Жергілікті жұртшылықтың жағдайы мен көкейдегі жанайқайын сол жердің әкімдері ғана жақсы біледі. Олардың жасап жатқан жұмысына өз бағасын беретін де сол өңірдің тұрғындары. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 7 наурызда «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Содан бері барлық деңгейдегі әкімдер секілді аудан басшысы Жұмабек Қаражанов та қала, кент, ауыл тұрғындарымен жаңа форматта кездесу өткізіп келеді. Айталық, жақында аудан әкімі Жұмабек Қаражанов аудандағы ауылдық округтер мен кент, қаланы аралап, ондағы тұрғындармен кездесіп, халық алдында атқарылған жұмыстарға есеп беріп, көпшіліктің көкейінде жүрген көп сауалдарға жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Тұрғындар еркін отырып, өз ойын ортаға салып, жүздесу ашық диалог түрінде өрбіді. Сондай жарқын жүзді жүздесу өткен аптада Жем ауылдық округінің орталығында да өтті. Иә, ағымдағы жылда жасалған жұмыстарды сарапқа салған өңір басшысы Жұмабек Қаражановқа Жем ауылдық округінің тұрғындары да бұл жиыннан қалмай, көкейінде жүрген сұрақтарын жолдауға асығып келген-ді.
Жиынға мұң-мұқтажын арқалап келген ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары, сондай-ақ аудандық әкімдіктің бөлім басшылары қатысты. Биылғы жылдың бекітілген жоспарына сәйкес ауыл азаматтарымен екінші мәрте жүздескен аудан әкімі жиын басында жыл басынан бергі жұмыстарға бір шолу жасады. Ол өз сөзінде: Жем ауылдық округі бойынша атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтейін. Ағымдағы жылы ауылішілік электр желілері құрылысын аяқтау бойынша ұзындығы 2,8 шақырымға бағаналар тартылып, 5 толық трансформаторлық қосалқы станциясы орнатылды. Мердігер мекеме "Еламан Ойл 2030" ЖШС бұл жұмыстарды жыл аяғына дейін жалғастырады. Ауылға ұзындығы 12 шақырым көше жарығы қойылып, пайдалануға берілді. Жобаны "Компания Казахстан Электрокомплекс" атқарып, жұмысты сапалы аяқтады. Тұрғызба ауылішілік 3,4 шақырым жол салу жұмысының бірінші деңгейлі тасжол қабаты салынды. Қазіргі таңда екінші деңгейлі тасжол қабатын төсеу жұмыстары жүргізіліп, «Казкомсервис» ЖШС келесі жылы көктем айында аяқтайды. Өздеріңіз білесіздер, биыл ауылда 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Құрылысты мердігер мекеме - "Integrated Construction Group" ЖШС атқарып, қазір осы орталықта сіз бен біз жүздесіп отырмыз. Одан бөлек Құлсары-Тұрғызба кіреберіс тасжолына ақ жолақ сызу жұмыстары аяқталды. Бұл істі «Болатов» ЖШС атқарған еді. Ескерте кететін жайт, бұл жобада Қосшағыл, Шоқпартоғай ауылдық округтері мен Жаңа Қаратон кентінің кірме жолдары да қарастырылды. Ауылдық округ аумағындағы 3 бірдей зиратты қоршау жұмыстары жүргізіліп, бұл істе "Алем констракшн" ЖШС атқарды.
