикалық жолды төрт жолақты қылуы тиіс.
Сырымбек Сәрсембаев,
облыстық мәслихат депутаты,
Жылыой ауданы