Жұлдызы жанған жанұялар

Елімізде, міне, он жылдан астам уақыт өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы аудан, облыс, республика көлемінде көптеген отбасыларды танытты. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы №181 «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қаулысынан кейін бастау алған бұл байқау талай әулеттің бағын ашып, отбасы құндылықтарын паш етті.

Расында да "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсы о баста адамгершілік құндылықтарын жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған еді. Конкурсты өткізудегі мақсат - отбасы институтын, адамгершілікті, руханиятты нығайту, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану. Ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқорлық жасауын дәріптеу және оны кеңінен насихаттау, қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау болды. Он бір жылдың ішінде байқау осы мақсат үдесінен шыға алды ма, «Мерейлі отбасыларды» кейінгі буын жастарға үлгі-өнеге етіп, ерлі-зайыптылар арасындағы ажырасуды аз да болса тоқтата алдық па, ұрпақ тәрбиесіндегі осал тұстардың олқылығын толтырып, жасөспірімдер арасындағы тәртіпсіздік пен құқық бұзушылық тыйылды ма? Жыл сайынғы байқау жеңімпаздарын көріп, ел ертеңіне бейжай қарай алмайтын азаматтарды осы мәселелердің шешім табуы алаңдатса керек.

Иә, бұл байқау киелі мекен – Кең Жылыойдың жерінен де небір мерейі үстем отбасыларды бүкіл Атырау аймағына, қала берді Қазақ еліне танытты. Солардың қатарында байқау тұңғыш рет ұйымдастырылған жылдары республикалық кезеңнен алғашқы болып жүлделі орынды иеленген Бешімовтер отбасы өз әулетінің мерейін ғана емес, бүкіл Жылыой өңірінің абыройын асқақтатқаны анық. Міне, содан бері ауданнан алға озып шыққан жанұялар шықпаса да, облыстық кезеңде жеңімпаз атанған отбасылар аз болмады. Он жылдан астам уақыт ішінде бір ғана Жылыойдың өзінен 40-қа тарта отбасы осы байқауда бақ сынап, отбасындағы ұлттық құндылықтарды дәріптей білді.

Бүгінде сол үрдіс өз жалғасын тауып келеді. Өткен дүйсенбі күні Құлсары қаласындағы «Нұрасыл» мейрамханасында «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің өтуі дәл соның айғағы болды. Онда өңірімізде тұратын барлығы төрт отбасы қатысып, бақ сынады. Олардың қатарында құлсарылық Арыстановтар, жаңақаратондық Әжібаевтар, шоқпартоғайлық Қожиевтер және майкөмгендік Аңдамасовтар отбасылары бар.

Салтанатты марапаттау қарсаңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақова барша қатысушы отбасыларды аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың атынан құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін білдірді.

Содан кейін әр әулет туралы мәліметтер алдын ала түсірілген бейнеролик арқылы таныстырылып, әр отағасы өз отбасы жайлы ауызша да деректер беріп, барша конкурсқа қатысушы әулетке сәттілік тіледі. Арыстановтар, Аңдамасовтар отбасынан шыққан балғын өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салып, «әсем ән мен тәтті күйге» де кезек берілді.

Ақыры жеңімпаздарды анықтайтын сәт те келіп жетті. Арнайы комиссия мүшелерінің төрелік етуімен Құлсары қаласынан қатысқан Гайдар ақсақал мен «Алтын алқалы» ана Жаңылсын Сабырқызынан таралған Арыстановтар отбасы мен Майкөмген ауылынан бес қыз тәрбиелеп өсірген Алмаз бен Райханның әулеті – Аңдамасовтар отбасы «Мерейлі отбасы – 2025» конкурсының жеңімпаздары деп танылып, облыстық кезеңге жолдама алды. Қос отбасы да арнайы дипломмен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Ал Қожиевтер мен Әжібаевтар жанұясы конкурсқа белсене қатысқаны үшін ұлығыланып, сый-сияпаттан да құр қалмады.

Осылайша жеңімпаз қос отбасы облыстық кезеңде аудан намысын қорғайтын болды. Ендеше, екі әулетке де сәттілік тілеп, жеңімпаздар санатынан көрінуіне тілектестігімізді білдіреміз.

 

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT