“ЖҰМА ҚАБЫЛ БОЛСЫН” суреті бес жылға бас бостандығынан айырдыайырды

Адам сақтанып жүрсе де, деструктивті ағымдардың құрығына түсіп қалып, заң алдында жауапқа тартылуы әбден мүмкін. Әсіресе, жастар мен жасөспірімдерді торға түсіру қиын емес. Қарапайым жұрт аңғалдығымен аңғармаса да, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490 және 453-баптары бойынша абайсызда айыппұл арқалап алуға болады. Сондықтан нені біліп, неден тыйылуымыз керек?

Өткен жұмада аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Атыраудан арнайылап «Шапағат» қоғамдық қорының теологтары келді. Олар Құлсары қаласындағы “Жылыоймұнайгаз” мұнай-газ өндіру басқармасының бас кеңсесі ғимаратында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиынға басқарманың қызметкерлері мен ерікті аудан тұрғындары қатысты. Алғаш болып сөз алған «Шапағат» қоғамдық қорының теологы Әнуар Кеңес өз сөзінде:

-Қазіргі таңда дін атынан жалған сөйлеп, қой терісін жамылған қасқырлар көп. Оның кейбірін мемлекет бұғаттағанмен, ғаламторды түгелдей бақылауға алу мүмкін емес. Себебі, ондағы біз қолданатын ірі сайттардың барлығы дерлік шет мемлекеттерге тиесілі. Қарапайым мысал келтірсек, теріс дінді насихаттағаны үшін сотталған кей азаматтардың кезіндегі дәрістері ғаламторда өріп жүр. Және ескертетін ең бірінші жайт: өзіңіз мағынасын білмейтін өзге тілдегі жазбаларды еш жерде жарияламаңыз. Себебі, осыған дейін де осы мәселе бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Кәмелет жасқа толмаған бір ер бала өзінің әлеуметтік желісіне «Жұма қабыл болсын» деген сурет салады. Бірақ, суреттің төменгі жағында өзі түсінбеген араб қарпімен сөздер жазылған екен. Түптеп келгенде, сол арабша сөйлем Қазақстанда тыйым салынған “ИГИЛ” қозғалысының әнұраны болып шығады. Заң алдында жауапқа тартылған жасөспірім 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Осыған ұқсас бірнеше жайттар кездеседі. Немесе кей азаматтар бірнеше жылдар бұрын өзінің әлеуметтік желісіне діни жазбалар жариялайды. Ол жазбалар дәл сол уақытта рұқсат етілгенімен, уақыт өте келе тыйым салынған діни әдебиетке айналады. Соның әсерінен, жаңағы жазбаны өшірмеген ол ақыры айыппұл арқалады. Ата-аналардың қаперіне алатын тағы бір мәселе бар. Біз негізі мектепте де түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Дегенмен, ол жердегі жасөспірімдер жіті мән бермегендіктен, мәселенің өзектілігін түсінбей жатады. Сондықтан, арнайы мекемелерге барып ата-аналармен дәріс өткізуімізге тура келеді. Жас түлектер үлкен қалаға барғанда жаңадан көрген дүниеге әуес болады. Ал, арам ойын ішіне сақтаған кей ағымдарға керегі де сол. Алғашында жас жеткіншектердің көңілінен шығу үшін оларға тегін нәрсе ұсынады. Мысалы, тегін ағылшын курсы деген сияқты желеумен жарнаманы жарқыратып қояды. Алғашында шыныменде-ақ шет тілінде сабақ өтеді. Бірақ, бара-бара сенімге кірген соң, теріс ағымдарын баланың бойына сіңіре бастайды. Миы уланған жасты қалыпты өмірге қайтару қиынға түседі. Сондықтан, арзанның тұзы татымайтынын ескертуіңіз керек,-деді.

Екінші спикер Аққу Алшын жекелеген баптарға түсінік берді:

- Қазақстан Республикасы  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабының 1.1-тармағы бойынша діни жораларды, рәсімдерді және жиналыстарды өткізу кезінде белгіленген талаптарды бұзуға болмайды. Қарсы жағдайда үш айға дейінгі мерзімде қызметі тоқтатылып, жеке тұлғаға 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), заңды тұлғаға 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Діни қызмет және діни бірлестіктер заңының 5-бабы 7-тармағында көрсетілгендей, барлық діни іс-шара өткізілетін жерлердің барлығы алдын ала келісілуі керек. ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабының 1.3-тармағы бойынша діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз таратуға болмайды. Айыппұл көлемі жеке тұлғаға 50 АЕК, заңды тұлғалар үшін 200 АЕК- ті құрайды. ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабының 2-тармағында заңды діни қызметке кедергі келтіруге болмайтыны ескертілген. Заңды бұзған жекелей азаматтарға –– 145850 теңге, заңды тұлғаға 291700теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабының 2-тармағы сүйене отырып, әлеуметтік желіде діни араздықты қоздыруға, экстремизмді немесе терроризмді насихаттауға бағытталған материалдарды таратпауға шақырамыз . Ережені бұзсаңыз, бұл жерде де айыппұл арқалайтын боласыз. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сіздерге заңды тіркелген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағызшыларын ғана тыңдауға шақырамыз және өзіңіз мағынасын түсінбейтін өзге қаріпте жазылған сөздерді әлеуметтік желіде жарияламаңыз,-деп қатаң ескертті.

Түсіндірме жұмыстарынан кейін қатысушылар қос теологқа көкейде жүрген көп сауалдарын қойды. Бұл жерде де мүдірмей жауап берген діни қызметкерлер кеселдің алдын тек бірігіп жеңуге ғана болатынын ескертті. Себебі, әлеуметтік желіге ешкімнің күші келмейді.

Байырғы замандай Атыраудан Алтайға айлап жүретін кез емес, АҚШ-тан Астанаға дейінгі аралықты санаулы секундта байланыстыратын ғаламтордың билеген кезеңі. Компьютерге антивирус қондырғандай, әр балаға алдын ала тиісті ақпаратты беріп, қауіптен қорғанысты қара шаңырақтан бастап қалау керек. Жастарымыз жат ағымның жетегіне кетпес үшін жетесіз ел болмай, жеті ғасырлық тарихымызды білуіміз керек. Себебі, ата-бабамыздың салып кеткен сара жолы ешқашан адастырмайды.

Е.АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT