Қазақ халқы «жеті қазынаның бірі» деп қастерлеген ит атаулының бүгінде көше кезген қаңғыбасқа айналғаны алаңдатады. Соңғы жылдары ауданда қараусыз иттердің күрт көбеюі тұрғындардың үрейін ұшырып отыр. Әсіресе, мектепке қатынап жүрген оқушылар мен кешкілік жұмыстан қайтатын қарапайым тұрғындар үшін күнделікті қауіпке айналды. Күн қысқарып, түн ұзара түскен сайын қаңғыбас иттердің топтасып жүруі жиілеген. Әлеуметтік желілерде тұрғындар көшеде кездескен иттердің шабуыл жасауы мүмкін екендігі жайлы бейнежазбалар мен дабыл хабарламаларын жиі жариялап, тиісті мекемелерден нақты шара қолдануды талап етіп жүр. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін аудандық ветеринария бөліміне барып, мекеме басшысы Нұрболат Өрбісіновпен сұхбаттасқан едік.
– Қазіргі таңда қаңғыбас иттермен күрес қалай жүргізіліп жатыр?
– Бүгінде қаңғыбас иттермен күрес – жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында. Әрбір ауылдық округ кәсіпкерлермен келісім шартқа отырып, иттерді аулау, уақытша оқшаулау, вакцинациялау жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл – жүйелі түрде атқарылып жатқан, алайда үздіксіз қадағалауды қажет ететін күрделі процесс.
– Иттердің көбеюіне қандай себептер әсер етіп отыр?
– Ең басты себеп – бақылаусыз көбею. Ит өте тез өсіп-өнетін жануар. Бір туғанда 3-7, кейде одан да көп күшік табады. Сонымен қатар тұрғындардың итті жауапсыз асырап, кейін далаға тастап кетуі де қаңғыбас иттердің көбеюіне тікелей әсер етіп отыр. Биылғы жылдың өзінде ғана 60-қа жуық ит қабу дерегі тіркелді. Бұл – қауіптің жоғары екенін көрсететін нақты көрсеткіш.
– Әлеуметтік желіде қойға шабуыл жасаған иттердің видеосы тарады...
–Өкінішке қарай, қаңғыбас иттерді анықтау мүмкіндігіміз жоқ. Дегенмен олардың адамдарға шабуыл жасау қаупі жоғары. Себебі қаңғыбас ит – иесіз, дала кезіп, аш жүрген жануар. Әсіресе, топ болып жүрген иттер аса қауіпті болып саналады. Олар үлкенге де, кішіге де, тіпті төрт түлікке қауіп төндіреді.
– Иттерді жаппай жою мәселесіне көзқарасыңыз қандай? Бұл мәселені қалай шешуге болады?
– Жаппай жою – мәселенің шешімі емес, әрі заңға да қайшы. Қаңғыбас ит мәселесін тек заңды жолмен, яғни стерилизация, вакцинация, уақытша паналау орындары арқылы шешуге болады. Бұл істе қоғамның да жанашырлық танытуы аса маңызды.
– Иттерді атуға болмайды деген заң күшінде ме? Паналау орындары жеткілікті ме?
– Иә, бұл заң әлі де күшінде. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қаңғыбас жануарларды атуға қатаң тыйым салынған. Яғни мәселе күш қолдану арқылы емес, заң аясында шешілуі тиіс. Ал уақытша паналау орындарына келсек, өкінішке қарай, бұл бағытта әлі де кемшіліктер бар. Ауданда толық қамтитындай паналау орындары жеткілікті емес. Кей жерлерде мүлде жоқтың қасы. Сондықтан қаңғыбас иттерді уақытша ұстау, емдеу, стерилизациялау жұмыстарын жүйелі жүргізуге инфрақұрылымның жетіспеуі – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. – Қаржыландыру жеткілікті ме?
– Иттерді ұстау, тамақтандыру, су, ветеринарлық қызмет көрсету, стерилизация жасау, вакцина егу, күтушілердің еңбекақысын төлеу – мұның барлығы қомақты қаржыны талап етеді. Өкінішке қарай, қазіргі бөлініп отырған қаржы бұл мәселені толық әрі сапалы түрде қамтып отыр деп айту қиын. Қаржыландырудың жеткіліксіздігі кейбір жұмыстардың уақытылы және ауқымды көлемде орындалуына кедергі келтіруде. Егер бұл бағытқа бөлінетін қаражат ұлғайтылса, қаңғыбас иттерді ұстап-қарау, емдеу, паналату жұмыстары да жүйелі жолға қойылып, мәселені кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік артар еді.
– Қаңғыбас иттердің көбеюіне жол бермеу үшін қандай нақты шаралар қажет?
