Жол апаты неге көбейіп кетті?

Жол ережесін бұзушылар қатарында жасөспірімдер де бар.

Таяуда аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ерболат Досмағұлов жыл басынан бергі 8 ай ішінде атқарылған жұмыстар туралы әлеуметтік желі қолданушыларының алдында есеп берді.

Оның айтуынша, қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыс профилактикасы мен оған қарсы іс-қимыл жүргізу мақсатында ауданымызда «Орталық базар», «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн», «Айдап әкету», «Құжатсыз жүргізушілерді құрықтау», «Жасөспірім», «Жүргізуші, арнайы автокөлікке жол бер», «Есеп», «Тұрмыс» локалды және рейділік іс-шаралар өткізілген. Тек жедел профилактикалық шаралармен шектелмей, «Назар аударыңыз: жаяу жүргінші!» секілді акциялар да ұйымдастырылған.

Онда жол тәртіп сақшылары білім беру ұйымдарына барып, оқушыларға жолда жүру қауіпсіздігі жөнінде баяндамалар оқып, патрульдік полиция қызметкерлерінің қатысуымен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Десек те, бөлім бастығының сөзінен биыл жол-көлік оқиғасының саны артқанын аңғарамыз.

Есепті кезеңде көрсеткіш 14-тен 28-ге, яғни 100 пайызға өсіп кеткен екен. Жол ережесін бұзушылар қатарында жасөспірімдер де бар. Олардың қатысуымен былтыр 4 жол-көлік оқиғасы бой көтерсе, биыл ол 7-еуге жетіпті. Бұдан бөлек жыл басынан бері жолда жүру тәртібін сақтамаған 1865 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, автокөлікті мас күйінде жүргізген 38 жүргізушінің ісі сотқа жолданды.

Жалпы алғанда 61 азамат жүргізушілік куәлігінен айрылған. Әрине, күні бүгін аудан аумағындағы автокөліктер саны жыл санап көбейіп келе жатыр. Ал көшелер өте тар. Осы жайтты ескерсек, онда небәрі 12 айдың ішінде жол-көлік оқиғасының да өсіп кетуі заңды құбылыс болса керек.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521