Жоба жетістігі мол

Жуырда «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асып жатқан “Жүректен жүрекке” қоғамдық қорының “Теңіз жүрегі” жобасы аудандағы ерекше қамқорлықты қажет ететін 35 балаға арналған бірнеше шеберлік сабақтан тұратын жазғы фестиваль ұйымдастырды. Мұнда балалар арт-терапия, сабын жасау, бөтелке безендіру, гипс бояу, брелок жасау сияқты шығармашылық іспен айналысып, бос уақыттарын тиімді өткізді.

Иә, ауданда 7891 бастауыш сынып оқушысы болса, олардың 126-сы ерекше білім беруді қажет ететін балалар. Бұл – әрқайсысы ата-ана мейіріміне, ұстаз жанашырлығына ғана емес, қоғамның қамқорлығы мен жүректегі жылы сөзіне мұқтаж бүлдіршіндер деген сөз. Сол себепті олардың ортаға бейімделуі мен өнер-білімге құштарлығын ояту үшін жасалып жатқан әрбір іс – ерекше маңызды.

Бүгінде осындай игі мақсат жолында атқарылып жатқан игі бастамалар мен іс-шаралар да аз емес. Соның бірі де бірегейі – ересектерден құралған «Теңіз жүрегі» еріктілер тобы. 2023 жылы бастау алған командалық жоба ТШО қызметкерлерінен құралған. Олардың қызметі игі іспен айналыса отырып, жақсылық жасауға, ерекше балаларға көмектесіп, қоғаммен тығыз байланыс орнатуға бағытталған. Бұл жөнінде жоба жетекшісі Ырысты Жексенбаева:

– Жоба, негізінен, төрт бағытта жұмыс істейді. Олар: экология, білім беру, инклюзия және әлеуметтік бағыттар. Жоба осыдан екі жыл бұрын басталды. Сол уақыт ішінде қаншама қайырымдылық шарасын өткіздік. Қала берді «Мектепке жол» акциясы жыл сайын өткізіледі. Осы бастаманың аясында бүгінге дейін Құлсары қаласының 400-ге жуық оқушысын мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Сонымен қатар, Теңіз қалашығынан ағылшын тілін жетік меңгерген еріктілер келіп, Құлсарыдағы балаларға тегін тіл үйретеді. Бұл сабақтар апта сайын өтеді. Әрине, ерекше балаларға қолдау білдіретін жобалар еліміздің әр бұрышында өтіп жатыр. Бұл қуантарлық жағдай. Өз басым ел ертеңімен жұмыс жасағанды ұнатамын. Сол үшін осындай жоба ашуды жөн көрдім. Ерекше бүлдіршіндердің аналарының ішкі жай-күйін, сезімдерін толық сезінбесем де, қолымнан келгенше көмектескім келіп тұрады. Олардың да бір сәт демалып, балаларының жеке жұмыс жасағанын көрсе дейміз. Жазғы фестивальдің мақсаты да осы,-дейді өз сөзінде.

«Теңіз жүрегі» волонтерлық тобының ұйымдастыруымен биыл жазғы фестиваль екінші рет өтіп отыр. Іс-шара тек көмекке зәру балаларға арналған шара емес, ол үлкен жүректен шыққан шынайы жанашырлықтың көрінісі. Бүгінде еріктілер тобының құрамында 60-қа жуық «Теңізшевройл» қызметкері бар. Олар ерікті бола отырып, өз мамандығына ғана емес, қоғам алдындағы азаматтық борышына да адал жандар екенін дәлелдеп келеді.

– Иә, жазғы фестиваль биыл екінші рет өтіп жатыр. Және жоспарға сәйкес жоғары деңгейде өтуде. Балалардың жетістігіне қуанған аналарға қарап біз де ерекше әсерге бөленіп, шабыттанып тұрмыз. Мұндай шаралар тек Құлсарыда ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де тоқтаусыз өткізілу керек. Себебі бала – біздің болашағымыз. Олардың шетте қалуына жол бермей, керісінше қатардан қалмай, оқып-біліп, дағды қалыптастыруына көмектесуіміз қажет. Бұл ретте топ мүшелерінің «English club» атты ағылшын тілін үйрету курсын жүргізетінін де айта кеткенім жөн шығар. Себебі шет тілдерін білуге құмартатын жасөспірімдер көп. Олардың қызығушылығын арттырып, тілегін қолдан келгенше орындағымыз келеді,-дейді «Теңізшевройл» компаниясының үштілді аудармашысы Әліби Рымханов.

Шараға келген балалардың ата-аналары да өз қуаныштарын жасыра алмады. Солардың бірі – Құлсары қаласының тұрғыны Айгүл Асанова:

– Балам көп сөйлемейді, бірақ айтқанды түсінеді. Көңіл-күйі керемет. Ұйымдастырушылардың айтқанын тыңдап, «жаса» дегенін жасап отыр. Бүгін күндегіден ерекше қуаныш үстінде. Осылай көңіл бөлгені үшін жоба жетекшісі мен ұйымдастырушыларына үлкен алғысымды білдіремін. Еріктілердің жұмысы елене берсін. Ерекше балаларға қамқорлықты сездіру – үлкен сауапты іс, ал осындай бала тәрбиелеп отырған аналарға қолдау білдіру – ең үлкен жақсылық,- дейді ол тебірене.

Иә, қамқорлық пен жан жылуын қажет ететін ерекше балалар үшін мұндай фестивальдар үлкен өмірге деген сенімді нығайта түседі. Бүгінгі кішкентай жүрек иелері – ертеңгі үлкен қоғамның мүшелері. Ал олардың көңіліне жылу сыйлай алған әр адам – ұмытылмасы анық. Алдағы уақытта «Теңіз жүрегі» жобасы дәстүрлі «Мектепке жол» акциясын жалғастырмақ. Бұл жолғы қамқорлық аясында тағы қанша баланың жүзі жадырап, қаншама баланың қиялына қанат бітетінін кім білсін?! Жалпы айта кету керек, бұл жоба аясында күні бүгінге дейін 400-ден астам қайырымдылық шарасы жүзеге асқан екен.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT