Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумында болашақта мемлекеттік қызметке бизнес, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина, білім және басқа да секторларда табысты еңбек етіп жүрген адамдарды тарту керектігін айтқан болатын.
Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою, азаматтар үшін мемлекеттік қызметтің барынша ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес ҚР-ның «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына және одан туындайтын басқа да нормативтік актілерге тиісті түзетулер енгізілді. Осы өзгерістер мен толықтырулар - мемлекеттік органдардың дербес құрылымдық бөлімшелерінің немесе осы орталық мемлекеттік органның өңірдегі бөлімшелер басшыларын және өңірдегі басқарма басшыларын тағайындауға қатысты. Бұл өз кезегінде жеке сектордан білікті және салалық тәжірибесі бар мамандарды қызметке тартуға мүмкіндік берді.
Нәтижесінде мемлекеттік қызметке жеке секторда басшылық лауазымда қызмет жасаған азаматтардың келуіне жол ашылды. Осындай мүмкіндік аясында өткен жылы Жылыой ауданы мемлекеттік қызметкерлерінің саны жеке сектордан келген бір адаммен толықты. Ол - Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Игорь Лян.
Игорь Вилорьевич өз еңбек жолын «Атырауинжстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының техникалық сұрақтары бойынша орынбасары қызметінен бастаған. Кейін «Атырау МП» ЖШС директорының орынбасары, «Қайсар» Спорт клубының вице-президенті, «Артем» ЖК директоры, Х.Досмұхамедов және С.Өтебаев атындағы Атырау мемлекеттік университеттерінде басшылық қызметтерді атқарған. Сондай-ақ «Nova digital technology» ЖШС-де басқарушы директор болды.
Өткен жылдың сәуір айынан бастап Құлсары қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалып, бұл қызметті осы уақытқа дейін абыроймен атқарып келеді. И.Лян - өз ұлтының кәріс екендігіне қарамастан, отбасында қазақи тәрбие алған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген жігіт. Өз жұмысымен қатар ол волонтерлік қызметпен де айналысады.
А.Теміржанов, аудан әкімі аппаратының басшысы