«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған басым бағыттың бірі. Онда мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды тапсырды. Бір қуанарлығы, айтылған сөз іс жүзінде де жүзеге асып жатыр. Оған аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың апта сайынғы атқарып жатқан жұмыстары дәлел.
Тыңдағаннан көзбен көрген тиімді
Бүгінде аудан басшысына көптеген мәселелері бойынша арыз-шағым жолдап, жеке қабылдауын сұрап жататын аудан тұрғындары аз емес. Аудан басшысы соның барлығына уақыт тауып, проблемаларын тыңдайды. Соңғы екі апта көлемінде Жұмабек Байрақбайұлы аудан тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша екі рет қабылдады. Бұл жөнінде аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жеке қабылдауға келген азаматтардың көпшілігі жұмыссыздық, әлеуметтік көмек және тұрғын үй құжаттарын рәсімдеу секілді мәселелерді көтерді. Қабылдау барысында олардың өтініштерін мұқият тыңдаған аудан басшысы әр мәселеге жеке тоқталып,әрқайсысын заң аясында шешу жолдарын түсіндіріп берді.
Бірқатар күрделірек мәселелерге байланысты жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, орындалуын қадағалауға алатын болды.
Әрине, тұрғындардың түйткілді мәселелерін тыңдап, оған зер салу өз алдына, оны көзбен көріп, басы-қасында болу бөлек әңгіме. Жеке қабылдаудан кейін аудан әкімі Ж.Қаражанов кейбір тұрғындардың көтерген мәселелері бойынша тиісті мекен-жайларға аяқтай барып, қарап, айтылған жайттарды өз көзімен көріп қайтты. Өйткені, қабылдаудан кейін міндетті түрде барып анық-қанығына көз жеткізгеннен кейін көп нәрсе анықтала түседі.
Бөгет мәселесі – басты назарда
Қазіргі ең өзекті мәселенің бірі - Шоқпартоғай аумағынан өтіп жатырған Жем өзені арнасына бөгет салу мәселесі болып отыр. Бұл жөнінде Жем мен Қара-Арна ауылдық округі тұрғындарымен бірнеше рет жиын өткізілгені белгілі.
Осыған орай, өткен аптада аудан әкімі Жұмабек Қаражанов Шоқпартоғай және Тұрғызба ауылының тұрғындарының қатысуымен жиын өткізді. Әрине, мұндағы мақсат - екі жақтағы ағайынның да өтініш-тілектерін мұқият тыңдай отырып, заңды шешімін қабылдау.
Бұл ретте аудан басшысы жиналған тұрғындарға заң аясында түсінік беріп, жауапты бөлімдерге тиісті тапсырмаларын бердім.
Басты талап - баланың қауіпсіздігі
Бүгінгі таңда, ауданда 20 мектеп пен 24 балабақша болса, оның 3-еуі жеке меншік мектепке дейінгі мекемелер. Қазір оларда 1804 педагог қызмет етіп жатса, 19 мыңға жуық оқушы білім алу үстінде.
Өткен аптада аудан әкімі Жұмабек Қаражанов өңірімізге қарасты мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерімен кездесті. Онда бірқатар өзекті мәселелерді талқылады деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жиында аудан басшысы мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиешілерінің сапалы білім мен саналы тәрбие алуы жолында жасалып жатқан іс-шаралардың нәтижелі және қолайлы болуы үшін жұмыстану қажеттігін баса айтты.
Кейін мектеп және балабақшы директорлары сөз сөйлеп, білім беру ұйымдарының мәселелері туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Кейбір өзекті мәселелерін ортаға салды.
Басқосуда балалардың қауіпсіздігі де сөз болды. Аудан басшысы мектептер заманауи турникетпен, бейнебақылау камераларымен қамтылып, полиция органының бірыңғай жүйесіне қосылу жұмысын жеделдетуді тапсырды.
Кездесуден кейін аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы қаладағы мектептер мен балабақшаларды аралап, олардың жәй-күйімен жақынырақ танысты.
Бiлiм беру саласы қоғамның әлеуметтiк-экономикалық дамуында жетекшi рөл атқаратынын, ал, білім алушыларды бәсекеге қабілетті маман етіп даярлауда осы саладағы мекемелердің алар орны ерекше екендігін айрықша атап өткен аудан әкімі аралау барысында білім сапасымен қатар балалардың қауіпсіздігі де маңызды екенін айтты.
– Балаларымызға қолайлы жағдай жасау үшін бар күшімізді салуымыз керек. Аудандағы тозығы жеткен білім ошақтарын толық тексеріп, қысқа мерзімде қажетті ұсыныстар беруді тапсырамын, - деген Ж.Қаражанов жауапты бөлім басшылығына мектепішілік кейбір мәселелерді аудан деңгейінде шешу үшін бірқатар тапсырмалар берді.
Қаланы көркейтетін жоба
Қала ішіндегі аулаларды абаттандыру жобасы аясында №1, 2, 3, 4, 5 және Ұ.Абдрахманов көшесінде орналасқан 30 үйдің ауласына ойын алаңы, жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы салынып, асфальт төселеді. Бұл жұмыстарды 2024 жылдың күз айларына дейін аяқтау жоспарланған.
Осыған орай өткен аптада аудан әкімі Жұмабек Қаражанов Құлсары қаласындағы 30 ауланы абаттандыру бағытында жасалып жатқан жұмыстардың басына барып, жұмыс барысымен танысты.
Бұл бағытта жасалып жатқан құрылыс жұмыстарын бақылап, көзімен көрген аудан басшысы жұмыс барысындағы кейбір кемшіліктерге орай сын-ескертпелер беріп, оларды қалпына келтіруді тапсырды. Сондай-ақ, жауапты мекемеге күнделікті бақылауды күшейтуді тапсырып, мердігер мекемеге жұмыс сапасына баса мән беру қажеттігін ескертті.
Абаттандыру жобасы 2023-2024 жылдар аралығында жүзеге асатын болады. Жобалаушы мекеме «Вибо-строй» ЖШС болса, мердігер мекеме «Өмірзақ» ЖШС болып табылады.
"Мақаланың жалғасын" Кең Жылой" басылымынан оқи аласыз"
Ербол Қошақанов.