«Жер сілкініп», адамдар құтқарылды

Аудан тұрғындары төтенше жағдай кезінде, соның ішінде көктемгі су тасқыны немесе ойламаған жерден жер сілкінісі орын алған кезде қандай қауіпсіздік шараларын қолға алуы қажет? Табиғаттың осындай тосын мінезіне қарапайым халықтың дайындығы мен қауіпсіздігін пысықтау мақсатында өңірде де сейсмикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды.

Бұл жаттығу облыс әкімінің орынбасары - облыстық эвакуациялық комиссиясының төрағасы Қайрат Нұртаевпен бекітілген «Атырау облысында жалпы облыстық сейсмикалық жаттығуларды дайындау және өткізу бойынша ұйымдастырушылық нұсқауына» сәйкес іске асырылды.

Оқу-жаттығулар аудан және қала әкімі аппаратының ғимараттарында, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында, ірі сауда орындары, өндірістік мекемелерде ұйымдастырылды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері мемлекеттік қызметшілерге және мектеп оқушыларына кез келген орын алуы мүмкін төтенше жағдай кезінде қандай іс-әрекеттер жасалуы керектігін егжей-тегжейлі түсіндірді және оны іс жүзінде қауіп төнген жағдайда жасалатын әрекеттермен тексеріп көрді.

Айталық, сейсмикалық оқу-жаттығудың бірі – жер сілкінісі болған кездегі іс-әрекетті пысықтауды мақсат тұтты. Онда аудандық және қалалық әкімдік қызметкерлері құтқарылды. Кейін оқу ордасындағы мектеп оқушылары мен өндірістік мекеме-кәсіпорын жұмысшыларына жер сілкінісі болған жағдайда қандай әрекеттерін жасау қажеттігі түсіндірілді. Олар қауіпсіздік талаптарын іс жүзінде көрсетіп, тәжірибелік тұрғыдан пысықтады.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 2 шiлдедегi №494 бұйрығымен бекітілген «Халыққа және азаматтық қорғану саласындағы мамандарға хабар беру, білімді насихаттау, оқыту қағидаларына» сәйкес, сейсмикалық жаттығулар тоқсан сайын өткізіледі.

Сейсмикалық жаттығулар қорытындысы бойынша басшы құрамның, мамандардың, жұмысшылар мен қызметшілердің іс-әрекеттері талданды. Соның нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою бағытында тиісті нұсқаулар берілді.

Ш.Мұхтарқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT