ҚОСШАҒЫЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІ САЯН БАСЕЛОВ АУЫЛДАҒЫ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ ЖИНАЛҒАН ХАЛЫҚҚА ӨТКЕН ЖЫЛЫ АТҚАРҒАН ЖҰМЫСТАРЫ МЕН АЛДА АТҚАРЫЛАТЫН ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ ЖӨНІНДЕ ЕСЕП БЕРДІ. ЕСЕП БЕРУ ЖИНАЛЫСЫНА АУДАН ӘКІМІ ХАЛЕЛ ЖАМАЛОВ, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ САЙЛАУБАЙ ТАЛАСОВ, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ МҰХТАР АЙТҚҰЛОВ ЖӘНЕ ДЕРБЕС БӨЛІМ БАСШЫЛАРЫ МЕН ТҰРҒЫНДАР ҚАТЫСТЫ.
Ауыл әкімі баяндамасын өткен жылы болған Бүкілхалықтық санақ қорытындысын мәлімдеуден бастады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қосшағыл ауылында 4 мыңнан астам адам тұрады. Ал тұрғын үйлердің саны 820-дан асады. Ауылда 122 мүмкіндігі шектеулі жан болса, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалар саны – 20. 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 50 мың теңге ақшалай көмек берілген. Сондай-ақ, Қосшағылда жыл басынан бері тұрмысы төмен 34 отбасыға 7 рет қайырымдылық жасалған.
Ауылда ауыз су, жылу, тазалық мәселелері қазір біртіндеп шешімін тауып келеді. Биыл жаңа мәдениет үйі мен балабақша салу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақтау жоспарлануда. Осы нысандар іске қосылатын болса, ауылда жаңадан 75 жұмыс орны ашылмақ.
Ауылдағы денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік пен білім беру, спорт, ауыл шаруашылығы саласы, салық түсімдері, әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылым жұмыстары да баяндамада назардан тыс қалмады.
Есеп беру кезеңі – әкімдердің іскерлігі сыналатын кезең. Ауылда біраз іс тындырылғанға ұқсайды. Маңызды кездесуге халық та өз сауалдары мен ұсыныстарын алдын ала даярлап келетіні анық. Жиналыста ауыл ақсақалы: « Біраз жыл болды, жаңбыр жоқ. Осындай табиғаттың салдарынан ауылдағы ауыл шаруашылығы саласынан да береке кетті. Халық қолдағы бар ірі қарасынан, ұсақ малдарынан айырыла бастады. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, жем-шөп бағасы шарықтап кетті. Қазір бәрі қымбат. Ішіп отырған суымыз, жылуымыз, жарығымыз, киім-кешекті былай қойғанда, күнделікті азық-түлік алуға да кейбір ауылдастарымыздың шама-шарқы жете бермейді.
Халықтың денсаулығы да аса мәз емес. Жастар арасында да, үлкендер арасында да науқас адамдар жетіп артылады. Осындағы емханада саусақпен санарлық дәрігер мамандар жұмыс істейді. Медициналық аппараттар жоқ. Сол үшін аудан орталығындағы емханаға баруымызға тура келеді. Ал онда - шаруасы бітпей шұбырған халық. Кезек өте көп. Біз секілді жасы келген ақсақалдарды кезексіз қарауды қолға алсаңыздар екен. Бұрын соғыс ардагерлеріне біраз жеңілдіктер жасалды. Біз соғысқа бармағанмен, тылда бар қиындықты бастан өткердік, сондықтан бізге де жеңілдіктер қарастырсаңыздар. Оған қоса ауылдағы «Жедел жәрдем» көлігін де ауыстыру қажет. Салдырлап әрең жүр»,- деді.
Интернет пен жарық мәселесі ауылдағы ең өзекті мәселе болып тұр. Есеп беру жиналысына қатысушылардың көпшілігі интернет жүйесін ретке келтіруді талап етті. «Желі жүйелері ескірген. Кабельдерді үйдің шатырына, шарбақтың тұрбаларына, қалай болса солай бекітіп, байлап кеткен. Пандемия басталғалы балаларымыздың бірі үйден онлайн форматта оқыса, кейбіреулері мектепке барып оқиды. Интернет желісінің әлсіздігінен оқушылар сабақ оқи алмайды. Қазір жаңа заман. Тіпті үйдегі теледидарға дейін интернетпен байланысты. Интернет қуаты артса, жарық өшеді. Жарықтың өшіп қалуына «үп» еткен жел де жарап жатыр. Жарық сымдары мен трансформаторларды қайтадан жаңалау қажет. Жаз айларында қапырық, ыстық болады. Ал салқындату жүйесін қосуды мүлде қойдық. Себебі, тоқ көтермейді»,- дейді тұрғындар.
Интернет желісі мәселесіне жауап беру үшін мінберге «Қазақтелекомның» жергілікті мекемесі басшысының міндетін атқарушы Қанат Жақиев көтерілді. Жұмысына жаңадан кіріскен басшының сөзінше, ол келген бетте ауылдық округтерді аралап, жағдайды өз көзімен көріп шыққан. Барлық байланыс жүйесінің ескіріп, тозығы жеткенін байқаған. Соған орай, жыл басында құзырлы орындарға хат жолдап, қажетті материалдарға қаржы бөлуді сұратқан. Егер қаржы бөлінсе, Қосшағылда интернетті жақсартамыз деп отыр.
Ал жарыққа байланысты қойылған сұраққа «Атырау-Жарық» мекемесінің өкілі жауап берді. «Қазір осы ауылда 14 трансформатор орналасқан. Олардың тек 8-і ғана «Атырау-Жарық» мекемесіне қарасты. Қалғаны- жекенің меншігі. Біз өз трансформаторларымызды ауыстырып, жаңаламасақ та, жылына екі мәрте тазалап, ақауларын жөндеп қоямыз. Қиындық жекеменшік трансформаторларда болып тұр»,- деді ол. Ауыл әкімі С.Баселов алдағы уақытта 3 жерге жаңа трансформатор орнатылатынын айтты.
Қосшағыл округіне қарасты Қарағай елді мекеніне газ, су, жарық тарту мәселесі қарастырылуда екен.
Есеп беру жиналысында балалар ойын алаңын көбейту, жол салу мәселелеріне қатысты халық тарапынан біраз ұсыныстар айтылды.
Ш.МҰХТАРҚЫЗЫ