Аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың Жем ауылдық округінің Тұрғызба халқымен кездесуінде де түйткілді мәселелер мен жылдар бойы қордаланған проблемалар айтылды. Оған аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров, бөлім басшылары мен округ әкімі Данияр Айтпенбеттер қатысып, қойылған сауалдарға жауап қайтарды. Аудан басшысымен кездесуде тұрғындардың қарасы көп болды. Ауылдың үлкендерінен бөлек жастары да белсенділік танытып, тек ауылдың ғана емес, ауданның жайын да сөз етті.
Алғашында аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы осыған дейін жасалған жұмыстардың есебін берді. Жаңа «Тұрғызба» мәдениет үйі халықтың игілігіне қызмет етуде. Ауылішілік асфальттің жайы да бірте-бірте шешілетінін жеткізді. Биылғы жылы 2.8 шақырымы жасалса, келер жылға 20.4 шақырым жолды асфальттау жоспарланып отыр. Дегенмен, оның бәрі қаражатқа тіреледі, алдағы уақытта тиісті ақша бөлінсе, барлық жол жасалады. Жаңа мектеп құрылысы әзірге шешілмейді. Себебі, оның қызмет мерзімі бітпей немесе апаттық деп танылмаса, заң жүзінде білім ордасын бұзып, қайта салуға рұқсат жоқ екенін нақты айтты. Ауыл ішінде жаңа трансформаторларды қондыру жұмысы келер жылға дейін аяқталып, тоқ жүйесі айтарлықтай жақсаратын болады.
Әкімнен кейін тұрғындар өз сауалдарын қойды. Ауыл тұрғыны Абылай Елеусінов ауыл мен қалаға қатынайтын қоғамдық көлік бұзыла беретінін жеткізді. Бір күн жүрсе, бір күн жүрмей қалатынын айтып қапаланды. Одан бөлек ауыл шетіндегі кейбір аялдама орнына тоқтамай кететіні тағы бар. Бұл мәселеге байланысты «БатысТехИнвест»ЖШС-ның өкілі Жадыра Өтегенова:
-Қазір жаздың ыстық күні. Тұрғындардың көбі салқындатқышы бар автобус сұрайды. Бірақ, ауылішіндегі кейбір жерлерде асфальт жоқтығынан үлкен қоғамдық көлік бұзылып қала береді. Сол себепті салқындатқышы бар шағын көлік жүргізіп жатырмыз. Тұрғындардың айтқанындай, тасжол төселмеген жерлерде асты аласа автобустар бұзылып қала береді. Бірақ, тез арада барлық қоғамдық көлікті бір қалыпты қыламыз,-деп, жауап берді.
А.Елеусінов тасқын кезінде бұзылған бөгеттер бойындағы өткелдердің қайта қалыпқа келтірілуі керек деген ұсынысын жеткізді. Себебі, жергілікті қожалықтар мен ауылдың арасындағы байланыс қиындай түскеніне қынжылды. Одан бөлек жұмыссыздық мәселесін көтерген тұрғын ауыл ішіндегі интернет желісінің нашарлығына ренішін білдірді.
-Бұзылған өткелдердің ең маңыздысын жақын арада жөндеп, қайтадан қалпына келтіретін боламыз. Жұмыссыздық мәселесін көп жерде қозғап жатады. Әсіресе, көпшіліктің сұрауы – тұрақты жұмыс. Дегенмен, нарық заманында тұрақты қызмет деген түсінік жоқ екенін ұғынуымыз қажет. Себебі, менің өзім де бұл қызметте мәңгілік отырмаймын. Біз жұмыссыздық жайлы көп айтамыз. Бірақ, жеме-жемге келгенде қаладағы қайта қалпына келтіру жұмыстарына жұмыс күшін тарту қиын болып жатыр. Жергілікті тұрғындар жасағысы келмейді. Шындығына келсек, көбіне жасап жатқан – өзге облыс тұрғындары мен көршілес елдің азаматтары. Сондықтан, біз барынша осындай қызмет түрлерін ұсынып отырмыз. Әрине, Теңіздегі қысқартуды жоққа шығара алмаймыз. Оның бәрін көз көріп, құлақ естіп жатыр. Интернеттің нашарлығы бойынша тиісті мекемеге сауал жолданатын болады. Мүмкіндік болып жатса, маманды да бөлгізетін боламыз,-деп жауап қатты Жұмабек Байрақбайұлы.
Тұрғызба ауылдық округі Жем өзенінің бойында орналасқан соң, көктемгі су тасқыны мәселесі жиі қозғалды. Ол туралы тұрғындардан көптеген сауалдар қойылды. Оның ішінде, «бөгетті ана жерден салу керек, жоқ мына жерден тұрғызу қажет» деген талас-тартыстар халықтың өзінің ішінде де болып жатты. Көп сұрақтың түйінін аудан әкімі Жұмабек Қаражанов:
-Қазіргі таңда бұл бағытта «КазГипро-ВодХоз» деген арнайы ғылыми зерттеу институтының мамандары келіп зерттеп- зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар өз жұмысын аяқтағаннан кейін арнайы ғылыми мамандар жобасын жасақтап, бізге ұсынатын болады. Сол жоба бойынша біз тиісті жоспарлы жұмыстар атқарып, келер жылға тезірек қамдануымыз керек. Себебі, алдағы жылдары тасқынның қалай келетінін бір Құдай ғана біледі,-деп қысқа қайырды.
Жиын барысында көп мәселелер қозғалды, одан басқа әлеуметтік желі арқылы сауал жолдаған азаматтар да болды. Барлығына аудан әкімі Жұмабек Қаражанов нақты жауап беріп, түйткілдің түйінін тарқатудың заңды жолдарын баса айтты.
Екі сағаттай уақытқа созылған кездесуде халық та өзінің көкейде жүрген көп сауалын жеткізіп, аудан әкімі де ауылдың тұрмыс-тіршілігінен, мұң-мұқтажынан тұрғындардың тікелей өзінен хабардар болды.
Е.АЛТАЙҰЛЫ