«Биыл Жемге су жақсы келеді екен» деген әңгіме ауданымызда тарағалы біраз болды. Екі жыл қатарынан қуаңшылықтан шаршаған шаруалар бұл жақсы жаңалыққа елең еткелі қашан?! Ақпараттың анық-қанығын білмек оймен біз құзырлы органдарға хабарластық. Алдымен, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевпен тілдестік.
-Негізінен, Жем қатты тасыған жылдары ауданға екі толқынға бөлініп келеді. Алғашқысы - Мұғаджар тауының етегіндегі Жем, Ембі елді мекені аумағындағы қалың қардың еріген суы. Бұдан кейінгі толқын таудың басынан аққан судан пайда болады. Мен Жеммен де, таудың басындағы Егіндібұлақ ауылының әкімдерімен сөйлесіп отырмын. Олар екі жақта да селдің қозғалғанын хабарлады. Биыл ол жақта тоң жақсы. Соған сай Жемнің арнасында да ағыс болады деп күтілуде. Бірінші толқын біздің ауданға сәуірдің 8-деріне таман, ал екіншісі 10-ына қарай келіп қалуы ықтимал,-дейді Нұртас Аминұлы.
Ал аудандық арнайы штабтың басшысы Нұрсұлтан Бектеміров аудан тасқыннан қорғануға сақадай сай отырғанын хабарлады.
-Қазіргі таңда Жемнің бойымен қызыл су ағып жатыр. Барлық шлюздер жасап тұр, тексеруден өтті. Құр Жемнің бойы ашық тұр. Бақашыны әзірге бөгеп тұрмыз. Күні бүгін Қара-Арна, Жем ауылдық округінің жерінде орналасқан өзеннің бөгеттерін қосымша бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Көршілес Ақтөбе облысының Мұғаджар ауданынан жеткен хабарламаға қарағанда, таудың басынан сел қозғалды. Осы аптаның аяғына таман тасқынның алғашқы легі біздегі Жемнің арнасымен да аға бастайды,-деді Н.Бектеміров.
Е.ҚОШАҚАНОВ