Өткен жұма жылыойлықтардың жадынан көпке дейін өшпейтіні анық. Айдың-күннің аманында қаланың қақ ортасында дүниенің астан-кестенін шығарған жойқын жарылыс болды. Көрген жұрттың жағасын ұстатқан қайғылы оқиғаның салда- рынан бір отбасының тірегі – ерлі-зайыпты жандар ажал құшты. Бұл жағдай олардың тума-туысқанының ғана емес, барша жерлестерінің де жүрегін қан жылатып, қабырғасын қайыстырды. Жарылысқа жақын жерде жүріп зардап шеккен 14 адам сол бір қорқынышты қатерден аман қалғанына тәубе дескені сөзсіз.
Құлсары қаласының Махамбет Өтемісұлы даңғылының бойында орналасқан «Ниет» жанар-жағармай құю бекетінде газды-ауалы қоспаның салдарынан көкке шапшыған жарылыс күндізгі сағат 18:46 минутта орын алды. Қызыл жалын айналасындағы үш бір қабатты үй мен жақын маңдағы екі қабатты ғимаратты да шарпып, 450 шаршы метр аумақты отқа орады. Соның салдарынан бекетте жұмыс жасап жүрген қос қызметкер мен 14 адам әртүрлі деңгейдегі дене жарақатын алып, «Жедел жәрдеммен» аудандық орталық ауруханаға шұғыл жеткізілді. Жарылыс салдарынан бой көтерген алапат өрт аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің өртке қарсы қызметінің жедел әрекет етуінен кешкі сағат 21:47 минутта толық сөндірілді. Қауіпті аймақ қоршауға алынып, автокөліктер мен жаяу жүргіншілер қозғалысы тоқтатылып, толық бақылауға алынды. Және полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшыларының болжауынша, жарылыс газ таситын жүк көлігінен бекеттегі қазандыққа автогаз құйып жатқан уақытта болған. Бұл жөнінде облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Нариман Өтешов:
-Бізге жарылыс жөніндегі хабарлама 30 мамыр күнгі сағат 18:50-де келіп түсті. Осы ақпарат негізінде облыстық департамент Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» деп аталатын 292-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі таңда өрттің себебін анықтау мақсатында департаменттен үш, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен тағы үш маман оқиға болған жерде жұмыс істеп, жедел тергеу шаралары жүргізілуде. Жалпы есеппен отты ауыздықтауға 81 адам мен 17 техника жұмылдырылды,-деді ол.
Алғашқы медициналық тексеру мен тиісті диагностикадан кейін ауруханаға 10 науқас жатқызылды. Олардың 7-еуі орташа ауыр, 3-еуі жеңіл жарақатпен түскен. Кейін олардың саны 16-ға жетті. 3 науқас облыстық ауруханаға ауы- стырылды, 6 науқас амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне жіберіліп, 5 науқас аудандық ауруханадағы дәрігерлердің бақылауында. Зардап шеккендер толықтай медициналық көмек алып, сауықтыру мақсатында облыстан арнайы мамандар мен меди- цина қызметкерлері, сондай-ақ күйік орталығының дәрігерлері де келді.
-Ауруханадағы медициналық көмек көрсетіліп жатқан науқастардың жасы – 25-75 аралығында. Олардың күйік шалу көрсеткіші – 5-22 пайыз арасында. Жалпы жағдайы тұрақты. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ,- деді аудандық орталық аурухана директоры Асулан Әбдірахманов. Төтенше жағдайға байланысты облыс әкімі Серік Шәпкенов шұғыл мәжіліс өткізді. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев арнайы келіп, аудан әкімі Жұмабек Қаражановпен бірге жағдайды көзбен көріп, тиісті шаралар қабылдады. Сондай- ақ жедел жиын өткізіп, зардаптарды жою жайын талқылады. Оған аудан әкімінен бөлек, аудандық және қалалық арнайы қызметтердің басшылары, төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары қатысты. Жиында апаттың себеп-салдары сөз болып, зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету, қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде ұсыныстар жолданды. Бұл ретте аудан әкімі Жұмабек Қаражанов оқиғадан зардап шеккен жергілікті тұрғындар мен қаза болған жандардың отбасына көңіл білдірді:
-Зардап шеккен азаматтармен ауруханада кездесіп, жағдайларын көрдім. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Қайтыс болған жандардың отбасыларына барып, көңіл айтып, қолдау білдірдік. Жанұясына тиісті көмек көрсетілді. Қайғыны бөлісіп, бірге еңсеру - біздің басты міндетіміз. Біз біргеміз! Осындай сын сағатта бірлігімізді жоғалтпай, бір-бірімізге демеу болуымыз қажет,-деді аудан әкімі. Иә, бұл қайғылы оқиға баршамызға ащы сабақ болғаны рас. Сақтық, қауіпсіздік мәселесі өз алды- на, жанар-жағармай құю бекеттерінің халықтың көп шоғырланған қаланың қақ ортасында орналасуы қандай ауыр зардаптарға әкеп соқтыратынын көрсетті. Абырой болғанда, жүк көлігінің үстіндегі 25 тонналық газ қазаны жарылмай, көп қатерден Құдай сақтады. Әрине, жергілікті биліктің, дәрігерлер мен құтқарушылардың дер кезінде көрсеткен көмегі мен қолдауы, тұрғындардың бірлік пен жанашырлық танытуы - ауыр жағдайды жеңілдетуге сеп болғаны рас. Десек те, бір отбасының ұл-қыздарын жетімсіретіп кеткен бір шаңырақтағы әке-шешенің қазасының орнын кім толтырады?! Енді мұндай қайғылы оқиғаға жол берілмесе екен деп тілеріміз хақ. Бірақ дұға тілеу бір басқа, әрекет ету – бөлек мәселе. Сондықтан осы салаға жауапты құзырлы орган басшылары оқиғадан ащы сабақ алып, дұрыс шешім шығарады деп сенеміз.
Д.ІЗБАСАРОВА