"Жемнің тасуынан қауіп жоқ"

Кейбір дерекке қарағанда, биыл Жем суының қарқыны қатты болады деп күтілген-ді.

Жылыойлық шаруалар үшін бүгінгі ең өзекті мәселенің бірі Жем суының тапшылығы болып тұр. Соңғы жылдары ұлы өзеннің өз арнасынан асып тасымауы мал шаруашылығымен шұғылданып отырған көптеген қожалықтардың жұмысына біраз кедергі келтірді. Шабындыққа су шықпай қалуы себепті кейбір қожалықтар мен жеке тұрғындар мал азығын өзге жерлерден дайындап, сатып алуға дейін барды.

Рас, өткен жылы ауданға келген барлық су көздері, ең алдымен, аудан азаматтарының дабыл қағуымен аңқасы кеуіп жатқан Қамыскөлді құтқару үшін жұмсалды. Ал биыл көл Мұғаджардағы қалың қардың еріген қызыл суымен-ақ толып жатыр. Кейбір дерекке қарағанда, биыл Жем суының қарқыны қатты болады деп күтілген-ді. Біз осы мәліметтің анық-қанығын білу үшін аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевпен хабарласқан едік.

Өкінішке орай, бөлім басшысы көңілімізді су сепкендей басып тастады. Сөйтсек, ол ақпандағы ақпар екен. Ол мезгілде Ақтөбе облысында қар қалың түсіп,тасжолдар жабылып, соңы ақтүтек боранға ұласқанын жақсы білеміз. Сол сәтте мамандардың көпшілігі тасқын судың да деңгейі жоғары болады деп жорамалдаған еді. Алайда көрші аймақтағы ауа-райының күрт жылынып кетіп, қалың қардың аз күнде еріп кетуі бұл үмітті ақтамады. Қазір Жеммен жылжып ағып жатқан қызыл су - соның сарқыты. Сондықтан аудан үшін алдағы су тасқынынан көп қауіп те жоқ екен.

-Қазіргі таңда аудан аумағымен су үш бағытта ағып жатыр: Құрсай өзегі арқылы Қамыскөлге құйылып, Құржемнен Қызылжарға қарай ағып жатса, үшінші Ұлы Жемнің де өз арнасымен су жүріп жатыр. Көктемгі тасқынның аса қарқынды болмайтынын ескерсек, онда биыл да шабындыққа су шықпай қалуы әбден мүмкін,-дейді Н.Қуатбаев.

Ендеше, «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, ауылдағы ағайынға қазірден бастап қысқы мал азығын қамдану жоспарын қарастыра берсе, артықтық етпес еді.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521