Жем суы неге тартылды?

Жем өзенінің тартылып қалу себебін анықтау, зерделеу мақсатында ауданымызда арнайы экспедиция ұйымдастырған болатынбыз.

Жем өзені бастау алатын Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданын бетке алған бұл экспедиция құрамында «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» басшысы Ғалидолла Азидуллин, аудан әкімінің орынбасары Қахарман Бағынов, «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» Ақтөбе аумақтық бөлімінің басшысы Асқар Жұмабеков, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша филиалы Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің Жылыой аудандық бөлімінің басшысы Айбек Жұмабеков, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев, аудандық мәслихат депутаты Сейітжан Балжігітов, аудандық суда құтқару тірек пунктінің басшысы Самат Абуев, ауданымыздағы Қоғамдық кеңес мүшелері Жарылғасын Байжанов, Бақтығали Жиенқұловтар және бір топ облыстан келген БАҚ өкілдері болды. Аталған азаматтармен ауданнан 5 автокөлікпен қыркүйектің 10-ы күні жолға шықтық.

Бұған дейін әлеуметтік желі арқылы экспедиция шығатыны туралы хабарланып, Жем өзеніне қатысты мәселе көтеріп, ұсыныстарын білдіріп жүрген кейбір азаматтарға бірге баруға ұсыныс та берілді.

jem3

Мұғалжар тауына қар аз түскен

300 шақырымдай жолды еңсерген экспедиция сол күні Ақтөбе облысының Ембі қаласына жетті. Ол жерде бізді Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Бекболат Құлмағамбетов, Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбай, аудандық мәслихат депутаты Сайлау Қиясовтар қарсы алды. Аталған азаматтармен бірге Жем өзені бастау алатын Мұғалжар тауына сапарымызды жалғастырдық. Жем өзені бастау алатын Бұлақты ауылындағы бұлақтардың жағдайымен таныстық. Тау маңында орналасқан ауыл тұрғындарымен кездесіп, жағдайды білдік. Олар бұрындары бұл жерлерге бір метрден жоғары қар түсетінін айтты. Бірақ Мұғалжар тауының маңына осы қыста қар өте аз түскен. Шаруалар қыстың ортасында тау маңындағы ауылдарға бару үшін жеңіл көлікпен жүрген де көрінеді. Ал бұрындары қыста қардың қалыңдығынан жол талғамайтын көлікпен жүру де қиынға соғады екен. Жол бойы байқағанымыз: жердің қуаңдығы, судың, жауынның аз түскені көрініп тұрды. «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» Ақтөбе аумақтық бөлімінің бұрынғы басшысы, зейнеткер, маманы Хабдеш Бултеевтің айтуынша, соңғы уақытта ауа райының өзгерістеріне, қар суының аздығына байланысты өзен сулары азайып кеткен. Жем өзенінің көпжылдық су ағынының жылдық орта көрсеткіші - 325,0 млн метр куб. Жем өзені суының 90-95 пайызын қар суы құрайды. Казгидромет орталығы Ақтөбе филиалының деректері бойынша Жем өзенінің деңгейі Жағабұлақ селосы тұсында 2009 жылғы су ағыны 54,2 млн кубометр болған. Бұл - қалыпты норманың 16 пайызы. 2010 жылғы су ағыны - 97,1 млн кубометр(қалыпты норманың 29 пайызы), 2011 жылғы су ағыны - 378,0 млн кубометр (қалыпты норманың 116 пайызы), 2012 жылғы су ағыны - 121,0 млн кубометр (қалыпты норманың 37 пайызы), 2013 жылғы су ағыны - 16,4 млн кубометр (қалыпты норманың 5 пайызы), 2014 жылғы су ағыны - 141,0 млн кубометр ( қалыпты норманың 43 пайызы), 2015 жылғы су ағыны - 191,0 млн кубометр (қалыпты норманың 58 пайызы), 2016 жылғы су ағыны - 274,0 млн кубометр (қалыпты норманың 84 пайызы), 2017 жылғы су ағыны - 145,0 млн кубометр (қалыпты норманың 44 пайызы), 2018 жылғы су ағыны - 101,0 млн кубометр (қалыпты норманың 31 пайызы), Ал 2019 жылғы су тасқыны болған жоқ, суы өте аз жылдардың қатарына кіреді. Экспедиция Мұғалжар тауы бөктерінде орналасқан су қоймаларын жағдайларымен танысты. Коммуналдық меншіктегі Жем бөгеті Жем қаласы (Эмба-5) тұсында 1962 жылы салынған, сыйымдылығы - 2,0 млн кубометр. Бұрынырақ бөгет бұзылған, әлі қалпына келтірілмеген. «Көктас» АҚ-ның жекеменшіктегі Әулие су қоймасы (сыйымдылығы - 7,7 млн кубометр) Жем өзені саласы Әулие өзенінің бойында 1970 жылы салынған. Қазіргі кезде су қоймасы жеке кәсіпкер «Қиясовқа» балық өсіруге сенімгерлік басқаруға берілген. Биіктігі 31 метр су қоймасындағы қазіргі уақыттағы су мөлшері өте аз, тек қана 2-3 м су қалған, жергілікті атқарушы орган өкілдерінің айтуынша, бұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Алталы су қоймасы (сыйымдылығы - 1,1 млн кубометр) Үшқаттысай өзеніне құятын Өтесай сайында (Жем өзенінің саласы) 1988 жылы салынған. Қазіргі кезде су қоймасын «Ысқақ әулие» шаруа қожалығы балық өсіруге сенімгерлік басқаруға алған. Қазіргі кезде су қоймалары қалыпты жағдайда жұмыс жасап тұр. Жем өзенінің су жинау аумағы облыс территориясында 34800 шаршы км құрайды екен. Негізгі салалары - Темір (ұзындығы - 213 км), Әулие (ұзындығы - 46 км), Құмжарған (ұзындығы - 59 км) өзендері. Ұзындығы 10 километрден асатын тағы да 27 кіші өзен бар. Көктемгі су тасқыны кезінде барлық өзендерде су тасығанымен, Темір өзенінен басқа өзендер жаз кезінде кеуіп қалады. Бұлақ көздері туралы деректер жоқ. Жоғарыда көрсетілгендерді ескере отырып, Жем суы көлемін ұлғайту үшін, су ағыны тұрақты болуы үшін, ауыл шаруашылығы, өндірістік қажеттілікке пайдаланылуы және экологиялық қалыптылықты (балансты) сақтау үшін Жем өзеніне арнайы жобалаушы мекемелер арқылы реттегіш су қоймалары жобаланып, салынуы қажет. Ол жөнінде қажетті сұраныстар берілетін болады.