Ағымдағы жылы ауылға 2 саябақ салу жұмыстары жоспарланған. Бірінші саябақтың құрылысы биыл аяқталып, халық игілігіне берілсе, екіншісінің құрылысы келер жылдың еншісіне қалды. Оның жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамадан өтіп тұр. Ал аяқталған саябақтың құрылысын "СК Лира" ЖШС жүзеге асырды. Сондай-ақ биыл ауылдың кіреберіс жеріне тұрғындардың сұранысы бойынша жастардың салауатты өмір салтын ұстануына септігін тигізетін әмбебап спорт алаңының құрылыс жұмыстары басталды. Аталмыш жоба желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға беріледі. Жастар үшін маңызы зор құрылысты "Орлан" ЖШС атқаруда. Ал ауылға 6 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары келесі жылы қолға алынады. Бұл жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамадан өтіп тұр. Тек сабырмен күтсек, барлығы да реттеліп, сіздердің қолайлы өмір сүрулеріңізге жағдай жасалатынын атап өткім келеді,-деді аудан әкімі. Сонымен қатар ауылдық округ ішіндегі шешуді талап ететін мәселелердің белгілі екендігін атап өтіп, келер жылы қаражаттың мүмкіндігіне қарай қажетті жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асатындығын да жеткізді. Және тұрғындар тарапынан келіп түскен ұсыныстарға да назар салып, Қойсары, Қараша елді мекендеріне қатынайтын 3 өткел қалпына келтірілгенін, қазіргі таңда Мойнақ өткелін қалпына келтіру жұмыстарының қалып тұрғанын жасырмады.
Жиында одан әрі аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев сөз сөйлеп, қатысушы ауыл тұрғындарының сұрағына құлақ түрді. Жиналғандардың арасынан «балалар ойын алаңы көбейсе», «ауылдағы интернет желісі жақсарса», «қыс мезгілінде тасжолдарға тұз себілсе» деген секілді ұсыныс-пікірлер түсіп, тұрғындардың сұрағына аудан әкімі тиісінше жауап беріп отырды. Одан бөлек ауылға камера орнатылып, аялдамалар салынғанын қалайтынын жеткізді. Ал, Жем ауылдық округінің әлеуметтік парақшасы арқылы сұрақ қойған жалғызбасты ана өзінің үй кезегінде тұрғанын және оның қашан берілетіндігін сұрады. Сондай-ақ балаларының жұмыс таба алмай жүргендігін, қала мен ауыл азаматтарының жұмыспен қамту мәселесін шешуін сұрады. Жиын соңында аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы бірқатар азаматты жеке қабылдап, оларға да уақытын арнады. 1,5 сағатқа созылған кездесуде ауыл келешегі үшін тиімді ұсыныстар айтылып, бөлім басшылары әр тұрғынның сұранысын парақ беттеріне түртіп алды. Жұмыс сапалы жасалуымен құнды Сол күні аудан әкімі Жұмабек Қаражанов Қара Арна ауылдық округіне де ат басын бұрып, тұрғындармен жүздесіп қайтты. Жыл басынан бері аталмыш ауылмен жоспар бойынша екінші рет кездескен ол жиын барысында бірден жасалған жұмыстарға тоқталды. Шоқпартоғай ауылы бойынша ол өз сөзін балалар ойын алаңынан бастады. Оның айтуынша, бұл жобаны мердігер мекеме «АтырауСтройСтандарт» ЖШС аяқтап, бүгінде құрылыс пайдалануға берілген. Одан әрі аудан әкімі: - Сонымен қатар ауылға әмбебап спорт алаңын салу жоспарда тұр. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады деп жоспарлап отырмыз. Жұмысты мердігер мекеме «АтырауСтройСтандарт» ЖШС атқарады. Қазіргі таңда Шоқпартоғайда ауылішілік 3,6 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары аяқталды. Жобаны «Жайык Сити» ЖШС сапалы орындады. Тоқ желілерін қайта жаңғырту жұмыстары бойынша құрылыс жұмыстары 2023 жылдан бастап жүргізілген еді. Алайда жобаға түзетулер енгізілуіне байланысты бұл іс уақытша тоқтап тұр. Бүгінгі таңда жобалау жұмыстары аяқталып, сараптамаға жолданды.
