Жеті атасын біліп, жеті ғасырлық тарихын түгендеген...

Тарихта «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен қалған XVIII ғасырдағы зар заман – жоңғар-қалмақ шапқыншылығы мен Жайық казактарының құқайы кезеңінде қазақ халқының ауызбірлігі мен ұлт ретінде ынтымағын сақтап қалуға күш салған тарихи тұлғалардың бірі — Әжібай би Болпышұлы мен оның інісі Арал батыр. Әжібай 1680 жылы туып, 110 жасында 1790 жылы бақи кешсе, ал 107 жасаған Арал батыр 1682 жылы дүниеге келіп, 1789 жылы опат болды. Қос бабамыздың сүйегі Құлсары қаласынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Бақашы қауымында жатыр.

Төл тарихымызды ұмытпай, бабасын ұлықтаған алты ата Әлім ұрпақтары, міне, жақында осы Әжібай би мен Арал батырға арнап ас берді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған алты алаштың баласы осы алты аталы Әлімнің асында бас қосты.

Иә, Мұхтар Шахановтың «Төрт анасындай» әр адам төрт құбыласын теңдей құруы керек. Сонда ғана рухани кемелденбек. Бұл басқосудың да тарихы терең. Ағымдағы ғасырдың бас жағында, дәлірек айтқанда 2004 жылы, ауыл ақсақалдары мен атқамінерлері бірігіп, «осы екі тарихи тұлғаға кесене тұрғызу керек» деген ұйғарымға келеді. Сол кездегі «Бекет ата» мешітінің шырақшысы Ислам қажы Мырзабекұлы мен Ұлы Отан соғысы ардагері Қапес Ыбырайұлы облыс әкімінің рұқсатын алып, Жылыойдағы жүрегі жомарт кәсіпкерлердің көмегімен кесененің іргетасын қалады. «Әжібай би» қоры ашылып, қалың жұрт та қалыс қалмай, бұл іске өз септігін тигізді.

Содан бері жыл сайын алты ата Әлім ұрпақтары ас беріп, алыс-жақын ағайынды шақыруды дәстүрге айналдырған. Тек пандемия кезінде амалсыздан үзіліп қалғаны болмаса, бұл жиын тоқтап көрген емес. Кесененің салынғанына 20 жыл толуына орай биыл сол дәстүр өз жалғасын тапты. Аталған шараға Айдос Сариев, Сардар Сейітниязов, Бақтығали Жиенқұлов, Мейрам Арынұлы, Сағындық Хисенұлы, Бағытжан Сүлейменұлы сынды азаматтар демеушілік етіп, осы астың басы-қасында болды. Ұйымдастырушылардың бірі Сағын Қапесұлы:

- Алыс-жақын ағайынмен қауышып, ата-баба рухына құран бағыштадық. Өткенімізді ұмытпасақ, болашақтың да жарқын болары сөзсіз. Атасының атымен жауға аттанған Абылай да алты алаштың туын жерге жықпаған. Біз де өз тарихымызды ұмытпай, ұлы тұлғаларымызды ұлықтай білсек, Жылыой жерінен талай ел билейтіндер де, найзасымен жау түйрейтіндер де шығарына кәміл сенеміз. Еліміздің көп облысынан қонақтар келді. Барлығына да алғысым шексіз,-деді ол өз сөзінде.

Әжібай би мен Арал батыр – тарих бетінен мәңгі орын алған тұлғалар. Өткенімізді өшірмей, болашақ ұрпаққа мирас етіп қалдыру – бүгінгі буынның басты міндеті. Бұл парызды мүлтіксіз орындау үшін де осындай басқосудың өтіп тұрғаны дұрыс шығар. Жеті атасы арқылы жеті ғасырлық тарихын түгендеген түбі бір алты алаш айбынды батырлары мен от ауызды билерін осылай ұлықтаса керек.

Е.Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521