Жем арнасын тереңдетіп, су қоймасын салу керек

сенат депутаты өзекті мәселе көтерді

Өткен дүйсенбі күні ауданға Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов келді.

Осыған орай аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан активімен, мәслихат депутаттарымен, қоғамдық ұйым жетекшілерімен, еңбек ардагерлерімен кездесу өтіп, аудан әкімі Халел Жамалов халық қалаулысының іссапар мақсатымен таныстырды.

Сөз алған Сәрсенбай Құрманұлы, ең алдымен, дүниежүзін дүрліктірген тәж тажалымен күресте еліміз болып бастан кешіп жатқан ауыр ахуалға тоқтала келіп, қарусыз майданның қаһармандарына айналған дәрігерлердің, ерікті жастардың, жалпы белсенді азаматтар мен кәсіпкерлердің еңбегін ерекше атап өтті. Кезінде ауданымыздың әкімі болып халыққа абыроймен қызмет атқарған сенатор мұнайлы өңір мен оның халқының өз өміріне айрықша қолтаңбасын қалдырғанын ризашылықпен еске алып, депутат ретінде жоғары заң шығарушы органда жылыойлықтарды мазалаған мәселені де назардан тыс қалдырмағанын баса айтты. Бұл ретте оны халық қалаулысы ретінде Жем өзенінің тағдыры қатты толғандырады екен. Сол үшін арнайы құрылған экспедиция құрамында аудан азаматтарымен бірге Жылыой ауданынан бастап, Ақтөбе аймағының Мұғаджар тауларына дейінгі өзен арнасын көлікпен де, жаяу да шарлап шыққан ол, су тапшылығының түп тамырын зерттеген. Көршілес Байғанин ауданынан бермен қарайғы Жемнің арнасы тайызданып, тереңдетуді қажет етеді. Бұрынғы дәуірде таудан толассыз ағып жатқан 250-ге тарта бұлақ болса, бүгінде көздері бітеліп, олардың саусақпен санарлық боп қалғаны дабыл қағарлық жағдай. Өздеріндегі су тапшылығын шешіп отыру үшін Жем бойындағы ақтөбеліктер су қоймасын салып алған. Ал Жылыой ауданында ондай су қоры жоқ. Кешегі келмеске кеткен Кеңестер Одағы кезінде аудан аумағында Аралтөбе су қоймасының құрылысын салу жоспарланған-ды. Бірақ неге екендігі белгісіз, ол жоба аяқсыз қалды.

-Сондықтан сол жобаны қайта жаңғырту керек. Аралтөбе су қоймасының құрылыс жобасы менің қолыма тиді. Оны ел игілігіне жаратар деген сеніммен облыс басшыларына табыс еттім. Ендігі алдағы міндет – қаржы көздерін қарастырып, сол игі істі қайтадан қолға алу. Атырау аймағында Жайық пен Қиғаш өзендерінде тереңдету жұмыстарын жүргізген секілді Жемнің де арнасын қазып, бұлақ көздерін аршып, Аралтөбе су қоймасының құрылысын қалпына келтірсек, онда өңірде өзекті мәселенің түйіні тарқатылар еді, - деді С.Еңсегенов.

Өңірдің проблемалық мәселелерімен бірге сенат депутаты өткен жылдан бері Парламент Сенаты арқылы қабылданған жаңа заңдарға да тоқталды. Атап айтқанда, қоғамда қызу пікірталас туғызған бейбіт шерулер өткізу, мұғалімдердің мәртебесін көтерген «Педагогтар мәртебесі туралы», ардагерлер туралы заңдар мен Халық денсаулығы туралы кодекс мен өзге де қолданысқа енген заңдардың өзектілігін атап өтті. Бұл ретте донор аймаққа жататын Атырау облысының өзіндегі күрделі мәселелерден айналып өткен жоқ. Сөз соңынан сенат депутаттығына екі мәрте сайланған Сәрсенбай Еңсегенов өзіне зор сенім артқан аудандық, жергілікті жердегі облыстық мәслихат депутаттарына, жалпы Жылыой жұртшылығына ризашылық сезімін білдірді.

Жылы шырайлы кездесуден кейін аудан әкімі Халел Жамалов пен мәслихат хатшысы Сайлаубай Таласов Сәрсенбай Құрманұлына ел алдында сіңірген еңбегіне алғыс айтып, жылыойлықтар атынан Алғысхат табыс етіп, ескерткіш сыйлықпен марапаттады. Ардагерлер атынан Нұрдәулет Ақназаров сөйлеп, алға қарай да ел игілігі үшін орасан жұмыстар атқаратынына зор сенім артты.

Ербол Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521