Қазіргі таңда мердігер мекеме «Жайық жарығы» ЖШС-нің атқарған жұмысымен 4 толық трансформаторлық қосалқы станциясы орнатылып тұр. Одан бөлек ағымдағы жылы ауылішілік 3,4 шақырым автожол құрылысының бірінші кезеңі аяқталды. Екінші кезең бойынша 15,3 шақырым автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмыстары үшін жоба жасақталып, сараптаманың оң қорытындысын алған болатынбыз. Қазір бюджеттік өтінім сұрау жұмыстары жүргізілуде. Бұл істі мердігер мекеме «Казкомсервис» ЖШС-не тапсырғанбыз. Биыл ауылда 3 жерден автотұрақ құрылысы басталып, ол да аяқталды. Ол ауылдық дәрігерлік амбулаторияның, мәдениет үйінің және жаңадан салынатын балабақшаның маңына салынды. Бұл жоба мердігер мекеме «Интеллектсервис» ЖШС-мен іске асты. Осыған дейін тұрғындардың тарапынан көтерілген мәселенің бірі - ауылға қоқыс жәшіктерін орнату еді. Биыл 10 дана жәшік сатып алынып, орнату жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысты «Автотехарна» ЖШС межелі уақытында аяқтады. Ауыл тұсындағы теміржолдың 1253 шақырымындағы көпірден бастап, ауылдық жердің аумағын қоса алғанда 1257 шақырымға дейінгі, яғни 4 шақырымға созылған 4 қатар тікенек сым жүргізіліп, қоршалды. Сондай-ақ ауыл тұрғындары қызметтік пәтердің ауыз су желісін тартып беру жөнінде мәселе көтерген еді. Бұл ұсыныс та жауапсыз қалмай, демеушілікпен 4 битум құдығы (колодец) қақпағымен және табанымен қоса әкелінді. Енді су жүйесін жүргізетін құрал-жабдықтар алынып, жеткізілгеннен кейін жұмыс толығымен аяқталады. Және ауылға 280 орындық балабақша салу құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, оң қорытындысы алынды. Қазіргі таңда ТШО компаниясы тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз мекеме анықталуда. Бүлдіршіндерге арналған бұл орталық келесі жылы өз жұмысын бастайды деп жоспарлап отырмыз,-деді Жұмабек Байрақбайұлы өз сөзінде. Түйінді мәселелер тарқатылды Қара Арна ауылдық округі тұрғындары мен аудан әкімінің алғашқы кездесуінде сөз болып, бірақ оң шешімін таппаған мәселелер де сол күні қайта қозғалды. Оның бірі - Сәндібек Бөлтековтің Таскарин көшесінің кіреберіс жеріндегі жолды тегістеп беру жөніндегі өтініші еді. Бұл мәселені ауылдағы «КазкомСервис» мекемесі шешіп беруі керек екен. Алайда, тас жол құрылысы аяқталса да, тұрғынның өтініші аяқсыз қалып қойған. Осындай екінші бір ұсыныс Есберген Жиенқұловтан келіп түскен еді. Ол өз ұсынысында Қабас учаскесіне шлюз салуды сұраған. Алайда бұл мәселе де «Ауданның 2022-2026 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына» еніп, әзірше орындалмаған күйінде тұр. Нақты жасалған жұмыстарға шолу жасаған аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлынан кейін аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікіріне кезек берді. Ауыл азаматтарының арасынан сөйлеген Орынбасар Қарағұлов қоғамдағы өзекті мәселені көтерді: - Қазір елімізде тілі дұрыс шықпай, тұтығып сөйлеп, екі сөздің басын қоса алмайтын бүлдіршіндеріміз көбейді. Сондай-ақ қозғалыс қызметі мен дене қалпы бұзылып, мидың жетілмеу себебінен балалар церебралдық паралич, яғни сал ауруына ұшырап жатқандығын да көз көріп, құлақ естіп жүр. Қанша дегенмен дамыған заман, мүмкіндік мол болуы керек. Мұндай диагнозы бар ұл-қызымыздың емделіп шығуына жағдай жасалса, нұр үстіне нұр. Мен осындай балаларға арналып бассейн салынса деймін. Суда жүзу кім-кімнің болмасын қозғалыс мүшелерінің қызметін жақсартып, омыртқа ауруының алдын алады. Әрине, ауылда бәрі бар, көркейіп келе жатыр. Егер осы іс жүзеге асса, дайын мамандарымыз да бар, менде тіпті құрылыстың жоспары да дайын тұр,-деді өскелең ұрпақтың болашағына алаңдаушылық білдіріп. Ауыл азаматының бұл ұсынысына аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы:
- Шынын айту керек, суға жүзуге арналған орталық Құлсарының өзінде жоқ. Алдымен көлемді қылып бұл жобаны қаладан ашып, пайдалануға береміз. Содан кейін барып қана жан-жақты қамтимыз. Шоқпартоғай ауылына салынбауы мүмкін, бірақ бос тұрған мемлекеттік ғимараттар болса, соның ішіне қарастыруға болады. Алайда жекеменшік ғимараттарға біз бұл мәселені ұсына алмаймыз,-деп жауап берді.
