Жемнің суын жекелеп алып жүрмеңдер

Ауыл тұрғындары биыл Жем суы ерте тоқтап қалғанын, өзек бойындағы сулар мал ішуге жарамай ашып кеткенін айтты.

Жем ауылдық округінің тұрғыны Ізімғали Сүйесінов «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының қоғамдық қабылдауына келіп, Жем суын тиімді пайдалану мәселесін көтерген болатын.

Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сайлаубай Таласов ауыл тұрғындарының көтерген мәселесіне орай Жем ауылдық округі әкімдігінде шұғыл түрде кездесу өткізді. Оған аудан әкімінің орынбасары Қахарман Бағынов, қала әкімінің міндетін атқарушы Мереке Зинуллин, аудандық мәслихат депутаты Талғат Майлыбаев, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев, ауыл әкімі Бисенбай Қариев және бір топ ауыл тұрғыны қатысты.

Кездесуді Сайлаубай Таласов ашып, күн тәртібінде қаралатын мәселемен таныстырды. Ауыл тұрғыны Ізімғали Сүйесінов Жем суын реттеу, Бақашы мен Дүйсеке ата маңында жасалған шлюздер туралы өз пікірін білдірді. Осы аталған шлюздердің айналасындағы құмығып жатқан өзектерді тазалау қажеттігін жеткізді.

Ауыл тұрғындары биыл Жем суы ерте тоқтап қалғанын, өзек бойындағы сулар мал ішуге жарамай ашып кеткенін айтты. Абдрахман Сартаев ақсақалдың айтуынша, ауыл маңындағы шабындық жерлердің 90 пайызы жылда шабылмай, соның салдарынан өзектердің арнасы бітеліп қалған. Нұртас Қуатбаев Жем өзенінің төменгі сағасын реттеу үшін жасалған картамен таныстырды. Мұнда өзен суын реттеу үшін қай жерлерге шлюз салынуы керектігі көрсетілген.

Аудан әкімінің орынбасары Қахарман Бағынов Бақашы мен Дүйсеке ата маңындағы шлюздерді салу кезінде жұмысты атқарып жатқан мекемеден бөлек өзге мамандарды шақыртып, жер өлшемдерін қайта тексерткенін айтты. Нәтижесінде екі шлюздің өлшемдері сәйкес келген. Сондықтан ауыл тұрғындарын бұған алаңдамауға шақырды. Ал шлюз маңындағы өзектердің бойын тазалау осыған дейін демеушілік көмекпен жасалып келе жатқаны және алдағы уақытта да өзен бойындағы құмыққан жерлерді тазалау жұмыстары жасалатынын жеткізді. Шлюздерді күтіп ұстауға бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылатыны да айтылды.

Кездесу кезінде ауыл тұрғындары Жем өзенінен тарайтын өзектер мен көлдерге жеке адамдардың иелік етпеуі керектігін айтты. Тұрғызбалықтардың бірі «Өзектер мен көлдерді ауыл әкімдері қадағалауына алу керек» десе, тағы бірі «Ауданға гидролог маман бөлініп, Жем суын реттеуді сол қадағаласа» деген пікірлер айтты.

Қ.Нұртайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521