– Ең бастысы – стерилизация жұмыстарын жүйелі әрі жаппай жүргізу. Бұл қаңғыбас иттердің санын азайтудың ең тиімді жолы. Сонымен қатар тұрғындарға жануарға жауапкершілікпен қараудың маңызын тұрақты түрде түсіндіру. Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын мектептерден бастап қоғамдық орындарға дейін кеңінен қамту қажет. Үй жануарларын міндетті тіркеуге алу, екпелерін уақытылы салдыру, бақылаусыз көбейтуге заң жүзінде шектеу қою да өте маңызды. Бұдан бөлек, жануарды көшеге тастап кетуге қарсы қатаң бақылау мен айыппұл тетіктерін күшейту керек. Бұл жұмыстар науқандық ғана емес, жыл сайын тұрақты түрде жүргізілген жағдайда ғана нақты нәтиже береді.
– Ит асырайтын тұрғындар нені білуі керек?
– Әрбір ит иесі өз қарамағындағы жануарын міндетті түрде тіркеуге қойып, ветеринарлық паспортын рәсімдеп, барлық екпе шараларын уақытылы алдыруға тиіс. Сонымен қатар итті қоғамға қауіп төндірмейтін жағдайда ұстауы, қоғамдық орындарда қарғыбаумен және тұмылдырықпен серуендетуі қажет. Итті қараусыз жіберуге, көшеде еркін жіберіп қоюға, өзгенің өмірі мен денсаулығына, мүлкіне зиян келтіруге жол беруге болмайды. Сондай-ақ жануарға қатыгездік көрсетпеу, асырап алған соң жауапкершіліктен қашпай, оны көшеге тастамау – әрбір азаматтың міндеті болып табылады.
– Үй жануарын далаға тастап кеткендерге қандай жаза бар?
– Үй жануарын жауапсыз түрде далаға тастап кету – заң алдында әкімшілік жауапкершілікке әкелетін әрекет. Мұндай жағдайда иесіне айыппұл салынады. Егер жануарды тастап кетудің соңы өзге адамдарға зиян келтірумен, жарақат алумен немесе ауыр салдармен аяқталса, онда қылмыстық жауапкершілік те қарастырылуы мүмкін. Бұл заң талаптары жануарға да, қоғамға да немқұрайлы қарауға жол бермеу үшін енгізілген. Сондықтан әрбір азамат асырап алған үй жануарына өмір бойы жауапты екенін терең сезініп, оны тағдыр тәлкегіне тастамауы тиіс.
– Балалар үшін қауіп деңгейі қаншалықты жоғары?
– Қауіп өте жоғары. Балалар – ең әлсіз және қорғансыз топ, сондықтан олар қаңғыбас иттердің тістеуінен, шабуылынан бірінші кезекте зардап шегуі мүмкін. Сонымен қатар қаңғыбас иттер тек физикалық қауіп төндіріп қана қоймай, түрлі жұқпалы, инфекциялық және паразитарлық ауруларды да таратуы мүмкін, мысалы – ішек паразиттері және басқа да қауіпті инфекциялар. Сондықтан ата-аналар балаларын көшеде қаңғыбас иттерге жолықтырмауға, ойын алаңдары мен мектепке баратын жолда ерекше бақылауда ұстауға тиіс. Қоғам мен жергілікті билік те балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды белсенді түрде қолдануы қажет.
– Қауіп төнген жағдайда тұрғындар қайда хабарласуы керек?
– Ең алдымен 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласу қажет. Сонымен қатар жергілікті ветеринарлық қызмет пен әкімдікке де мәлімет берілуі тиіс.
– Қаңғыбас иттер мәселесі қашан толық шешіледі деп ойлайсыз?
– Бұл бір жылда немесе қысқа мерзімде шешіліп кететін мәселе емес. Қаңғыбас иттердің көбеюі – жылдар бойы қордаланған түйткіл. Алайда жүйелі, жоспарлы әрі тұрақты жұмыс жүргізілсе, алдағы бірнеше жыл ішінде нақты оң нәтижелерге қол жеткізуге әбден болады деген үміт бар. Алдағы уақытта уақытша паналау орындарын көбейту, стерилизация көлемін арттыру, ветеринарлық қызметтің әлеуетін күшейту, қаржыландыруды ұлғайту сынды бірқатар жұмыстар жоспарланып отыр. Сонымен қатар тұрғындардың жануарға деген жауапкершілігін арттыру бағытындағы түсіндіру шаралары да күшейтіледі. Осы аталған жұмыстар өз деңгейінде атқарылса, қаңғыбас иттер мәселесі кезең-кезеңімен оң шешімін табады деп сенеміз.
Бұдан түйетін ой қаңғыбас иттер мәселесі – тек ветеринария саласына емес, бүкіл қоғамның ортақ. Тұрғындардың жануарға жауапкершілікпен қарауы, билік пен қоғамның бірлескен жұмысы ғана бұл түйткілдің түйінін тарқата алады. Әйтпесе, қазіргідей қауіп күшейе берсе, оның салдары ауыр болуы мүмкін.
А. Мейрамбайқызы



