Аудандық полиция бөліміне арыз берген әйел адам өзінің 6 жасар баласына 13 пен 16 жастағы мектеп оқушылары тиісіп, қорқытып жүргенін жазған. Яғни көрші ықшамауданда тұратын жасөспірімдер сабақтан тыс бос уақытында оның ұлын ойнап жүрген жерінен ұстап алып, ұятсыз істерге итермелейтін көрінеді. Әйел оны дәрігерге қаратқан кезде барып түсінген.
Мектеп оқушыларының жыныстық қол сұғушылыққа баруы жөніндегі бұл мәселе полиция шеңберінен шығып, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының кезекті отырысында қаралды. Онда комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақова мен оның мүшелері жасөспірімдердің бұл сорақы әрекетіне қатаң тыйым салу және оны алға қарай болдырмаудың жолдарын іздестірді.
Әрине, жәбір көрген баланың анасы, алдымен, бұзақы балалардың әке-шешесіне шағымданған. Бірақ, олар бұл жағдайды жоққа шығарып, жасөспірімдерге шаң жуытқысы келмейді. Комиссия мүшелері мұның өте күрделі әрі қоғам үшін қауіпті мәселе екенін айтып, аяқсыз қалдырмауды тапсырды. Сондықтан бұл бойынша қылмыстық іс қозғалып, экспертизалық зерттеу тағайындалатын болды.
Бір ана осылайша баласының болашағы үшін шыр-пыры шығып жүрсе, енді бір аналар бар перзентінің болашағына балта шабудан қорықпай жүр. Комиссия отырысында Н. есімді азамат өзінің 4 баласының шешесіне қатысты шағымын жеткізді.
Ол әйелі екеуінің бір-бірін мүлде түсінісе алмайтынын, жұбайының жаман әдеттерге әуестенгенін, осылайша балаларының алдындағы аналық міндетін мүлдем орындамайтынын жеткізіп, оны аналық құқығынан айыруды сұрады. Шағымданушы ер-азаматтың айтуынша, өзі жұмыста болған кезде әйелі үйге қонбай, ішімдік ішіп, әр жерде қаңғырып, шиеттей бала-шағасын қараусыз қалдырып кетеді екен. Тіпті оқуына деп берген ақшаны да жойып, қарызға батырғанына налыды. Сондай шешенің кесірінен балалары сабақтан қалып, тіпті психологиялық тұрғыдан зардап шегіп отырғанын жасырмай айтты.
Бірақ, комиссия мүшелері ешқандай дәлел-дәйексіз балалардың шешесін аналық құқығынан айыра алмайтынын жеткізді. Сондықтан соттың шешімін күтетін болды.
Ал комиссия отырысында қаралған үшінші мәселені комиссия мүшелері мектепішілік бақылауға қоюды ұсынды. Балалардың арасында болып жататын «ойыннан от шығарған» ата-аналарына ескерту беріп, аса шу шығарудың қажет еместігін алға тартты. Тек балаларына жақсы тәрбие беріп, дұрыс бағытын көрсетсе, перзенттері де үмітін ақтайтынына сенім білдірді.
Перизат ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