Қоғамда билік пен халық арасында ашық диалог орнауы қажет. Бұл ел дамуының өзегі болмақ.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында заман талабына сай мемлекет құру үшін, алдымен, азаматтардың барлық өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру қажеттігін алға тартқаны мәлім. Ал заманға сай тиімді мемлекет құру үшін қоғамға бірнеше талап қойылды. Соның бірі - халықпен тиімді кері байланыс орнату. Ал қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару, ең алдымен, мемлекеттік органдардың міндеті екендігі айқын. Сондықтан жақында аудан әкімі Жұмабек Қаражанов аудан тұрғындарымен кезекті жеке қабылдау өткізді.
Онда келген азаматтар, негізінен, жер телімі, әлеуметтік көмек көрсету, көп қабатты тұрғын үйлердің жағдайы, көшелердің тазалығы, жол мәселелері, бейнебақылау камераларын орнату, жұмыссыздық және тұрғын үй кезегі сынды көкейде жүрген көптеген өзекті мәселелерін көтерді.
Аудан басшысы келіп түскен әрбір өтініштерді мұқият қарады. Жекелеген мәселелер бойынша тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Кейбір өтініштер сол жерде шешімін тапса, қалғаны бақылауға алынып, жауапты қызметкерлерге мерзімінде орындау үшін жүктелді.
-Тұрғындармен ашық диалог – тиімді басқарудың маңызды бөлігі. Осындай кездесулер халықтың нақты сұранысын тыңдап, жергілікті деңгейде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді,-деді Жұмабек Байрақбайұлы.
Интернет иірімдерінің игілігін көрсек
Қазір аудан басшыларының тұрғындармен кездесуінде көтерілетін басты проблеманың бірі – өңірдегі интернет иірімдерінің нашарлығы. Бұл мәселе әсіресе ауылдық округтерде өткір тұр.
Осыған байланысты жақында аудан әкімі Жұмабек Қаражанов Құлсары қаласында байланыс және интернет сапасына қатысты тұрғындардан түскен өтініштерге орай “Қазақтелеком” АҚ-ның Атырау филиалы басшысының міндетін атқарушы Е.Сымғалимен кездесу өткізді.
Кездесу кезінде байланыс желілерінің ақаулары, интернеттің жылдамдығы мен қолжетімділігі жайлы мәселелер қозғалды. Е.Сымғали бұл салада аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлы іс-шараларды баяндады. Алға қарай «Қазақтелеком» қызмет сапасының арта түсетіндігіне сендірді.
Аудан басшысы қала тұрғындарының талап-тілектері негізінде нақты тапсырмалар беріп, кейбір мәселелердің шешімін табу мерзімі белгіленді.
Түп тереңдету түнде де жүріп жатыр
Құлсары қаласының ішімен өтіп жатқан Құрсай өзегінің түбін тереңдету жұмыстарының басталып кеткенін газетіміздің өткен сандарында хабарлаған едік.
Бүгінде бұл іс ілгері барып, қарқынды жүргізіліп жатыр. Тереңдетуді өз міндетіне алған мердігер мекеме – «Сап Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арнаулы экскаватор техникаларын өзектің «Достық» ықшамауданы, 7-учаске және Қамыскөл көліне құяр сағасына орнатып, жұмысты бірнеше жерден атқару үстінде. Бұл жоспарлы жобаның межелі мерзімде аяқталуына өз үлесін қосуда.
Серіктестік басшылығы жақында тағы бір оңды шешім қабылдады. Енді арнаулы техника мамандары түнгі уақытта да жұмысты тоқтатпай, түп тереңдету жобасын дер кезінде аяқтау мақсатында уақытпен санаспай еңбек етуде. Бұл бір жағы қазіргідей күннің аптапты ыстығында жұмысшыларға жасалған жайлы жағдай десе де болғандай.
- Осыған байланысты тұрғындардан қауіпсіздік ережелерін сақтауын, балаларды өзен маңында қараусыз қалдырмауын сұраймыз,-делінген аудан әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасында.