Ақпанның 22-сі мен наурыздың 2-сі күндері аудан әкімі Жұмабек Қаражанов аудан аумағындағы елді мекендерді аралап, биылғы көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын тексеріп, іс басында пысықтады. Бұл ретте бөгеттерді биіктету және нығайту іс-шараларының қандай деңгейде атқарылып жатқанын көзбен көріп, бақылаған ол құзырлы орган басшыларына тиісті тапсырма берді.
Жұмабек Байрақбайұлымен бірге аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қобылан Кенжебеков пен өзге де құзырлы орган басшылары болды.
Олар, негізінен, Құлсары қаласындағы Қамыскөл көлінің жағалауындағы қауіп төндіруі мүмкін жерлерді, Құр Жем, Бақашы шлюзінің маңында және Қарағай елді мекенінде, Шоқпартоғай мен Тұрғызба ауылдарында болып, Жем өзенінің арнасындағы бөгеттердің беріктігін тексерді. Аудан басшысы жалпы дайындық жұмыстарын тоқтатпай, одан әрі сапалы жұмыс жасау қажеттігін ескертіп, тиісті тапсырмалар берді.
Жалпы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Әсіресе наурыз басталғалы көктемгі тасқынға тосқын жұмыстары қыза түсті. Өйткені Мұғалжар тауларынан келер Жем суының қарқыны қатты болады деп күтілуде.
-Аудан бойынша елді мекендерді биылғы көктемгі тасқын судан қорғау мақсатында ұйымдастыру шараларының жоспары жасақталып, бекітілді. Елді-мекендерді инженерлік қорғау бойынша, көпірлерді, жоласты су өткізгіш құбырларды, гидротехникалық құрылыстар мен қорғаныш бөгеттерін қар суы мен тасқын суды өткізуге дайындыққа келтіру мақсатында қосымша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу үшін материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында, кәсіпкерлік субъектілері мен көлік құралдары, жанар-жағар май, қонақ үй, тамақтандыру және инертті материалдар бойынша келісім-шарттар мен меморандум жасақталды. Сонымен қатар, қауіпті жағдай орын алған кезде тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру маршруты белгіленді. Су қоршауында қалуы мүмкін елді мекендердегі науқас адамдар мен жүкті әйелдерді бірінші кезекте қауіпсіз жерге көшіру мүмкіндігі қарастырылды. Аудандық азаматтық құрылымдарын құру туралы шешімге сәйкес су тасқыны кезінде жеке құрамнан 109 адам, 29-техника жұмылдырылады. Қала, кент және ауылдық окрутердің су сору мотопомпалар мен құрал-саймандар есебі нақтыланып, (мотопомпа, күректер, қапшықтар, басқа да заттар алу жөнінде) жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылуда. Ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айында аудан әкімі және аудандық төтенше жағдайлар, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімдерінің басшылары Н.Қуатбаев және басқа да құзырлы органдар бірлескен түрде көктемгі тасқын судың алдын алу мақсатында осал тұстарды зерделеп, Бақашы, Қамыскөл, Құр-Жем шлюздері мен бөгеттерінің жағдайын көріп, шолу жұмыстарын жүргізді,-дейді аудан әкімдігінің бас маманы Әділет Жандос.
Е.ҚОШАҚАНОВ