Бірқатар ауыл азаматтарының айтуынша ауылдағы маңызды мәселенің бірі - жеке шаруа қожалықтарының жұмысы болып тұр. Бұл тұрғыда олар:
- Жеке қожалықтар ауылдан қанша жер қашықтықта орналасу керек өзі? Соны бір тексерсек, себебі қазір ауыл ішінде төрт түлік мал жайылып, ауылымыздың экологиясын ластап, көршілерге зиянын тигізуде. Әрине, қазір ауылдың көп пайызы осы мал шаруашылығымен айналысады. Дегенмен, оларды бағудың да белгіленген бір талаптары бар ғой. Шаруаларға осы мәселені қанша түсіндірсек те тоқтар емес. Осының оң шешімін берсеңіз,-деді мұңын шағып. Бұл сауалға ауыл шаруашылығы және жер қатынастары жөніндегі бөлім басшысы Жәнібек Сабыров өз жауабын беріп, істі қолға алатындығын жеткізді. Осы сынды сұрақтар легі бірінен соң бірі қойылып, жиынға келе алмай қалған жандар ауылдық округтің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы ұсыныс-пікірлерін жаудырып жатты. Олардың арасында «балаларға арналған ойын алаңы көбейсе екен», «газ желісіне сырлау жұмыстары жасала ма?», «бастауыш сынып балаларына автобусқа қаражат төлемей-ақ қойса болмай ма?» деген сынды сауалдар қойылып, аудан әкімі оған жиынның соңында мүдірместен жауабын беріп отырды. Бұдан бөлек бұралқы иттердің көбеюі, оның өз жөнімен кетіп бара жатқан балалар, тіпті үлкендерге де қауіп төндіруі ауыл тұрғындарының басты мәселесіне айналған. Бұл жөнінде осы іске жауапты мердігер мекеменің қызметкерлері жыл басынан бері жасалған жұмыстарын нақтылап, көңілі толмайтын тұрғындар болса қағаз жүзінде барлығын көрсете алатындығын кесіп айтты. Олардың айтуынша, бұл істер аудан әкімі мен жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге жасалынып жатыр. Сондай-ақ қызметкерлер қазір иттерді бірден атуға болмайтындығын да түсіндіріп өтті. Оларды арнайы орталыққа апарып, агрессивті немесе агрессивті емес екендігін анықтап, сырғалап, белгілі талаптарға сәйкес кері жіберіп қою керектігін де жасырмады. Ал мектепке баратын балалары үшін алаңдайтын тұрғындар бұл иттерден тек атып қана құтылатынын айтып ашынды. Қара Арна ауылдық округі тұрғындарының аудан әкімімен кездесуі аталмыш округ әкімдіктерінің ресми парақшаларында, яғни «facebook» және «instagram» әлеуметтік желілерінде тікелей эфир арқылы көрсетіліп, белгілі себептермен қатыса алмаған тұрғындарға ауылдық округ әкімі аппаратында арнайы жәшіктер қойылып, олардың ұсыныс-пікірін білуге барлық жағдай жасалынған болатын. Жиыннан кейін аудан әкімі Жұмабек Қаражанов азаматтарды кездесуден кейін жеке қабылдап, олардың көкейтесті сұрақтарына нақты жауабын берді, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Д.ДЕРБІС