Жерлесіміз Жаңабай - «Мұнайшы барысының» қола медаль иегері

Қазақстан мұнайының 120 жылдығына арналған мерекелік бағдарламалардың шымылдығы спорттық шаралармен ашылды.

Ол «Ембімұнайгаз» АҚ бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған «Мұнайшы барысы» атты қазақша күрестен өткен жарыс болды. Тамыздың 23-і, жұма күні Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінде өткен дүбірлі додаға 90 келіден жоғары абсолют салмақтағы сайдың тасындай іріктелген ірі де мықты 22 мұнайшы-палуан қатысып, күш сынасты.

-Биыл Қазақстан мұнайына - 120 жыл. Осыған байланысты сәуір айынан бастап компания мерекелік шаралар легін бастады. Солардың бірі - ембілік мұнайшылар арасында өтіп жатқан бүгінгі қазақша күрес. Мұнда компанияның өндірістік құрылымдық бөлімшелерінен келген 22 қызметкер боз кілемде бақ сынасқалы тұр. Біз бұл турнирді Ембі өндірісін игеруге алғашқылардың бірі болып атсалысқан, жасампаз еңбегімен қиындықты жеңе білген ардагер-мұнайшыларымыздың құрметіне арнаймыз, - деп атап өтті жарыстың ашылуында сөз алған «Ембімұнайгаз» АҚ-ның басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков.

22 палуанның ішінде «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының мұнайшылары да бар еді. Дегенмен олардың ішінен басқарманың жерасты жөндеу бригадасының операторы Жаңабай Мұхтаровтың бағы жанды. Ол 105 кг салмақ дәрежесінде боз кілемде белдесіп, өзі секілді төрт қарсыласымен күш сынасты. Бетпе-бет келген үшеуінен күші басым түскен жерлесіміз ширек финалда «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының палуаны Аян Тайжановпен кездесті. Қос палуанның күресі тартысты өтті. Жанкүйерлерді еш жалықтырған жоқ. Бірақ, ақтық айқаста Жаңабайдың мұқырлық палуаннан ұпай жіберіп алғаны аян болды.

Жарыстың нәтижесінде төрешілердің ұйғаруымен жылыойлық палуан жүлделі ІІІ орынды жеңіп алып, жарыстың қола медаліне ие болды. Компанияның атынан арнайы диплом мен 100 мың теңге ақшалай сертификатпен марапатталды. Ал Жаңабаймен белдескен Аян барлық қарсыласын тізе бүктіріп, «Мұнайшы барысы» былғары белдігін тақты. Жеңімпаздарға компания атынан өз дәрежесіне сай диплом, алтын, күміс, қола алқа мен сертификаттар табысталды.

1995 жылдың 9 қаңтарында Құлсары қаласында туған Жаңабай Мұхтаров Құлсары балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі еді. Бала кезінен дзюдо күресімен айналысқан. 2008 жылдан бері қарай облыстық турнирлерге, Қазақстан чемпионатына қатысып, бақ сынап, жүлделі орындарды жеңіп алып жүрді. 2014 жылдан бастап «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының жерасты жөндеу бригадасының операторы болып еселі еңбек етіп келеді. Палуан жігіт – басқармаға қарасты Құлсары, Прорва, Қаратон, Тереңөзек секілді іргелі кен орындарында жұмыс жасап, қара алтын қайнарын тасытуға зор үлес қосқан жас мұнайшы.

-Бұдан басқа Қазақстан мұнайының 120 жылдығының аясында компанияда бірнеше мерекелік шаралар ұйымдастырды. Атап айтқанда, өндірістік құрылымдық бөлімшелер арасында спартакиада, Атырау қаласы «Сарықамыс» мөлтекауданындағы мектеп оқушыларына арналған мұнай мен газ тарихына арналған ашық сабақ, «Менің бақытты балалық шағым» атты компания қызметкерлері балаларының қатысуымен шығармашылық сайыс, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-на қарасты еншілес мекемелер арасындағы спартакиада, Ұлттық компания бойынша республикалық «Үздік маман» сайысының 2-кезеңі, Прорва кен алаңындағы «Каспий самалы» мұнайшылар қалашығында компанияға қарасты барлық басқарма жастары үшін «Брейн-ринг» интеллектуалды ойыны өтті,-деді «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков журналистерге берген сұхбатында.

Ербол Қошақанов, арнаулы тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT