Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Өткен демалыс күндері қалада ызғар боран тұрып, толассыз жауған қар тұрғындарды біраз әбігерге салды. Сағаттап түскен жаңбырлы қар жолдарды қайта жауып, қардың соңы жаңбырға ұласып, тайғақ жол салдарынан көлік қозғалысын да қиындатып жіберді. Қаланың коммуналдық қызметтері мен арнайы техникалар атап айтқанда “Жылыой Тазалық” мекемесі қызметкерлері жолдарды ашық ұстау үшін кешенді шараларды іске қосты.

Қар басталған сәттен бастап қалада арнайы техника мен жұмысшы топтар іске қосылды. Жалпы, қалада 12 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Бұл техникаға 2 щеткалы және реагент себетін КДМ техникасы, 4 автокөлік жолдарын тазалауға арналған Щеткалы МТЗ тракторлары, 2 тиегіш погрузчик, 2 самосвал, 2 “ROVER CNOW” тротуарларды қардан тазалау және реагент себу техникасы, сондай-ақ 2 тротуарларды тазалайтын механикалық щеткалы аппараттар кірді.

“Жылыой тазалық” мекемесінің басшысы Ақансері Нұрлыбайұлы мәлімдегендей, қар тазалау жұмыстарына 66 қызметкер екі ауысымда жұмылдырылып, аудан аумағы толықтай қамтылды. Кешенді жұмыстар полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып жүргізілді. Қалаішілік автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдары әлі де қардан тазаланып, тайғақтықтың алдын алу үшін жол жиектеріне жиналған қар самосвалдарға тиеліп, арнайы орындарға шығарылуда. Тайғақтықтың алдын алу мақсатында қаланың көшелеріне шамамен 40 тонна тұзды реагент шашылды. Бұл шаралар қаланың жол қозғалысын қалыпқа келтіруге және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жауапты мекеме басшысының айтуынша, қар тазалау жұмыстары қардың жаууына қарамастан үздіксіз жүргізілді.

- Қала тұрғындары үшін жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық күш пен техника жұмылдырылды. Қар тазалау жұмыстары қар жауған сайын үздіксіз жүргізіліп, тұрғындар үшін ашық әрі қауіпсіз жол жағдайын сақтау бағытында жалғасатын болады. Қазіргі уақытта “Казгидромет” тарапынан алдын ала ескертілмеген қолайсыз ауа райы жағдайы орын алуда. Қардың жаууы туралы ресми ақпараттар болмаса да, боранды ауа райына дайын болдық,-дейді Ақансері Нұрлыбайұлы.

Қалалық коммуналдық қызметтер тұрғындарға қарлы күндерде жолда абай болуды, көліктерін қауіпсіздік талаптарына сай пайдаланып, жаяу жүргіншілерге сақ болуды ескертеді. 

А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT