Жемқорлықпен күреске әркім жауапты

Өткен аптаның сәрсенбісі күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған арнайы мониторинг тобы ауданымызға келді.

Олар, ең алдымен, аудандық Жұмыспен қамту орталығының жұмыс барысымен танысты. Орталық директоры Қ.Омаров: "Жаңа ғимаратқа заманға сай электронды кезек қойылып, жұртшылыққа сапалы қызмет көрсетуде. Жыл басынан бері орталықта тіркеуде тұрған 607 тұрғын жұмыспен қамтылған. Еңбекпен қамту шаралары, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру, жастар тәжірибесіне жолдау, кәсіптік оқыту бағдарламалары бойынша көптеген нақты істер атқарылды",- деді. "Кең Жылыой" мәдениет үйінде өткен активте аудан әкімі Әлимұхаммед Құттұмұрат-ұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін баяндап, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясының басты бағыты - жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру бойынша нақты кешенді іс-шаралардың аудан көлемінде әлі жалғасын табатынын атап өтті. Бұл шараға "Нұр Отан" партиясы орталық аппаратын бақылау департаментінің басшысы Нұрлан Баймұрзаев, арнайы мониторинг топ жетекшісі, қоғам қайраткері Айгүл Соловьева, танымал дизайнер, "Алтын сапа" сыйлығының лауреаты Ырза Тұрсынзада, республикалық Агенттік өкілдері Равиль Төлебаев, Арман Бердалин, Айбол Қозбағаров және Атырау облысы бойынша департамент басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов қатысып, дербес бөлімдердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Актив жиналысында ҚР-ның Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин заң жүзінде сыбайлас жемқорлық фактілерінің аз мөлшерде болса да азайғанын, қазақ халқының әр тұлғасы осы індетпен күресуге жауапты екенін айтты. Сонымен қатар мониторинг тобына қоғамда өзіндік орны бар, халықтың сөзін сөйлейтін, рухына әсер ете алатын тұлғаларды таңдап алдық деді. Топ мүшесі, қолөнер шебері Ы.Тұрсынзада қазақ халқының қолөнерге, ұлттық салт-дәстүрлерге қызығушылығы артып келе жатқанын айтты. Материалдық аштықтан гөрі рухани дүниенің кемшін тұстары қоғамды аздыратынын, сол үшін де аналарымыз ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөлсе деген тілегін жеткізді. Арнайы мониторингтік топ құрамы биыл ашылған жылыжай кешенінің жұмысымен танысып, заманауи технологиямен өнім алып отырған кешен жұмысына оң бағасын берді.

Ж.ШАҢҚАНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521