Жеріңнің аты –тарихтың хаты

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы негізінде облыс бойынша «Атаулар тарихы» атты ғылыми экспедиция былтыр өз жұмысын бастап кеткен болатын.

Биыл бұл топ киелі мекен – Кең Жылыойға ат басын бұрды. 16,17,18 сәуірде экспедиция мүшелері - тіл жанашыры, ҚР Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиев, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ономастика және көрнекті ақпараттарды бақылау жасау бөлімінің басшысы Жеміс Дияшовалар аудан аумағындағы тарихи орындарды аралап, туған өлкенің әр тасын білетін ақсақалдармен кеңесіп, жер-су атауларын түгендеуде көлемді жұмыс атқарды.

Аудандық балалар кітапханасында өткен алқалы басқосуда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрбай Сүйембаев, осы бөлімнің бас маманы Үміт Кенжина және аудан ақсақалдары Наурызбай Төлеуов, Сағын Мұханғалиев, Әбіл Бабасов, Оңдаған Мусиев, Оразғали Молдашев, Қонаш Қалдыоразов, Қоғабай Молдағалиев, Жылқыайдар Шегиров, Ізімғали Сүйесінов, Жолдыбай Тұрмағанбетов, Нұрдәулет Ақназаров, Тілеген Кәдіров т.б. экспедиция мүшелерімен бірге өлкенің жер-су атауларын нақтылады. Экспедиция мүшелері қолындағы аудан аумағына қатысты бүкіл жер-су атаулары туралы тізімдегі атаулар дұрыс па, оның шығу тарихы, географиялық орналасуы жайлы талқылап, мәліметтерді түзетіп, толықтырып отырды. Ақсақалдар, сондай-ақ, бұған дейін ескерілмей, тасада қап келген орындардың атауларын тізімге қосты.

Ауданда бірнеше күн болған экспедиция мүшелері сонау 1873 жылы іргесі қаланған Жылыой кенті, яғни ел арасында Қаңбақты аталған мекенге ат басын тіреді. Қосшағыл аудан орталығы болғанға дейін ауданның экономикалық, әкімшілік орталығы болған Қаңбақты - бұл күнде елсіз мекен. Ескі жұртта ел қонысының кейбір іздері, мешіттің қабырғалары сақталып қалған. Бұдан өзге Пір Бекеттің мешіт ұстаған жері, ата-анасы жерленген қасиетті орын – Ақмешітке, темір дәуірі, орта ғасырдан бері киелі жер атанған – Иманқараға барды. Иманқара үңгіріне 1944 жылдары неміс фашистерінің диверсиялық топтары жасырынған деген әңгімелер көпшілік жадында.

Ғылыми экспедиция осы тарихи жерлердегі ескі қорымдарды аралап, жергілікті жердің флорасы мен фаунасын да зерделеді. -2017 жылы төрт ауданды аралап шықтық. Бұлар - Құрманғазы, Исатай, Махамбет, Индер аудандары. Біраз атауларды жинақтадық. 1000-ға тарта жаңа атауларды нақтыладық, - деді Жеміс Дияшова бізді экспедиция мақсаттарымен таныстыра отырып, - Енді Жылыой ауданындамыз. Осы ауданның барлық округтеріндегі ақсақалдарды жинап, өңірге қатысты барлық тарихи жер-су атауларын, өсімдік, аң-құстардың атауларын түгендеу жұмысын жүргіздік. Ағаларымыз көп көмектесті. Көп атаулар нақтыланды. Артық-ауыс жүрген атаулар шығарылып тасталып, тасада қалған атаулар қайта жаңғыртылды. Жер-су атауларына қатысты қызықты деректерге қанықтық. Облыс аудандарын түгел аралап болған соң жинақталған материалдардың басын қосып, үлкен иллюстрациялық-анықтамалық кітап шығаруды жоспарлап отырмыз, - деді.

С.МҰРАТҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521