jem1 

Жем суы реттелмеген

Экспедиция құрамына тау-кен инженер-геофизигі, Құрметті геолог-барлаушы Ефим Книжникті де енгізген болатынбыз. Денсаулығына байланысты бұл сапарға ол шыға алмай қалды. Дегенмен маман есебінде Жем өзеніне қатысты өзінде бар деректермен бөлісті. Оның айтуынша, Жем өзені арнасы реттелмеген көрінеді. Маманның берген деректеріне тоқталып өтсек, Жем өзеніне, негізінен, сол жағалауынан Құндызды, Әулие, Атжақсы, Көкпекті өзендері, оң жағалауынан Темір өзені және көптеген өзектерден су құйылады. Оң жақ жағалауында Құмжарған, Көкжиде құмдары бар. 2018-2019 жылдары су өте аз. Тоң түспей тұрып жауған қар мен жаңбыр көктем шыға жерге сіңіп кеткен. Соның салдарынан судың қарқынды ағысы да болмай отыр. Сондықтан бұл мәселеге мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, су тоғандарын жасау қажет. Ефим Иосифұлының ұсынысы бойынша Жем өзенінің бастауынан аяғына дейін кәсіби мамандармен зерттеу жүргізу қажет. Өзен бойына түгендеу жұмыстарын жасау, бұлақтарды анықтау, тереңдету, тазалау жұмыстарын жүргізу керек. Аталған жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттарын жасақтап, қаражат бөлгізу қажет. Гидрогеология мәселесі, әсіресе гидрология Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басты назарында болуы керек. Судың азаюы соңғы жылдары жиілеп кеткен. Сондықтан алдағы уақытта табиғи құбылысқа дайын болуымыз керек. Сонымен қатар маман 2017-2021 жылдар аралығында Ақтөбе облысында инвестбағдарламаға қосу үшін жасалған су қоймаларының жобалық құны туралы кестені жолдапты. Онда Мұғалжар ауданында Жем өзені бойына салынатын 2500 га жерге 22 млн кубометр су қоймасын салу құны 376 млн 580 мың теңгеге шығатыны туралы көрсетілген.

 jem2

Жем бойында күріш егетіндер, өзеннің бастауында қиыршықтас өндірушілер жоқ болып шықты

Аудан тұрғындары арасында Жем суының аз келуіне түрлі пікірлер айтылды. «Мұғалжар тауының Жем өзені бастау алатын жерінде қиыршық тас өндірушілер тауды жарып, соның салдарынан бұлақ көздері бітеліп жатыр. Ақтөбе облысы аумағында Жем өзені бойында біреулер күріш өсіріп, суды бөгеп отыр» деген қауесет тарап кетті. Біз барған жерлерде ешқандай қиыршықтас өндіріп жатқан өндіріс орны жоқ. Қиыршықтас өндірілетін жер Шалқар ауданында орналасқан көрінеді. Ол жердегі бұлақтардан шыққан су Жем өзеніне құймайды. Мұғалжар ауданы әкімдігінен, Миялы, Жарқамыс, Кемерші ауылдық, Жем, Ембі қалалық әкімдерінен, аралаған ауыл тұрғындарынан білгеніміз: Жем бойын бөгеп, күріш егіп отырған шаруа қожалығы да жоқ көрінеді. Экспедиция кезінде Жем бойында күріш өсіріп отырған алқап та байқалмады. Ауданымыздан аттанған экспедиция төрт күн бойы 1500 шақырымнан астам жол жүріп, Жем суының тартылып қалу мәселесін анықтауға тырысып бақты. Адамзат алдында тұрған басты сын-қатерлердің бірі - су тапшылығы. Су ықылым заманнан бері адамзат баласы үшін басты байлық көзі болып саналады. Сондықтан барды үнемдеп, оны тиімді пайдалану бүгін де, ертең де маңызды.

Азамат Бекет,

Жылыой ауданы әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521