Құрылысы жүріп жатқан нысандарда былтыр 3 партиялық бекет ашылған. Олар: «Болашақ» ықшам ауданындағы 100 үйдің құрылысы, Қосшағылдағы жалпы орта білім беретін №2 және М.Сатыбалдиев атындағы №18 мектептің жөндеу жұмыстары. Қазіргі таңда тасқыннан зардап шеккендерге табысталған үйлердің құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстары №18 мектепте аяқталып, №2 мектептің соңғы терезе жақтауларын орнату қалып отыр. Бұл жөнінде «Amanat» партиясының актив отырысында аудандық филиалдың төрағасы Сайлаубай Таласов мәлім етті.
Иә, Парламенттен бастап жергілікті жердегі мәслихаттарда да басым күшке ие «Amanat» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қуантай Мергенбайұлы қатысқан жиынға облыстық партия филиалы жанынан құрылған комиссия мүшелері, аудандық мәслихаттың «аmanat» депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, мекеме басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан еді. Онда алғаш болып сөз сөйлеген партияның аудандық филиалының басшысы Сайлаубай Таласов жоғарыдағы деректерден басқа мынадай мәліметтерді де келтірді:
- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына, асханаларға мониторинг жұмыстары жүргізіліп келеді. «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында аудан бойынша иелері кәдеге жаратпай жатқан жерлер мен жайылымдарды мемлекет меншігіне алу жұмыстары жүруде. Мәселен, сондай 3104,457 га жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. «Қарызсыз коғам» партиялық жобасы аясында аудандағы мекемелерде, кент, ауылдық округтерде оқу курстары өткізіліп, 850 адам қамтылды,-деді.
Партияның ауданда 12 бастауыш ұйымы болса, оларда 3409 мүшесі бар. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, қоғамдық қабылдау бөлмесіне барлығы 290 өтініш тіркеліп, оның 105 (36,2 %) оң шешім тауып, 185 (63,8%) түсінік берілген. Құқықтық көмек партиялық жобасы аясында аудан прокурорының қатысуымен 7 қабылдау өткізілді. 35 тұрғынның өтініші қаралып, 7 мәселе оң шешімін тауып, 28-іне заң аясында түсінік берілді. Актив отырысында партияның аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Қанат Мыңбаев, Жаңа Қаратон кентінің әкімі Сансызбай Баймұратов, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы бастауыш партия ұйымының төрағасы Санат Нұрғалиев, «Жастар рухы» ЖҚ-ның аудандық жетекшісі Жансая Нұрғазиевалар сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселелерді қозғады. «Amanat» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қуантай Бисалиев:
- Біз сіздерді сынау үшін, тексеруге келмедік, сіздердің жұмыстарыңызға жөн сілтеп, өз тәжірибемізбен бөлісуге, бірлесе отырып филиалдың қызметін бұдан әрі көтеруге және бір мақсат, бір мүдде жолында бірлесе жұмыс жасауға келдік. Алда 2025 жылға арналған жоспарлар бойынша бүгінгіден де қарқынды жұмыстар мен үлкен міндеттер күтіп тұр,-деді отырысты қорытындылап. Актив отырысының аяғында алдағы жылдың жоспары жасақталып, бұқараға оң өзгеріс алып келер жобалар бекітілді. Әрине, өткеннің есебін беріп, болашақтың жоспарын құрған жиынның жұртшылыққа берері де мол деп сенеміз.
Иә, партияның пәрменімен ауданда жасалып жатырған жұмыстар бар. Дегенмен, «Қоғамға әсері қандай?» деген сауал көкейде қалады. Әрине, қайтарылған жерлер енді ұлтарақтай алқапқа зар болып жүрген қарапайым жұртшылыққа берілсе, көңілге сенім ұялата түседі. Партия сол жағын да бақылауға алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Е.АХМЕТКӘРІМОВ